Біздің, яғни имамдардың қоғам алдындағы негізгі жұмыстарының бірі – жамағатты жат ағымның ықпалынан сақтандыру, осы бағытта мейлінше ақпараттық-насихаттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл мәселені дер кезінде ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти лауазымына сайланған сәтте мүфтият жанынан Діни оңалту бөлімін ашып, аталған бөлім жұмысына серпін беріп келеді.
Естеріңізде болса, жыл басында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият 2022 жылы жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін мәлімдеп, имамдарға бағдарлық баяндамасын жолдаған болатын. Атап айтқанда, ол – діни білім және ғылым; уағыз-насихат және ихсан; дін мен дәстүр; ақпарат және ағарту; қоғаммен байланыс; уақып және қайырымдылық; діни оңалту бағыттары.
Бүгінде Бас мүфти бастаған Ғұламалар кеңесінің мүшелері, елімізге танымал ұстаздар мен ғалымдар аймақтарда кешенді кездесулер өткізіп, жат ағымның жетегінде кеткен азаматтармен жеке сұхбаттасып, нәтижелі жұмыс жасауда. Аллаға шүкір, кешенді кездесулердің нәтижесінде бірнеше азамат радикалды діни райынан қайтып, төл мәзһабымызға оралуда. Осы тұста ақпарат ретінде айта кетер жайт, деструктивті діни ағымдар идеологияларының таралуына қарсы жалпы профилактикалық іс-шаралар аясында өткен жылы 9 054 676 адамды қамтыған 10 782 іс-шара ұйымдастырылды.
ҚР ІІМ ҚАЖК түзету мекемелерінде 2193 адамды қамтыған 2756 жеке ықпал ету акциясы ұйымдастырылды. Атқарылған акциялар нәтижесінде 114 жазасын өтеуші азамат дәстүрлі Ханафи мазһабына өтті, сондай-ақ, жазасын өтеуші 120 азамат оңалды, яғни оларға діни оңалту бағытына өкілетті мемлекеттік органдардың мамандарымен бірлесіп «қазақстандық қоғамдық құндылықтарға бейімделіп, ханафи мәзһабын қайта ұстанып, деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартты» деген қорытынды шығарылды.
Жат ағымның арбауына іліккен кейбір жастардың күнделікті өмірінде кездесетін жайттар мыналар: әке мен баланың діни ұстаным мен көзқарас мәселесінде бірін-бірі түсінісе алмауы, дүниеге, өмір тіршілігіне, салт-дәстүрге қатысты қасаң көзқарастың пайда болуы, қоғамдық тәртіпке бағынбау, ағайын-туыспен араласпау, заманауи білімге қырын қарау, мемлекеттік рәміздерге құрмет танытпау, т.б.
Асылында дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ деп білген мұсылман баласы ата-анаға деген құрметін екі есе арттырып, ата-бабамыздан сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ардақтап, жан-жақты білім алып, ағайынмен жақыннан араласып, олардың жағдайынан көбірек хабардар болып, өз айналасында «жақсы адам, мейірімді жан, отаншыл, көпшіл азамат» деген атқа лайық болуы тиіс.
Шын мәнінде, мұсылман баласы көркем мінезді болуы тиіс. Біздің бабаларымыз «мұсылманның мінезі жібектей болуы керек» деген сөзді босқа айтпаса керек. Хадистердің бірінде: «Алла Тағала аса биязы, жұмсақ. Әр нәрседе жұмсақтықты ұнатады. Басқа ешбір нәрсеге бермеген жақсылықты биязылыққа берген» делінген. Мінезі жұмсақ адам Ислам дінін ауырлатпай, керісінше, жеңілдетіп жеткізуге тырысады. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деп өсиет еткен.
Бұл ретте айтқымыз келген нәрсе, мұсылманның мінезінен жақсылықтың лебі есіп тұруы керек. Өкінішке қарай, жат ағымның жетегінде жүрген кейбір азаматтар діни радикалды көзқарастарымен, іс-әрекеттерімен қоғамда діни құндылықтарға қатысты жағымсыз пікір қалыптастыруда. Радикалды діни бағытты ұстанатын азаматтарға насихат немесе ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу оңай емес. Себебі, олар әркез дауласуға дайын тұрады. Ал дініміз дауласуды құп көрмейтіні белгілі.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін жігерлендіретін сөз айтып, былай деген: «Өзінікі дұрыс бола тұра, дауласып, тартысуды тәрк еткен адамға жұмақтан бір сарай берілетіндігіне кепілдік етемін». Ғалымдарымыз: «Құдай Тағала қай елге жаманшылық қаласа, олардың арасына дау-дамай мен жанжал жібереді» деген. Өкінішке қарай, деструктивті діни ағым ықпалында жүрген азаматтар арасында діни тақырыпта дауласу күнделікті әдеттегі жағдайға айналып барады. Бұл көрініс өз кезегінде адамдар арасындағы бірлікке сызат түсіруде. Иә, Әнас ибн Мәлик айтқандай, дауласу жүректерді қарайтып, өшпенділікті туғызады.
Бұл ретте жамағатқа айтар насихатым: әр істе көркем жолды ұстанған абзал, мұсылман деген атқа лайық өмір сүрсек абзал болмақ. Бізді сәби кезімізден бағып-қағып, әлпештеп өсірген ата-анамызға, туыс-бауырымызға, көрші-қолаңға, айналамыздағы жақын адамдарға жат болмайық, керісінше, оларға ең жақын адам болайық. Олардың сенім артқан ең жақын, арқа сүйеген азаматы болайық.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Әрқайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам отбасының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы, әрқайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар» деп ескерткен.
Бұл хадистен түйетін ой: біз отбасымызға, туған-туысқандарымызға, қоластымыздағы барша адамға жауаптымыз. Осыны ұмытпайық.
Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,
Жаңаөзен қалалық мешітінің наиб имамы
Маңғыстау облысы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру