Тәуелсіз еліміз Қазақстанның Конституциясында Ислам дінінің елімізде еркін насихатталуына кепілдік берілген. Бұл - мешіттеріміздің халықпен етене жұмыс жасауына берілген үлкен мүмкіндік дер едік. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында айтқандай, енді Ислам тарапынан болатын қауіп-қатер туралы емес, Исламның өзін нақтылы қорғаудың қажеттігін сөз ететін кез келді. Осы ретте Алматы қаласы Бостандық ауданындағы «Орбита» мешіті де асыл дінімізге шама-шарқынша өз үлесін қосуда.
Сөз жоқ, қазақтың мүйізі қарағайдың талай ғалымдарын үлкен жетістіктерге жеткізген шариғи ілім екені бесенеден белгілі. Айталық, алаш азаматының ардақтайтын Абайын халықаралық деңгейде Абай еткен мешіт-медреселік ілім екені жасырын емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсәттар қажы Дербісәлінің бастамасымен еліміздің жер-жердегі мешіттерінде, оның ішінде «Орбита» мешітінде де бұл дәстүр бүгінгі таңда жалғасын тауып келе жатыр деуге негіз бар.
Жаздың соңғы айында қасиетті Рамазан айы басталғаны белгілі. «Орбита» мешіті бұл айды үлкен дайындықпен қарсы алды. Ораза басталмас бұрын Алматы қаласындағы бірқатар автопарк басшыларының келісімімен «Рамазан айы құтты болсын!» деп жазылған құттықтау қағаздар қоғамдық көліктерге ілінді. Ораза күндері мешітімізде бір ай бойы келген жамағатқа ауызашар берілді. Рамзан айының алғашқы 20 күнінде қари Алымхан Хасанханұлы арнайы шақыртылып, тарауих намазында хатым Құран оқылды. Хатым Құран қыркүйектің 9-ында аяқталып, бұл игі іске ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы, «Иман» журналының бас редакторы О.Өмірбек, ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Ә.Дәуренбеков және діни істер бөлімінің меңгерушісі М.Ақтамберді келіп, мешіт жамағатына құттықтау сөздерін айтып, баталарын берді. Осы ретте мешітіміздегі мың айдан қайырлы түн - Қадір түнін ерекше атап өту орынды. Қасиетті қадір түні мешітімізде инешаншыр жер қалмады. «Орбита» мешітінің бас имамы Асан Әбдіқұлұлы Қадір түні туралы айтқан әсерлі уағызын ішке сыймаған жұрт далада тыңдады. «Асыл арна», Қазақ радиосы т.б. бұқаралық ақпарат құралдарынан мешіттегі игі іс-шаралар тікелей эфирде халыққа тарап жатты. «Нұр Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінен арнайы келген қонағымыз Құран пәнінің ұстазы, доктор Жундидің уағызын тыңдаған қалың көпшілік айрандай ұйыды. «Айқын» газетінің бас редакторы, журналистика саласының майталманы Нұртөре Жүсіп жиналған жұртпен ораза туралы ой бөлісті. Ол өз сөзінде Ислам дінінің әлемдік дін ретінде қалыптаса бастағанын қадап айтты. Мешітімізге арнайы ат басын тіреген «Президент және халық» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы-журналист, отбасы туралы бірнеше кітаптың авторы Марат Тоқашбаев та «Орбита» мешіті туралы тебіренісін әсерлі жеткізді.
Қауырт жұмыстарына қарамастан мешіт жамағатын Қадір түнімен құттықтап кетуді елімізге танымал журналист, «Хабар» телеарнасы спорт жаңалықтарының жүргізушісі Аменгелді Сейітханов та құп көріпті. Ол жүрек жарды лебізінде Қазақстанның, қазақ халқының иманды ел болуын Алладан сұрады. Күллі мұсылманға екі дүниенің бақытын тіледі. «Орбита» мешітінде қадір түнін өткізген жамағат үшін бұл түн әсерлі өтті. Келген жамағатқа сәресі берілді. «Орбита» мешітінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қадыр түніне арналған бағдарлама жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты.
Мешіт айналасының күн санап жайнап келе жатқанын да тілге тиек еткен жөн. Мұнда мешіт жаңалықтары, хабарландыру ілінген арнайы ақпарат тақтасы орнатылған. ҚМДБ тарапынан шығатын «Ислам және өркениет» газетінің әр жаңа санын осы ақпарат тақтасынан оқуға жағдай да жасалған. Бес уақыт намазға келетін жамағат үшін намаз уақыттары орнатылған сағат тақтайшасы да бар. Мешіт алдындағы гүлдер де көздің жауын алады.
Бәрінен бұрын өзге мешіттердегідей, «Орбита» мешіті де өз жамағатының көптігімен ерекшеленеді.
«Орбита» мешітінің баспасөз қызметі.