Ол – мәшһүр тақуа. Уайс бин Амир бин Жуз бин Малик Мұради Қарани. Пайғамбарымыздың ﷺ дәуірінде өмір сүріп, бірақ дидарласа алмаған табиғин. Куфада өмір сүрген және сол шаһардың ең үлкен табиғин ғалымдарының бірі.
Жалпы, табиғиндердің ең абзалы деп те айтады. Кейбір ғалымдар ең абзал табиғин – Сағид бин Мусайяб десе, кейбірі – Хасан Басри, үшінші біреулер Уайс Қарани дейді. Бағзы ғалымдар ең білімді табиғин – Сағид бин Мусайяб, ал ең тақуасы – Уайс Қарани деген тоқтамға келген. Уайс бин Амир Йеменде туып-өскен, кейін Куфаға көшіп келіп, Әли бин Әбу Талибтің серіктерінің бірі болады.
Ибн Сағд өзінің «Табақат» еңбегінде Уайс Қараниді табиғиндердің бірінші буыны қатарына ендірген. Имам Муслим хадис еңбегінде Уайс Қаранидің қасиеті жайлы тарау бар, онда: Омар бин Хаттабқа Йемен жұртынан кісілер келеді. Халифа олардан араларыңда Уайс бин Амир деген кісі бар ма деп сұрайды. Қараниді көргенде: Сен – Уайс бин Амирсің бе?,-деді. Иә. Мұрад, сосын Қаран руынан ба,-дейді. Иә. Сенде алапес ауруы болды, сосын одан айықтың, бірақ бір күміс теңгедей жеріңді қалып қойды, солай ма?,-дейді. Иә. Сенің анаң бар ма? Иә. Мен Алла елшісінен: Сендерге Уайс бин Амир Йемен жұртымен бірге келеді. Ол Мұрад және Қаран руынан. Ол алапеспен ауырып, айыққан. Тек теңгедей жері қалып қойған, оның анасы бар. Алла Тағаладан бір тілек сұраса, сол тілегін Алла береді. Егер одан өзің үшін Алладан истиғфар сұратуға мүмкіндігің болса, солай ет,-деп айтқанын естіп едім. Мен үшін истиғфар етуіңді сұраймын,-дейді. Уайс Қарани да дұға жасайды.
Әрбір адамның Алла Тағалаға жақындауының өзіндік ешкімдікіне ұқсамайтын жолы бар. Біреу түнгі намаз арқылы Құдайға жақындай түседі. Біреулер сәресі уақытында дұға-тілек жасаумен сол мәртебеге жетеді. Ал, біреу Алла Тағаланың құдіреті жайлы пікірлеуді мақсатына себеп етеді. Уайс Қарани жаратылыс пен тіршілікке зер салу арқылы Алла Тағаланың шеберлігі мен құдіреті жайлы пікірлейтін. Адамдардың күнде көрсе де аса мән бермейтін дүниелерінен Жаратушының аса құдіретті де, ерекше шебер екенін көріп, иманның ләззатына бататын.
Пікірлеу де құлшылық. Осы құлшылығы оның мінез-құлығына жаңа өң беріп, айналасындағы адамдарға ғажайып әсерін тигізді. Басқаша айтқанда, оның жүріс-тұрысы, яғни кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы және анасына деген перзенттік қызметі басқалардың ауызбен айтқан насихатынан әлде қайда көбірек пайдасын тигізе білді.
Уайс Қараниге келіп насихат сұрайтын кісі көп болатын. Соның бірі Мұрад руынан бір кісі келіп аман-саулық сұрасқан соң: Ей, Уайс халың қалай?,-дейді. Аллаға шүкір, жақсы. Заман жайлы не айтасың?,-дейді әлігі кісі. Уайс: Кеш батса таңға жетуінен бейхабар, ал таңы атса кешке дейін өмір сүретініне кепілдігі жоқ кісіден не сұрайсың? Ей, бауырым! Өлім мұсылманға ешбір қуаныш қалдырмайды. Ал, мұсылманның Алла Тағаланың құқығын жете тануы оның дүние жинауына мұрсат бермейді. Ей, мұрадтық бауырым! Турасын айтсаң туғаныңа жақпайсың дегендей Алланың әмірін айтамын деп дос атауынан айырылдым. Жұртты жақсылыққа шақырамын. Жамандықтан қайтарамын, бірақ олар мені өздеріне дұшпан, жау санайды. Тіпті, жақтырмағаны соншалықты жерде жатқан сүйекпен ұрды. Бірақ, мұның ешбірі Алланың сөзін жеткізуіме кедергі бола алмайды»,-деген екен.
Һижраның 37-жылы халифа Әли бин Әбу Талиб әскерінің сапында Сыффин шайқасына қатысады. Шайқаста қырықтан астам жарақат алып шейіттік мәртебеге жетті.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру