Адамзат қоғамы қалыптасқан кезеңнен бері заман үрдісіне үлкен өзгерістер еніп, рухани-моральдық құндылықтарға да ықпалы тиді. Жаһандану деп аталатын үдеріс жақсылы-жаманды құбылыстарды қоса әкелді. Діни идеология мәселесі де бұл алаңнан тысқары емес. Белгілі исламтанушы, теология ғылымының докторы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Алау Әділбаев ғаламдық идеологиялық күресте қазақ халқының төл діни танымын насихаттаудың жаңа жол-жоспарын ұсынып, ел руханиятын дамыту туралы пікірлерімен бөлісті.
– Алау Шайқымұлы, бүгінгі әлем тұтастай жаһанданудың жаңа белесінен асып, ғаламдағы оқиғаларды үстел үстінде көретін жағдайға жеттік. Ақпараттың жылдамдығы құбылыстың ақ-қарасын тануға кей кездері мүмкіндік бермей жатады. Радикалды ағым идеологиясының осы сәттегі қауіп-қатері қандай? Оның ішінде Қазақстанның діни радикалды идеологияға қарсы іс-қимылы неден басталуы керек?
– Бүгінде ақпараттық техника мен технология шапшаң дамып, жаңа жетістіктердің нәтижесінде мемлекеттік шекаралармен ғана шектелмей ғаламдық деңгейде жүріп жатқан жаһандану үрдісі өзіндік игіліктерімен қатар, қауіптерін де қоса әкелгені жасырын емес. Жаһандану үрдісінде үстемдік етіп отырған батыстық мәдениеттің ықпалы көптеген ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді қайта қарауға мәжбүрлеуде. Дін – мәдениеттің ең негізгі құрамдас бөлігі. Осы тұрғыдан алғанда дін де қауіп-қатер төндіретін факторлардан жырақ қала алмайды. Кеңестік кезеңде қарқынды жүргізілген материалистік (атеистік) идеологияның нәтижесінде адамдар «дін мүлдем адам санасынан өшіп кетеді» деп ойлап, соған сай саясат жүргізді. Алайда адамның дегені емес, Алланың жазғаны жүзеге асып, кеңестік темір құрсау құлап, соңғы ғасыр «діни ренесанс ғасырына» айналды. Әлемде діннің ықпалының артатынын бажайлай білген кейбір ойпаз-стратегтер тіпті «мәдениеттер қақтығысы» теориясын алға тартып үлгерді. Сондықтан да «саналар» үшін жүріп жатқан ақпараттық майданда біз де заманның ағысын назарға ала отырып, дін саласында да жаңа бағыт-бағдар белгілеуіміз қажет.
Баршаңызға белгілі, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты даму атты мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп әрбір салада өзіндік жаңғыру жұмыстарын жандандыру қажет екенін айрықша атап өткен еді. Демек, бұл – рухани жаңғыру жұмыстарында дәстүріміз мен қазіргі қоғамда қалыптасқан құндылықтарды үйлестіре отырып, рухани дамудың жаңа белестерін бағындыру деген сөз.
Қазақстанның бүгінгі өмірінде ислам факторы үлкен мәнге ие. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін діни радикалды топтардың белсенділігі де алаңдатпай қоймайды. Соңғы жылдары әлемде орын алған түрлі лаңкестік оқиғалардың барлығы БАҚ құралдарында исламмен байланыстырылып, күллі әлемде исламофобия адамдар санасына сіңіріліп жатқаны бәрімізге мәлім. Осылайша діни экстремизм мен терроризм секілді тақырыптар жаһандық мәселеге айналды. Бұл үдеріс біздің еліміздегі діни жағдайға да өз салқынын айтарлықтай тигізіп, ең негізгі мәселелердің біріне айналды.
