Жаратқан жар болып, өмірдің сынағынан сақтары сынбай, мәңгілік ғұмырда жұмақтың жарығына бөленуін тілеймін. Аллаһ Тағала қудси хадисте: «Мен кімнің (мына дүниеде) екі көзін соқыр етіп сынасам және құлым бұған сабыр етсе, ол құлыма екі көзінің орнына ақыретте Жәннатты беремін» дейді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Мұсылманның ісі (өмірі) мені қатты қайран қалдырады. Оның әрбір ісі ол үшін қайырлы әрі жақсылық. Бұл тек мұсылманға ғана тән. Ол бір қуанышқа тап болса, шүкір етеді, (сауапқа кенеледі) сөйтіп, оған бұл қуаныш жақсылық болып жазылады. Ал егер басына бір қиыншылық түссе, сабыр етеді де, (сауапқа кенеледі) сөйтіп, оған қиыншылық та жақсылық болып жазылады»[3]деп, қиыншылықтарға сабыр ету арқылы сауаптарға кенелетінімізді білдірген. Дене мүшелеріне зиян келген, әр түрлі ауруларға шалдыққан адамдар әрбір мүшенің, денсаулықтың қадірін жақсы түсінгендіктен, дене мүшесі сау өзгелерден гөрі Раббыларына көбірек шүкір етеді. Әрбір мүшесінің бағамен өлшенбейтіндей құнды сый екенін өзгелерге де ұқтырғаны үшін сансыз сауапқа кенеледі. Оларды көрген өзге жандар да тәубелеріне келіп, Раббыларына шүкір етеді. Сөйтіп, басқалардың да Раббыларына бет бұруларына, Оның берген нығметтерінің қадірін түсінуіне себеп болғандықтан «Бір іске себепкер - сол істі істегенмен бірдей» демекші, ақыретте күтпеген жерден сансыз сауапқа белшеден батады.