Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЙША КЕҢЕСБАЙ: ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕ БІР-БІРІМІЗДІ САҚТАНДЫРУ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

Мөлдір Жұмабек muftyat.kz 28.06.2021 7129 0 пікір
АЙША КЕҢЕСБАЙ: ҚАЗІРГІ КЕЗЕҢДЕ БІР-БІРІМІЗДІ САҚТАНДЫРУ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік сананы қалыптастырудың тиімді құралына айналды. Медиа арқылы түрлі  діни ақпараттар, бейнелер, идеялар да таралып жатыр. Осы орайда діни ақпарат тарату мен тұтыну мәселесі жөнінде исламтанушы-журналист, гуманитарлық ғылымдар магистрі әрі Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз хатшысы Айша Кеңесбаймен сұхбаттасқан едік.

БАҚ-тағы  дін турасындағы  ақпараттар «діни стереотип» қалыптастырып жатқан жоқ па? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

Біздің еліміз зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан, ақпарат құралдарын зерделеп, сараптайтын тиісті мекемелер бар. Алайда қазіргі жаһандану кезеңінде ашық қоғамда адамдарды өздерінің қатарына қосу үшін бағытталған діни сайттар, әлеуметтік желілер бір кездері қарқынды жұмыс істеді. Қазіргі уақытта  адамдарда, қоғамда ақпарат алу еркіндігі бар. Соның нәтижесінде тыйым салынған сайттарды тыңдап, соны дұрыс көріп, діни тұрғыдан адасып кеткен азаматтар баршылық. Сирия еліне кеткен қаншама отандастарымызбен сұхбаттасып, тілдескен кезде ақпараттарды ғаламтордан, әлеуметтік желілерден де алғандығы белгілі болды. Яғни адамдар көбіне  өздерінің рухани бостығын алғашқы кездескен ақпаратпен толтыру арқылы соны дұрыс деп есептейтіндіктен, бұл өз кезегінде адасушылыққа апарады. Өйткені дінге байланысты негізгі іргетасы, түсінігі әу баста теріс қалыптасқандықтан олар өзінікін ғана дұрыс деп есептеп, өмірді сол дүниетанымымен өлшеді.

Сондықтан да БАҚ-та кездесетін кез келген діни ақпаратты қанша жерден жанға жағып тұрса да дұрыс деп көзсіз еріп кете беруден абай болған абзал. Біздің мемлекетіміз әлеуметтік желілерде барынша еркіндік беріп отырғандықтан оны дұрыс бағытта қолданып, бағалай білуіміз, ақпаратты сүзгіден өткізіп дұрыс қабылдай білуіміз өте маңызды. Сол себепті кез келген деректі қабылдай беруден тартынып, тек сенімді ақпарат көздеріне жүгінуіміз қауіпсіз болар еді.

Қазір кей журналистер өз жұмысының көп қаралым жинауы үшін тақырып арқылы оқырманның назарын аударғысы келеді. Рейтинг, «хайп» үшін жасалатын мұндай әдіс қаншалықты орынды?

Бұл жерде ақпарат таратушының ниетіне байланысты болса керек. Ақпаратты берер кезде оның қоғамға, адамдарға пайдасы бар ма, жоқ па деп саралап, орын алған мәселенің шешімін табуға тырысса қанекей. Жалпы дін ұстанғандарды теріс етіп көрсету арқылы кім не ұтқысы келетінін кім білсін? Бірақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзге мұсылмандар қолы мен тілінен жәбір көрмеген адам – нағыз мұсылман» деп шынайы мұсылманның бейнесін сипаттап кеткен.  Сондықтан ақпарат таратушы жауапкершілігін сезінсе, әлдеқайда салмақты дүниелер жазар еді.

Жалпы журналистикада сенсациялық материалдармен жұмыс істеу жиі кездеседі. Бірақ жерден жеті қоян тапқандай дабылдатпай-ақ ақты ақ, қараны қара етіп көрсету арқылы мәселенің шешімін табуға тырысатын да әріптестеріміз бар және олардың абыройы да өміршең. Қазір тек журналист емес, кез келген қолында телефоны бар, әлеуметтік желіде белсенді адамның өзіндегі жауапкершілікті сезінуі өзекті. Әрине «атың шықпаса, жер өрте» деп көп қаралым жинау арқылы табысқа кенелуге құмартушылар көбеймесе, азаймайтындай. Бірақ ол оған хайырлы ма, жоқ па? Мінеки, осындай сауал туындайды. Харам және халал мәселесі ішіп-жем, табыспен ғана шектелмейтін өте ауқымды тақырып. Қазіргі инфобизнестің өзін ғана алсақ, егер әлеуметтік желі арқылы миллиондап күреп тауып жатқанымен, ол  ақпараттан бір адам зардап шексе, дініне, сеніміне кілтипан кірсе, демек оның адасуына ықпал ету деген сөз. Ал біреуге зарар келтіруге дінімізде рұқсат жоқ. Сол үшін біз, ең алдымен, жасап жатқан ісіміз адал ма, арам ба деп ойланып, тіпті маман иелерінен кеңес алып, сосын әрекет етсек, бұл да азаятын шығар.

Діни жаңалықтарды тарату сипаты өзгерді. Бұрындары дін туралы жаңалықтар тек дін өкілдерінің өкілеттілігінде болса, қазір дінге қатысты ақпаратты БАҚ-нан және әлеуметтік желіден табуға болады. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Діни ақпаратты кез келген адам таратуға, уағыз-насихат айтуға тыйым салынған. Бұл елдегі адасушылықтың алдын алу үшін қауіпсіздік мақсатында  белгілі бір рұқсат етілген мамандар ғана дін тұрғысынан сөйлеуге хақылы. Қазір  әлеуметтік желіде «бір дұғаларды айтсаңыз, пайда табасың» деп діни мәліметтерді ұсыну көптеп кездесіп жатады. Бұл жалған ақпарат болып қалуы да мүмкін. Сондықтан оқырманға да сауатты болуға тура келеді. Неше түрлі көздің жауын алатын маркетингтік жобамен «аз уақытта белшеден табыс табу» дегеннің барлығына құлдық ұрып, не берсе, соны жұта беру де – мешкейліктің сипаты. Оқырман, көрермен деңгейі солай болса, оны оңай пайдаланып кететін пысықайлар қашанда аз емес. Сондықтан қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу, сергек санада болуы ондай олқылықтарға жол бермес еді. Әрине, барлығымыз дерлік білімпаз емеспіз. Дегенмен медиа заманында Ислам дініне қатысты ақпаратты ҚМДБ-ның ресми сайттары мен газет-журналдарынан, әлеуметтік желідегі парақшаларынан және діни сұрақтардың да жауабын имам-ұстаздардан алған жөн деп есептеймін. Алла Тағала Құрандағы «Нахл» сүресінің 43-аятында: «Егер білмесеңдер, онда білім иелерінен сұраңдар!» деген. Сондықтан  бір мәселені  білмей жатсақ, сол саладағы білім иесінен сұрау қажет.

– Негативті жазбалар, ақпараттар азаматтардың адамгершілік-моральдік құқықтарының тапталуына  түрткі болып жатады. Дінімізде бұған не дейді?

– Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсылық жасауға себепші болған адам, сол ізгі амалды жасаушымен тең» деген. Егер қандай да бір жақсы іс-әрекетке себепші болсаңыз, адамдар сізді тыңдап, сізге ерсе, сол жақсылықтың сауабы  әуелгі таратушы адамға жазылады. Сол сияқты қандай да бір жамандыққа, не бір бүлікке, теріс ақпараттың таралуына себепші болсаңыз, соның себебінен жамандық жасаушылардың күнәсі әуелгі таратушыға жазылады. Яғни бұрыс ақпараттың нәтижесінде біреу әділетсіздікке ұшыраса, оның обалы негативті ақпаратты таратушы адамға тікелей тиесілі.

Әрине, «адам өзі ойланбай ма, мен мәжбүрлемедім» деп те ақталуға тырысқанмен, бес саусақ бірдей емес. Біреудің ойлау қабілеті жай, біреудің болмысы сенгіш, бәлкім психологиялық тоқырау сәтіне сәйкес келген сәттер болуы мүмкін. Мәселен, WhatsApp желісі арқылы танысы болып хабарласып, жедел ақша сұрап қанша адамды сан соқтырған алаяқтар көбейіп кетті. Сонда бір құрбымыз өзі қарбалас халде тұрғанда танысым екен деп алаяқтың арбауына түсіп, 70 мың теңгені телефон арқылы аударып жіберген. Сол жайлы елді сақтандыру үшін пост жазып едім, оған түрлі пікірлер жазылып, сонда «ойланбай ма, не деген ақымақ» деген сияқты жазғырулар да болды. Ал ол алданған келіншек өте сауатты, кәсіпкер, бірақ адамдардың барлығына жанашыр қасиеті бар. Оны ақымақ деп айту да ақылға сыйымсыз. Балық та судың сыртында тіршілік барынан бейхабар ғой. Қазіргі кезеңде бір-бірімізді сақтандыру ауадай қажет. Сол үшін біз барлығымыз өзіміздің ісімізге, сөзімізге жауапкер екендігімізді ұмытпауымыз керек. Сөзіміз арқылы басқа біреудің хақысына кіріп кетпейік. Қасиетті Құранның «Зілзәлә» сүресінде«Сонда кім тозаңның түйіріндей жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал енді кім тозаңның түйірі салмағындай жамандық істесе, оны да көреді» делінеді.              

– Дін тақырыбындағы ақпараттың қате берілуін алдын алу үшін журналист ретінде қандай кеңес бересіз?

– Жақсылыққа өзіміз үлгі бола білсек деймін. Біз өзіміз қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, қоғам – біздің айнамыз. Қандай жағдай болмасын жақсылықтың жаршысы, жақсылықтың жақтаушысы болуға міндеттіміз. Егер де бізге негативті іс-әрекеттер қолданып жатса, бізге Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  өнегесі көп. Қаншама зәбір көріп жатса да, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Бұлар менің пайғамбар екенімді білмейді ғой. Егер білсе, бұлай жасамас еді. Оларды кешіре көр» деп өзгемен өштеспей, қайта кешірім тілеген болатын. Хадисте де мұсылманның мұсылға жасаған дұғасы қабыл екенін айтқан. Өзгеге жасаған дұғамызбен де жақсылыққа себепші болып жатсақ, бізге де, өзгеге де Алланың берген үлкен нығметі. Сондықтан қандай жағдайда да жақсылықтың көзі болуға талаптануымыз маңызды.  

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Мөлдір Жұмабек,

«Тұран» университеті, Журналистика факультетінің 4-курс студенті

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру