Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қостанай өңірінде де мешіттер саны көбейіп келеді. Соның бірі - бүгін сөз еткелі отырған Рудный қаласындағы Сарыбай қажы атындағы мешіт. Оның Бас имамы Жамбыл облысындағы Меркі медресесінің түлегі Сейіт қажы Нұрқанов. Ол осының алдында «Марал ишан» мешітінде азаншы болып жұмыс істеді. Бас имам Ертай қажы Балахметовтың тәлім-тәрбиесін көрді.
Кеншілер қаласындағы бұл киелі орын қысқа мерзім ішінде салынды. Оны аталған шаһардағы «Архидизайн - 2008» фирмасы, ал мешіттің негізгі демеушісі, әрі оған тікелей ұйытқы болған «Соколов-Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігінің президенті, дін жанашыры Мұхамеджан Турдахунов.
Бір тоқтала кетер жай, мешіттің сырты қандай әсем болса, іші де сондай көз тоярлықтай. Мұнда намаз оқитын екі ерлер және екі әйелдер залы бар. Осы жерден неке залын, балалар оқитын сынып, имамның бөлмесін, есепшілер отыратын орынды да көресіз. Бес айдың ішінде салынып, халықтың игілігіне берілген имандылық ордасы сонадайдан менмұндалайды. Оны тұрғызуға өзбекстандық өз ісінің хас шеберлері айтарлықтай еңбек сіңірді.