Қазіргі таңда қазақ мемлекетінің тұтастығына басты қауіп шеттен келген радикалды ағымдар әрекетінен туындап отыр. Қазақ халқының ғасырлар бойына қалыптасқан діни-рухани көзқарасы мен мәдени мұралары осы ағымдар тарапынан мансұқталуда. Қазақ қоғамы әртүрлі діни көзқарастарға бөлініп, топ-топқа жіктеле бастады. Бұл еліміздің діни тұтастығына қарсы бағытталып отырған үлкен қауіптердің бірі. Өкінішке қарай тарихы мен дәстүрін, ділі мен дінін жақсы білмейтін жастарымыздың көбі «таза ислам» ұранына алданып, діни радикалдардың арбауына түсіп, алданды. Кейбірі тіпті өз елін тастап «жихадқа» (иә, бұл сөзді әдейі тырнақшаның ішінде айтып отырмын) кетсе, енді бірі бұл елде ислам мүлдем болмағандай жергілікті жамағаттың діни дәстүрлерінің барлығын «бидғатқа балап», ширкке шығарды. Өз кезегінде ел бірлігі мен діни тұтастыққа қауіп төндіретін мұндай кері тартпа пікірлерге тосқауыл қоя білу үшін күш қолдану арқылы күресу жемісті нәтиже бермейді. Сондықтан да мұндай идеологиялық қатерлерге ғылыми тұрғыдан жауап беруіміз қажет.
– Әлемге төрт мектеп арқылы кең тараған ислам дінінің қазақ елі үшін де алар орны ерекше екені белгілі. Жат ағымдарды ауыздықтау үшін қалыптасқан рухани бағытымызды айқындап, маңызын арттыруға күш салуымыз керек шығар?
– Иә, кез келген халықтың мәдениеті, өмір-салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде діннің және соның негізінде қалыптасқан діни түсініктің алар орны жоғары. Ал, қазақ халқының діни санасының қалыптасуында ислам дінінің, оның ішінде сунниттік ханафи мәзһабының рөлі бір бөлек. Осы тұрғыда ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі діни сүниттік-ханафи мектебіміздің даму тарихы, ғылыми негіздері, өміршеңдігін қамтамасыз еткен ұстанымдары мен қазіргі кезеңде оны дамытып, жүйелеудің бағыт-бағдарын айқындау мәселе. Сондықтан да Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасау қажет. Жинақталған ғылыми мәліметтер негізінде Қазақстан Республикасының рухани біртұтастығын сақтау, сондай-ақ, қоғамдық бірізділікті қамтасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап, пайымдау арқылы іргелі ғылыми еңбектер жазу мемлекет тарапынан тікелей қолға алынып, білікті мамандарды тарту арқылы кең көлемді ғылыми жоба жасау – кезек күттірмейтін іс. Бұған біздің ғылыми һәм идеологиялық базамыз жетерлік.
Елбасы 2012 жылғы жолдауында дін мәселесінің қоғамымызда қаншалықты өткір тұрғандығын айта келе: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек» деп ғасырлар бойы осы ханафи мәзһабы мұрасы незінде қалыптасып, қанымызға сіңген діни түсінігіміздің маңыздылығын да атап өтті. Осы жолдауында «..Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп діни ұстанымымыздың қай бағытта жүргізілуі тиіс екендігін белгілеп берген болатын. Расында қазақ елінің діни санасының қалыптасуында сүнниттік ханафи мәзһабы ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Осы мәселені біз өзіміздің діни «ішкі» сүзгі ретінде қалыптастыруымыз міндет. Онсыз біз сырттан келіп, еліміздің тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдарға қарсы тұра алмаймыз.
– Соңғы кездері діндар жамағат арасында сенім түсініктері, діни мәселелер төңірегінде де пікір қайшылықтары жиі кездеседі. Бұны бірізділікке түсіру үшін не істемек керек?
– Расымен, діндар жамағат арасында құлшылықтан бөлек, ақида мәселелері де қызу талқыланып, оның арты бөлінушілікке себеп болуда. Қазақ халқы үшін дәстүрлі саналатын ханафи мәзһабы, сенімдік тұрғыдан матуридия мектебін ұстанады. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасында: «ҚМДБ Ислам дінінің сунниттік бағытын, оның ішінде имам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Сенім, иман мәселелерінде имам Матуриди ақидалық мектебінің жолын ұстанады», –деп, еліміздегі ханафи мазхабы мен матуриди сенім мектебінің маңыздылығын атап көрсеткен болатын.
Осы ұстанымды мен кез келген жерде айтып келемін және әрдайым айта беру керек және сол бағытта нақты қадам жасауымыз қажет деп санаймын. Қазақ халқы – ислам дінін қабылдап қана қоймай, ислам өркениетіне өзіндік үлес қоса білген, мәдени мұрасының тамырлары тереңде жатқан халық. Бұл айтылғандардың бәрі жалаң сөз ретінде қалмауы тиіс.
Сондықтан да біз өзімізге тән, діни санамызға сіңісіп кеткен төл діни мектебімізді қайта жаңғырту жолында жоба жасауды ұсынамын.
Жобаның негізгі мақсаты дәстүрлі ислам түсінігі мен ұлттық мәдениеттің өзара ықпалдастығының алатын орнын, бұрынғы тарихи кезеңдердегі ұлттық идеяның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін, дін қайраткерлерінің идеологиялық ұстанымдарының мемлекетпен өзара байланысын және дәстүрлі мұсылман қазақ қоғамының ұлттық тұтастығын қалыптастырудағы өзіндік орнын анықтау болып табылады.
Осы жоба аясында қазақ жерінен шыққан ғалымдардың ислам ілімдерін дамытудағы, насихаттаудағы қосқан үлесі мен орнын анықтау, олардың бағыттарын көрсету, көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығына шолу жасап, еңбектерін саралап, ауқымды мұраларының ғылымда теориялық, практикалық маңызына баға беру, бүгінгі дәстүрлі ислами ұстанымды орнықтыруға септеу, олардың мұраларын таныту, насихаттау, Қазақстанның төл исламтану ғылымын қалыптастыруды ғылыми тұрғыда негіздеу, концепциясын (ұстанымын) жасау қажет.
– Бұл жоспарыңыз бүгінгі қазақ қоғамындағы діни таным-түсінікті қалыптастыруы үшін жан-жақты зерттеуді, кешенді талдауды қажет ететін секілді. Жаңа жобаға сай қандай нақты мәселелер қолға алынады?
– Жоба негізінде мұсылман қазақ қоғамының орта ғасырлардан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи дамуындағы ислам дінінің (ханафи мәзһабы) ұстанымдарын жан-жақты зерделеу жоспарланады. Онда көзделген бағдарламаны жүзеге асыру үшін шешілуі тиіс мәселелерді тізбектесек, мынадай:
1. Орталық Азия мен Қазақстан аумағына ислам дінінің таралу, орнығужәне даму кезеңдерін зерделеу, ислам дінінің орнығуына негіз болған саяси, әлеуметтік, рухани факторларды саралау;
2. Қазақстан жерінде исламның таралу тарихын тарихи, әдеби, діни мұралар, архив құжаттары, салт-дәстүр негізінде кешенді түрде зерттеу арқылы қазақы танымның қалыптасуындағы ислам діні және ислам цивилизациясының рөлін ашып көрсету;
3. Ислам тарихындағы сунниттік теологияның негізін қалаушы ең көрнекті тұлғалардың бірі, түркі мұсылман жүртшылығының діни танымы мен түсінігінің қалыптасуына ықпал еткен Имам Ағзам Әбу Ханифа, ортаазиялық ғұлама Имам әл-Матуридидің және түркі мұсылмандарының ұстазы атанған Ахмет Йасауи өмірі мен шығармашылығын ғылыми әрі танымдық тұрғыда кең насихаттау;
4. Қазақстан аумағында Әбу Ханифа мәзһабының таралуы мен орнығутарихын зерттеу, оның мұсылман қазақ қоғамындағы даму кезеңдерін, идеологиялық орталықтары мен мектептерін айқындау, ханафи мәзһабы шеңберінде қазақстандық дін ғалымдарының еңбектерін анықтау әрі жинау;
5. Ұлттық ой-сана мен рухани ұғымдар, салт-дәстүр және заңнамалардыңдамуына әсер еткен ислам діні құндылықтарын бағамдау, оның тарихи-хронологиялық кезеңдерінде орын алған ерекшеліктерді екшеу;
6. Ұлттық, тарихи, мәдени ерекшеліктерді ескере отырып қазақ халқының тарихындағы дәстүрлі мұсылмандық білім берудің орны мен рөлін анықтау;
7. Дін ғұламаларымен бірге муфти, ахун, мүдәрріс, қазы, хәзірет, абыз, пір, ишан, сопы, жырау және т.б.дін қайраткерлерінің қоғамдық қызметтері туралы мәліметтерді жинақтау,дәстүрлі ислам негізінде олардың өнегелік іс-әрекеттері мен қызметтерін саралау;
8. Бұрынғы және қазіргі кезеңдегі дәстүрлі исламның Қазақстандағы ұлттық тұтастық қалыптастырудағы рөлі мен ықпалын зерттеу; Қазақстандағы ұлттық мәдениеттің дамуы мен қайта жаңғыруындағы дәстүрлі исламның ықпалын зерделеу;
9. Исламтану бағыттында іргелі зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне мейлінше қолайлы жағдайлар тудыру;
10. Аталған мектептің ой-пікірлерін, ұстаным ерекшеліктерін, әдістемелерін ашып көрсету қажет. Осының нәтижесінде радикалды діни түсініктер мен ұстанымдардың теологиялық тұрғыдан жаңсақтықтары айқындалады;
11. Қазақ жерінен шыққан ғалымдардың ханафи мәзһабы мен ақидалық мектепке, түркі-мұсылман жұртшылығы арасында жоғары адамгершілік нормалар мен діни сананың орнығуына үлес қосқан, сопылық тариқатқақосқан үлесін баса көрсету; Өз кезегінде бұл қазақ халқының мұсылмандық түсінігінің тереңде жатқандығын, дәстүрлі түсінігінің қуаттылығын көрсетеді. Осының нәтижесінде радикалды діни идеологияларға қарсы діни иммунитет қалыптастыруға жол ашылады;
12. Аталған мектеп өкілдерінің қазіргі қазақ діни ортасында дау тудырып жүрген мәселелерлерге қатысты ұстанымдарының ерекшеліктерін айқындау, муташабих аяттарға, Жаратқанның «мекені», иманға байланысты ұстанымдары, дәлелдері сараланады. Нәтижеде «таза ислам» ұранын желеу еткен сәләфилік ағым өкілдеріне Құран мен сүннетке негізделген сунниттік танымның теологиялық ұстанымдарының дұрыстығын көрсету қажет;
13. Ханафи-матуридилік мектеп ұстанымдарының қазақы діни түсініктің қалыптасуына тигізген ықпалын көрсете білу мақсатында Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараш, Ақан Сері, т.б. секілді қазақ ойшылдары еңбектеріндегі көріністерінен мысалдар молынан келтіру.
– Идеология тартысы күшейген әлемде дәстүрлі діни платформамыздың нығая түсуіне бағытталған осындай жүйелі жоба біздің қоғам үшін де аса қажет. Ұсынып отырған жоба ел руханиятын жаңғыртудың жаңа жолы болады деген сенімдеміз.
– Жоба негізінде діндар жамағат арасында төзімділікке негізделген діни түсініктің күшеюіне жол ашылып, бұл елдегі діни бағыттың дұрыс дамуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясы жасалады.
Зерттеу жұмысындағы мәліметтер мен жасалынған қорытындылар теріс діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтаруға және Қазақстандағы мұсылмандық тұтастықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Зерттеудің нәтижелері негізінде жасалған ғылыми ұсыныстар ұлттық идеяның қалыптасуы мен қазіргі отандық ислами жүйені қайта құру, отандық исламтану мектебі негізінде дәстүрлі исламның идеологиялық платформасын айқындайды.
Ел болып қолға алған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да тарихи сабақтастықты үзбеуге, ұлттық құндылықтарымызды, рухани тұтастықты сақтауға арналғаны баршамызға мәлім. Тағы да Елбасымыздың сөзімен айтсақ, «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Біздің ұлттық кодымыздың негіздерінде ислам дінінің құндылықтарының жатқандығы жасырын емес. Сондықтан да тарихи сабақтастықты сақтай отырып, өзіміздің жаңа мұсылмандық келбетімізді айқындауымыз қажет деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру