Қазақта риясыз махаббат, риясыз сүйіспеншілік, риясыз сезім деген сөз тіркестері сирек те болса да айтылып жатады. Қазақ мұны қалай түсінген? Риясыз дегеннің мәнісі қандай? Әлбетте, бұл сөз төл тілімізде сирек қолданылатыны рас. Алайда терең мағыналы сөз. Риясыз дегені – шынайы, таза деген мағынаны білдіреді. Шынайы, ықыласпен атқарылған әрбір іс – риясыз атқарылған іс болып табылады екен. Тілімізге енген «рия» сөзінің қайдан келгеніне, сөз төркініне үңілсек, «рия» араб тілінен енген сөз. Жалпы, Ислам діні қазақ даласына келгелі бері тіліміздің сөздік қоры араб сөздерімен толыққаны бәрімізге белгілі. Рия да сол уақыттан бері тіліміздің төрінен мықтап орын алды. Бірақ ауыз екі тілде рия сөзі сиректеу қолданылады. Интернет беттерін ақтарғанда, бірлі-жарым «риясыз» тіркесімен келген сөздерді кездестіреміз. Мысалы, «риясыз махаббат», «риясыз сүйіспешілік», «риясыз сезім». Ал рия сөзін кездестіру қиындау. Өйткені рия сөзін діни ұғымға анағұрлым жақын деуге болады.
Сонымен «рия» сөзі діни әдебиеттерде, діни ұғымдарда кеңінен қолданылады.
Діннен хабары бар кез келген адам мұның мәнісін жақсы түсінеді. Осы тұрғында
алғанда рия ұғымын діни тұрғыдан талдағанымыз жөн. Шын мәнінде рия деген не? Қандай
ұғым береді, қандай жерде қолданылады? Әуелі рияның сөздік мағынасына тоқталайық.
Араб тілінде – «көру» мағынасын
білдіретін «рә’ә» етістігінің «рү’я» түбірінен тарайтын «рия» сөзі – біреудің құрметіне
ие болу, өзінің бас пайдасын көздеп пендешілікке салынып, өз бойында елден ерек
қасиеттері мен ерекшеліктері бар екендігіне өзгенің көзі түссін деп іс-әрекет
жасау дегенді білдіреді.
Ал, енді мұның шариғаттағы кең ұғымына келсек, рия дегеніміз – Алланың ризалығы үшін атқарылуға тиіс кез келген істер мен құлшылықтарды ел-жұрт көрсін деп істеу.
Рия дегеніміз – Алла ризалығы үшін жасалуға тиісті
амалдарға адамзатты да ортақ қылып, Алланың білгенін және Оның риза болғанын
жеткіліксіз санап, басқа жолдардан медет тілеу. Рия – амалдың сауабын жоятын
жүректегі рухани дерт әрі иманның әлсіреуі. Алла Тағала жүректе жасырылған
әрбір нәрсені білгендіктен ешбір ойды, ешбір ниетті Одан жасырып, бүгіп қалу
мүмкін емес.
Осы орайда ғалымдарымыздың рияға байланысты берген
анықтамасының кейбіреуіне тоқталсақ:
Расында рия дегеніміз – «Алланың емес, басқаның
көңілінен шығу үшін Аллаға арналған амал-әрекетті ықылассыз істеу».[1]
Рия дегеніміз – «Аллаға құлышылық қылғандай көрініп,
құлдардың ілтипатын көздеу».[2]
Рия дегеніміз – «Құлшылықты Алладан басқа үшін атқарып,
оны дүние табудың жолына айналдыру, Алланың әмірін орындау мақсатында емес,
адамдар көрсін деген ниетпен жақсылық жасау».[3]
Рия дегеніміз – «Адамдар көрсін, көңілін табайын
деген ниетпен құлшылықты көрсетіп жасау».[4]
Жалпы, рия сөзі Құран Кәрімнің үш аятында атау
ретінде, ал екі аятында етістікпен келеді. Мысалы,
«Бақара» сүресінің 264-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا
تُبْطِلُوا صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالْأَذَىٰ كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ
رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ
«Әй мүміндер! Аллаға, ақирет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар".[5]
«Ниса» сүресінің 38-аятында:
وَالَّذِينَ يُنفِقُونَ
أَمْوَالَهُمْ رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَلَا بِالْيَوْمِ
الْآخِرِ ۗ وَمَن يَكُنِ الشَّيْطَانُ لَهُ قَرِينًا فَسَاءَ قَرِينًا
«Олар сондай Аллаға, ақырет күніне сенбей малдарын адамдарға көрсету үшін жұмсайды. Ал біреудің сыбайласы шайтан болса, ол жаман сыбайластық».[6]
Ал енді «Әнфәл» сүресінің 47-аятында Алла Тағала:
وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ
خَرَجُوا مِن دِيَارِهِم بَطَرًا وَرِئَاءَ النَّاسِ وَيَصُدُّونَ عَن سَبِيلِ
اللَّهِ ۚ وَاللَّهُ بِمَا يَعْمَلُونَ مُحِيطٌ
«Жұрттарынан шендене адамдарға мақтанып шыққандар, сондай-ақ Алланың жолынан тосатындар тәрізді болмаңдар!».[7]
Осы үш аяттың алғашқы екі аятында құлшылық ниетінсіз,
Алланың ризалығын көздемей, тек сырт көз көрсін деп садақа бергендер, ал үшінші
аятта көзге түсу үшін және атақ-даңқ үшін Алла жолында күрескендер қатаң сынға
ілігеді.
Хадис-шәріптерде де рия ұғымы кеңінен аталып өткен. Әуіс ұлы
Шәддәт жеткізген хадисте Алланың елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
былай деген екен:
إِنْ
أَخْوَفَ مَا أَتَخَوَّفَ عَلَى أُمَّتِي الْإِشْرَاكُ بِاللهِ أَمَا إِنِّي
لَسْتُ أَقُولُ يَعْبُدُونَ شَمْسًا وَلَا قَمَرًا وَلَا وَثَنًا وَلَكِنْ
أَعْمَالًا لِغَيْرِ اللهِ وَشَهْوَةً خَفِيَّةً.
«Үмбетімнің
Аллаға серік қосып кететінінен қатты қорқам. Бұл сөзіммен мен олардың айға,
күнге немесе пұтқа табынып кетулерін меңзеп тұрғаным жоқ. Мені қорқытқаны – олардың
Алладан басқаға жасаған амалдары мен жасырын қалаулары еді»[8].
Осы секілді бір хадисте Пайғамбарымыз (Алланың
салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетімнің жасырын серік қосуға бой
алдырып, нәпсілік қалауына бағынып кететініне қатты уайымдаймын» деген
екен. «Сонда, сізден кейін де серік қосу деген бола бере ме?» деген сұраққа Ол:
«Иә, әлбетте. Бірақ күнге, айға, тасқа, пұтқа табыну секілді болмайды-ау,
тек адамдар өз құлшылықтарын өзгелер көрсін деп жасайтын болады» деп
жауап берген екен.[9]
Бір құдси хадисте Жаратушы Иеміз: «Өзі істеген
амалына Менен басқаны ортақ қылған адамды да, оның серік қосқан нәрсесін де Мен
қабылдамай кері қайтарамын»[10] деген екен.
Шын мәнінде рия – жасырын серік қосудың нақ өзі.
Жасырын серік қосудың ақыр соңы – мәңгілік қасірет. Адам сырт көзге көрсетіп
жасаған құлшылығынан қалайда рухани сауап күткенмен, ақыретте Алланың алдына
барғанда үлкен жазаның иісін сезе бастайды, сол уақытта Алланың құзырына
қолында түк жоқ, құр алақан келгенін байқайды.
Бір күні ардақты Пайғамбарымыз (Алланың салауаты
мен сәлемі болсын):
– Сендерді ойлап, қатты қорқатыным – кіші серік қосу еді, –
деді.
Жанындағылар:
– Кіші
серік қосу дегеніңіз не, уа Алланың елшісі? – деп сұрады.
Алла
елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап берді:
–
Рия, яғни сырт көзге көрсетіп
жасау. Қиямет күні адамдар өз амалдарының игілігін көріп жатқанда, Алла Тағала
риякер адамдарға:
– Пәни жалғанда амалдарыңды адамдарыңа көрсетуге құштар едіңдер ғой! Көрейік,
олардан көмек таба алар ма екенсіңдер? – дейді.[11]
Рия деген
– ақыреттің орасан зор пәлекеті. Мына бір хадис-шәріп риякерлікке әбден еті
үйренген пенделердің ақыретте басына келер аянышты халін кеңінен баяндап береді:
«Қиямет күні ең бірінші есебі қаралатын адам –
шейіт болып өлген адам Тәңірдің құзырына әкелінеді. Алла Тағала оған (пәни
жалғанда) берген игіліктерін, нығметтерін есіне салады. Ол да еске түсіріп, сол
игіліктерге қол жеткізгенін айтады
Хақ Тағала сонда:
– Жарайды, осыларға қол жеткізу үшін не
тындырдың? – деп сұрайды.
Әлгі адам:
– Шейіт болып, жанымды бергенше, сенің жолыңда
аянбай күрестім емес пе?!», – деп жауап береді.
Хақ Тағала:
– Өтірік, жалған айтып отырсың! Сен ел-жұрт
«Неткен батыр адам!» деп айтсын деп соғыстың. Солай айтылды да, – дейді. Содан
кейін ол адамды бет-жүзімен сүйретілген күйі жәһаннамға лақтыруға бұйрық
беріледі.
Келесісі болып, ғылым, білім үйренген әрі Құран
оқыған адам (Алланың) алдына әкелінеді. Алла Тағала оған да өзінің берген
игіліктерін есіне салады. Ол адам да еске түсіріп, мойындайды.
Алла Тағала:
– Жақсы, осы нығметтерге жету үшін не істеп едің?
– деп сұрайды.
Әлгі адам:
– Ғылым үйрендім, (өзгеге) үйреттім және сенің
ризалығыңа ие болу үшін Құран оқыдым, – деп жауап береді.
Хақ Тағала сол кезде:
– Жалған айтып отырсың! Сен: «Ғалым адам» деп
айтсын деп ғылым үйрендің ғой. «Құранды қандай тамаша оқиды!» десін деп Құран
оқыдың. Сен туралы ол сөздер айтылды да. Содан кейін ол адамды да ет-бетімен
сүйретілген бойда тозаққа лақтыруға бұйрық беріледі.
(Содан кейін) Алла Тағала мал-мүлік пен әр түрлі
мүмкіншіліктер берген бір адам әкелінеді. Алла Тағала өзінің оған берген
игіліктерін есіне салады. Ол кісі де өзіне берілген иігіліктерді есіне алып,
мойындайды.
Хақ Тағала:
– Ал жарайды, сен сол игіліктерге ие болу үшін не
жасадың? – деп сұрайды.
Әлгі пенде:
– Сен бер деген жерден, сен риза болатын еш
жерден аянып қалмадым ғой, тек сенің ризалығыңды табу үшін бердім ғой, – дейді.
– Айтып отырғаның жалған! Сен бар жасаған тірлігіңді
«Мынау неткен жомарт адам!» десін деп жасадың. Сен жайлы ондай сөз айтылып та
қойды, – дейді. Сөйтіп оны да жәһаннамға етбетімен сүйретілген күйі лақытыруға
бұйрық беріледі.[12]
Көріп
отырғанымыздай ықылас жоғалса, жойылса,
Алланың ризалығы да жойылады. Нәтижесінде не Алланың ризалығына
бөленбейді, не адамдардың көңілінен шықпай қалады. Өйткені әрбір ісін көзге
көрсету үшін жасаған адамның ниетін Жаратушы Алла әшкерелеп, адамдар арасында
абыройын түсіріп масқаралайды.[13] Бір
адамның риякерлігі байқалып қалса, одан адамдардың көңілі суй бастайды. Алла Тағала
риякер адамның басқаларға көрсетіп жасауға кұмар болған амалдарын адазамтқа
естіртіп, әйгілейді. Дегенмен ақыреттік даңқын жай ғана дүнияуи бір даңқтың
дәрежесіне түсіріп жібереді.
Бағзы
заманнан жеткен мына бір тәмсіл рияның дәрежесі қаншалықты төмендігін ашып
көрсетіп береді:
Баяғы өткен
заманда бір кісі өмір сүріпті. Ол жолаушылап жүріп бір мешітке бас сұғып, сонда
қонақтапты. Дінді өзіне рухани азық еткен пенде екен. Аллаға қараған әлгі адам
бір түнді таңға дейін намазбен өткізуге бел буып, мешітке барады.
Сол күні
қас қарайып, күн ұясына батқанда мешітте бір дауысты естиді. Намазын оқып жатқан
ол «бір тақуа адам мешітке келді-ау шамасы» деп ойлап, ішінен:
«Мұндай
адам мешітке текке келмейді, құлшылық қылу үшін келеді. Жақсы болды ғой.
Осындай тақуа кісі менің намазымды көріп, ғибадатыма көзі түссе екен», – деп
ойлайды. Сөйтіп, түні бойы таңға дейін құлшылық қылады. Ғибадатын бір сәт те
тоқтатпайды. Аллаға дұға етті, көз жасын
көл қылып жылады, тәубесін де, ыстығфарын да ұмытпады. Мұстахап пен сүннеттерді
мүлт жібермеді. Өзін ақылды, ізгі адам секілді көрсетіп отырды. Содан таң
атып,төңірек ағара бастағанда мешітке де жарық түсті. Әлгі кісі бір кезде
мешіттің бұрышында бір ит жатқанын көреді. Көреді де ах ұрады, қаны басына
шабады, қатты өкінеді. Көз жасы жаңбыр тамшыларыдай бырт-бырт үзіліп төгіледі.
Жан-дүниесі ұяттан өртенердей болып, өкініштен тамағына өксік тығылады.
Ақырында өз-өзіне, өз нәпсісіне былай деп үн қатады:
«Әй арсыз,
неме! Алла осы түні сені қаңғырған бір итпен тәрбиеледі», деп тәубесіне
келіпті.
Кезінде
Пайғамбарымыздың (Алланың салауаты мен сәлемі болсын)
сахабалары ықыласқа қатты мән берген, рияға қатаң сын көзімен қараған, ондайға
сақ болған екен. Ұлы сахабалардың бірі Әбу Хурайраның мына бір өсиеті қадірлі
сахабалардың риядан қаншалықты алыс тұрғанын көруге болады:
«Бір адам
ораза ұстағанында өзіне мұқият қарасын және үсті-басын ретке келтірсін! Түрінен
оразаның ізі байқалмасын!»[14]
Ғаззалидің «Ғылымдардың жандануы» атты еңбегінде
рияға байланысты психологиялық және педогогикалық тұрғыдан талдаулар
жүргізгендігі байқалады.
Ең қауіпті рия – Жалғыз Аллаға көрсетілуге тиіс құрмет-тағзымды
басқаға көрсеткен адамның риясы. Себебі ондай адам Аллаға ғибадат етіп жатқан
сияқты көрінсе де, шындап келгенде
басқаға ғидабатын арнап жатыр деген сөз. Сондықтан да рия – жасырын серік қосу
саналған.[15]
Дегенмен де игілікті істерді жария түрде жасаудың
ешбір сөкеттілігі жоқ жағдайлары да болады, тіпті керісінше ашық түрде жасау пайдалы
болуы мүмкін. Құран Кәрімде:
«Қайырым-садақаларды ашық түрде бергендерің
қандай жақсы. Ал егер ешкімге көрсетпей, жоқ-жітіктерге жасырын берсеңдер,
әрине бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ»,[16] – делінген.
Бұдан басқа, қажылық, Алла жолында күрес, жұма намазы
сияқты жасырын атқару мүмкін болмайтын амал-әрекеттер де баршылық. Намаз, ораза
және садақа секілді жасырын атқарыла беретін амалдарды «өзге адамдарға үлгі
болсын, басқалар да қайырлы істерге мойын бұрсын» деген ізгі ниетпен жария
түрде жасау тіпті абзалырақ болмақ. Хазірет Пайғамбарымыз (Алланың
салауаты мен сәлемі болсын) осындай әрекет еткен адамды әрі өз
амалы, әрі өзі үлгі болған кісінің себебінен екі есе сауапқа кенелетінін айтып
кеткен.[17]
Сонымен қатар, бір адам өзінің мүмин екеніне өзгелер
куә болсын деген ізгі ниетпен және өзі сияқты құлшылыққа құлшынып бет бұруы
үшін ашық түрде ғибадат етсе, оның осы ісі ешбір рия саналмайды.
Тіпті парыздың дініміздегі орнын білдіру мақсатында
оларды жария түрде жасау Исламды және оның ұлы белгілерін айқындауды білдірсе
керек-ті.[18]
Қорыта келгенде, қандай жағдай болмасын, ең маңыздысы
– ықыластан қол үзбеу. Егер ықыласына берік адам өзгеге үлгі болып, жақсылыққа
шақыру ниетінде болса, кез келген амалды ашық жасағаны абзалырақ болмақ. Ал енді
мақтангершілікке ұрынудан қауіптенсе, онда қайбір ісі болсын, жасырын жасағаны
жақсырақ.
МәшҺүр Жүсіп бабамыз:
«Жаяу
қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,
Міне
қалса жортқызып, желгізбей бақ.
Өзін-өзі
бағуға көп әл керек,
Көш соңында көңілді жүргізбей
бақ!»,-дегендей, ел мен дін
үшін істеген әрбір ісімізді мақтан қылмай Алладан жақсылығын күтейік. Бір
жарлыға жасаған жақсылығымызды міндетсімей, жақсылықты риямен өшірмей, Алланың
көріп тұрғанын ұмытпай, ықыласпен амал етейік, ағайын!
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру