КІРІСПЕ
Алла Тағала адам баласын бір-біріне мұқтаж етіп жаратқан. Әрбір адамға қуанышы мен қайғысын бөлісетін, шерін тарқататын, мұңын шағатын, керегінде ойнап-күлетін, іс түскенде ақылдасатын дос керек. Сол үшін халқымыз «Адамның күні адаммен» дейді.
Дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі – достық. Сондықтан жақсы достың адам өмірінен алар орны ерекше. Ол – адамның айнасы.
Адам баласы қоғамда дұрыс адам болып өмір сүруі үшін шынында да достарының орны ерекше.
ҚҰРАН АЯТТАРЫ:
Бірінші аят:
إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ
Қысқаша түсіндірме: Мұсылман үмбеті қай кезеңде болмасын бір-біріне бауыр. Жоғарыдағы аятта мұсылмандар арасында ешқашан дұшпандық, талас-тартыс, жек көрушілік, төбелес сынды оғаш әрекеттерге орын жоқ екендігі баяндалған.
Екінші аят:
الْأَخِلَّاءُ يَوْمَئِذٍ بَعْضُهُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ إِلَّا الْمُتَّقِينَ
Қысқаша түсіндірме: Бұл дүниеде азғындықта, күнә істерде ортақ болған достар ақыретте бір-біріне дұшпан болады. Ал имандылықта, тақуалықта, діндарлықта дос болған жандар олардың қатарында болмайды. Тәпсірші ибн Кәсир (р.а.): «Алланың разылығы мақсат етілмеген достық қиямет күні дұшпандыққа айналады, тек Алланың ризалығын қалаған достар ғана мәңгі дос болып қала бермек», деген. Ал ибн Аббас (р.а.): «Қиямет күні тақуалардан өзге достар бір-біріне дұшпан болады» деген.
Үшінші аят:
يا وَيْلَتَىٰ لَيْتَنِي لَمْ أَتَّخِذْ فُلَانًا خَلِيلًا 28 لَّقَدْ أَضَلَّنِي عَنِ الذِّكْرِ بَعْدَ إِذْ جَاءَنِي ۗ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِلْإِنسَانِ خَذُولًا (29)
Қысқаша түсіндірме: Қияметте кейбір кісілер «пәленшені өмірлік дос етпегінімде, осындай ұлы қасіретке, бұндай адасуға ұшырамас едім» деп өкінеді. Имам Қуртуби: «Бұл жерде пәленше деп келген аяттағы адам Убай ибн Халафқа қатысты айтылған. Аятта атын әшкере қылмай осы тектегі адамдарға да қатысты баяндалған. Бұл жерде адамның өкініші сипатталған. Оған тура жол, иман, Құран жеткеннен кейін иманға келіп, кейін шайтанның адастыруымен тура жолдан тайғанын суреттейді. Алайда шайтанның кейпіндегі сол адамдар қиямет күні өзінің досы қиындыққа тап болғанда достығынан бас тартып, оған жәрдемші бола алмайды» деген.
Төртінші аят:
حَتَّىٰ إِذَا جَاءَنَا قَالَ يَا لَيْتَ بَيْنِي وَبَيْنَكَ بُعْدَ الْمَشْرِقَيْنِ فَبِئْسَ الْقَرِينُ (38) وَلَن يَنفَعَكُمُ الْيَوْمَ إِذ ظَّلَمْتُمْ أَنَّكُمْ فِي الْعَذَابِ مُشْتَرِكُونَ
Қысқаша түсіндірме: Міне, жоғарыдағы аятта өмірде адаспай тура жолда жүремін дейтін жандарға жаман қасиетті кісілермен достық қарым-қатынас жасамау, олардың дегендеріне ілеспеу, олардың іздерімен жүрмеу керек екендігі баяндалған. Әйтпесе, орны толмас өкініш, жазылмас қайғы-қасіретке душар болуымыз мүмкін.
Бесінші аят:
إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَاناً
Қысқаша түсіндірме: Исламға дейін сендер бір-бірлеріңе хас дұшпан едіңдер. Алланың нығметімен сендерге ерекше мейірімділік танытып, жүректеріңді жарастырып, өзара бауыр етті.
Алтыншы аят:
إِنَّ الشَّيْطَانَ لَكُمْ عَدُوٌّ فَاتَّخِذُوهُ عَدُوًّا ۚ إِنَّمَا يَدْعُو حِزْبَهُ لِيَكُونُوا مِنْ أَصْحَابِ السَّعِيرِ
Қысқаша түсіндірме: Алла Тағала аятта адам баласының ең үлкен дұшпаны шайтан екендігін баяндайды. Сондықтан ең әуелі кімді дұшпан ететіндігін білдірген.
ХАДИСТЕР:
Бірінші хадис:
الْمُتَحَابُّونَ فِي جَلَالِي لَهُمْ مَنَابِرُ مِنْ نُورٍ يَغْبِطُهُمْ النَّبِيُّونَ وَالشُّهَدَاءُ
Екінші хадис:
«ثَلَاثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ وَجَدَ بِهِنَّ حَلَاوَةَ الْإِيمَانِ: أَنْ يَكُونَ اللّٰهُ وَرَسُولُهُ أَحَبَّ إِلَيْهِ مِمَّا سِوَاهُما، وَأَنْ يُحِبَّ الْمَرْءَ لَا يُحِبُّهُ إِلَّا لِلّٰهِ، وَأَنْ يَكْرَهَ أَنْ يَعُودَ فِي الْكُفْرِ بَعْدَ أَنْ أَنْقَذَهُ اللّٰهُ مِنْهُ كَمَا يَكْرَهُ أَنْ يُقْذَفَ فِي النَّارِ»
Үшінші хадис:
مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى
Төртінші хадис:
اُنْصُرْ أَخَاكَ ظَالِمًا أَوْ مَظْلُومًا، فَقَالَ رَجُلٌ: يَا رَسُولُ اللهِ، أَنْصُرُهُ إِذَا كَانَ مَظْلُومًا، أَفَرَأَيْتَ إِذَا كَانَ ظَالِمًا كَيْفَ أَنْصُرُهُ؟ قَالَ: تَحْجِزُهُ أَوْ تَمْنَعُهُ مِنْ الظُّلْمِ فَإِنَّ ذَلِكَ نَصْرُهُ
Бесінші хадис:
أَلَاْ أُخْبِرُكُم بِرِجَالِكُم فِي الجَنَّةِ ؟! النَّبِي فِي الجَنَّةِ ، وَالصِّدِّيقُ فِي الجَنَّةِ ، وَالشَّهِيدُ فِي الجَنَّةِ ، وَالمَوْلُودُ فِي الجَنَّةِ ، وَالرَّجُلُ يَزُورُ أَخَاهُ فِي نَاحِيَةِ المِصْرِ - لَاْ يَزُورُهُ إِلَّا لِلَّهِ - فِي الجَنَّةِ .
Алтыншы хадис:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
الرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَلِيلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُمْ مَنْ يُخَالِلُ
Жетінші хадис:
إِنَّما مثَلُ الجلِيس الصَّالِحِ وَجَلِيسِ السُّوءِ: كَحَامِلِ المِسْكِ، وَنَافِخِ الْكِيرِ، فَحامِلُ المِسْكِ إِمَّا أَنْ يُحْذِيَكَ، وَإِمَّا أَنْ تَبْتَاعَ مِنْهُ، وَإِمَّا أَنْ تَجِدَ مِنْهُ ريحًا طيِّبةً، ونَافِخُ الكِيرِ إِمَّا أَن يَحْرِقَ ثِيابَكَ، وإمَّا أَنْ تَجِدَ مِنْهُ رِيحًا مُنْتِنَةً متفقٌ عَلَيهِ.
ІЗГІЛЕРДІҢ СӨЗДЕРІ:
Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): «Иман нығметінен кейінгі ең ұлы нығмет –шыншыл дос табу, кімде-кім сондай дос тапса, ажырамасын».
Имам әш-Шәфиғи (р.а.): «Сенің иман жолында досың болса, оған мықтап жармас, өйткені ондай жолдас табу қиын, жоғалтуың оңай».
Хасан әл-Басри (р.а.): «Дін жолындағы бауырларым мен үшін жанұямнан, бала-шағамнан артық, өйткені жанұя бізді дүние тіршілігіне көбірек тартады, ал діндегі бауырларым ақырет амалдарына шақырады».
Лұқман хәкім баласына былай деп өсиет айтқан: «Балақайым, иман нығметінен кейінгі ең ұлы амал – шыншыл дос табу. Шыншыл дос үлкен жеміс ағашы секілді, отырсаң саған көлеңке болады, жемісі сен үшін тағам болады, еш пайда бермегеннің өзінде саған ешқашан зиян тигізбейді».
«Жақсы дос, көктегі жұлдыздар іспетті. Әркез оларды көре алмасаң да олардың сонда екендіктерін білесің».
ҒИБРАТТЫ ҚИССАЛАР:
Бірінші қисса: Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен сахих қиссалардың бірінде: «Бір адам басқа ауылды аймақта тұратын бауырын іздеп, зиярат ету мақсатында жолға шығады. Жол бойында оған (адам кейпінде) періште жолығып: «Қайда барасың?» деп сұрайды.
Ол: Анау ауылда тұратын бауырым бар еді, соны көргелі бара жатырмын», дейді.
Періште: «Араларыңды байланыстыратын дүниелік істер бар ма?» деп сұрайды.
Ол: «Жоқ, мен оны Алланың разылығы үшін жақсы көремін, сол үшін бара жатырмын» дейді.
Періште: «Мен Алланың саған жіберілген періштесімін. Сен бауырыңды қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көретінін жеткізуге келдім» деп жауап береді.
Екінші қисса: Бірде екі дос шөл далада жолаушылап келе жатады. Бір кезде сөзден сөз шығып, екеуі тартысып қалады. Біреуі ашуға қатты булығып, екіншісін қойып қалады. Досының ұрғаны жанына қатты батады, бірақ ләм-мим демей құмға былай деп жазып қояды: «Бүгін мені жан досым ұрды!». Сөйтіп, екеуі көкорай шалғын жерге келгенше тоқтамай жүріп отырады. Суды сол жерге жеткенде ішерміз деп келісіп алады. Бір кезде досынан таяқ жеген жігіт батпаққа аяғы кіріп шыға алмай қиналады. Тіпті, тұншығуға айналып, демі тарыла бастағанда, досы кұтқарып қалады. Батпақтан кұтылғаннан кейін, тастың үстіне ойып тұрып: «Бүгін мені жан досым, өлім аузынан құтқарып қалды», деп жазады. Оның бұл жазуына таңырқаған жолдасы: «Ұрған кезімде құмға жаздың, ал енді не үшін тасқа жазып жатырсың?» деп сұрайды. Сонда досы: «Біреу бізге жамандық жасаса, оны құмға жазғанымыз дұрыс, кешірім самалы оны өшіріп кетсін. Ал біреу жақсылық жасаса, оны тасқа ойып жазайық, оны ешқандай жел өшіре алмасын!» деген екен.
НАҚЫЛ-СӨЗДЕР МЕН МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР:
Адал болса – досың жақын, еркелейтін немерең жақын,
Өз ұрпағың шөберең жақын, туып өскен – елің жақын (Қазыбек би).
Жақсымен дос болсаң, алдыңнан шығар елпектеп,
Жаманмен дос болсаң, сыртыңнан жүрер өсектеп (Махмбет Өтемісұлы).
Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса,іздеп таба алмайсың (Хакім Абай).
Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бірде замандастары шешеннен достық жайында сұрапты деседі:
– Достық нешеу?
Әйтімбет шешен: Достықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық.
– Дұрыс-ақ, енді оларды қалай ажырата аламыз?
– Адал достық – өмірлік нұсқа, ал енді амал достықтың өрісі қысқа келеді, деп жауап берген екен.
ҚОҒАМДАҒЫ ДОСТЫҚТЫҢ ОРНЫ:
Шынайы мұсылман қоғамын өзара бауырмашылдық, достық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі достыққа құрылған мұсылман бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес, саны көбейген сайын қуаттала түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағанындай ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге де ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты.
Алаштың арысы Әлихан Бөкейханов өз сөзінде: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады», деген. Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны секілді, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, бауырмашылдықта болса, өркендеп гүлденеді.
ТАРИХИ ДЕРЕК:
Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасын қарайтын болсақ, бауырластық қан жақындығымен ғана айқындалмайды. Діндестер де өзара бауыр саналады. Бауырластық жүгі қашанда ауыр. Адамзат тарихында бауырластықтың, ағайындықтың көрінісі деп ауыз толтырып айтар мысал өте көп. Дегенмен, ансар мен мухажир арасындағы бауырластық үлгісін осы көп мысалдың ең ерекшесі деп бөле жарсақ, талас тумаса керек. Алла ризалығы үшін туған жерін, үй-жайын, мал-мүлкін тастап ел асып келген «мухажир» мұсылмандар мәдиналық ансар бауырларынан жылы лебіз естіп, барынша қолдау көреді. Білмеген жердің ой-шұқырын ә дегенде меңгеріп кетулеріне қолайлы жағдай туғызады. Жаңа жерді жатсынбай, үйренісіп кетулері үшін құрақ ұшып, бәйек болған жергілікті мұсылмандар Ислам тарихында «ансарлар», яки жәрдем берушілер деп аталды. Мәдинаға хижрет еткеннен соң арадан бес ай өткенде парасаттың падишасы – пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ансарлар мен мухажир мұсылмандардың басын қосты. Сол алқалы жиында қырық бес ансар мен қырық бес мухажирді, барлығы тоқсан мұсылманды бір-біріне бауыр етіп жариялады. Хазіреті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бастамасы болған бұл істің астары материалдық және моральдық тұрғыдан бірігу, бір-біріне мұрагер болу принциптеріне сүйеніп, мухажирлердің туған елге деген сағынышын аздап та болса басуға, жаңа жерге үйренісуге, достық, туыстық сезімнің күшеюіне негіз болды. Бауырластық бірліктің дәстүрі бойынша, мәдиналық әрбір мұсылман отбасы меккелік мұсылман жанұясының біреуін үйлеріне кіргізіп, мал-мүлкін, үй-жайын бөлісуге тиіс. Бірге еңбектеніп, табысты өзара бөлісуге келісті. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парасаты бұл жолы да діттеген мақсатқа дөп тиді. Екі мұсылманды бауыр деп жарияламас бұрын Алла Расулы әрбіреуінің жағдайын, жеке бас ерекшелігін, отбасылық ахуалын жан-жақты зерттеп, үйлесім тапқандарды жарастырды. Мысалы, Салман Фариси мен Әбуд-Дәрда, Аммар мен Хузайфа, Мусаб пен Әбу Әюб әл-Ансари талғамдары, өмірге көзқарастары сәйкестігінен бауыр деп танылғандардың бірнешеуі ғана. Алла ризалығы мен Оның пайғамбарына деген сүйіспеншілікпен ғана қаруланған, жиғантергенін тастап, иманын сақтау жолында атамекенінен 205 қуылған мухажирлердің ішіп-жемі, жатын орны мәселесі осылайша шешімін тапты. Ансарлар мухажир бауырларына төрінен орын беріп, жылы-жұмсағын алдарына тосты. Иман бірлігі, діндес ағайынгершіліктің жарқын өнегесі еді бұл. Отанынан алыста, қамкөңіл мұсылмандар үшін мұнан артық сый болмаса керек-ті. Мәдиналық ансар о дүниелік болған жағдайда мухажир бауыры өзге туыстары қатарында мирасқоры саналды. Осы бауырластықты жария ету арқылы мухажир мұсылмандар қиыншылықтан құтылды. Мәдиналық әр мұсылман меккелік бауырына дүние-мүліктің тең жартысын бөліп беріп, меймандостықтың, жомарттықтың, адамгершіліктің шоқтығына көтерілді.
Мухажирлер бастарына қонған баққа масайрамай, шүкірлік етті. Үй- жайлары, азық-түлігі жеткілікті бола тұра еңбектенудің, тер төгудің амалын қарастырды. Имандылықтың негізі де сол, әркім өз әлінше әрекет жасап, тірлікке араласты. Олар мәдиналық бауырларына салмақ болмаудың жайын ойластырып, тірліктің көзін іздегендерін пайғамбар хадистерін жаттап, кейінгілерге жеткізуімен әйгіленген Әбу Хурайраның төмендегі жауабы аңғартады: «Мәдиналық мұсылмандар бақшасын баптап, мухажирлер сауданы қыздырып қал-қадарынша тер төкті».
Мәдиналық ансарлар мен Меккеден көшіп келгендер арасында жария етілген бауырластықтың жемісі күн санап көрінді. Ең бастысы, әртүрлі қоғамдық топ өкілдері бір-бірімен сіз-біз десіп, сыйласып, менсінбеушілік, қор санау сынды арабтар арасында кең таралған жаман қасиеттер келмеске кетті. Ниеті – пәк, тілегі – ортақ рухани өрлеуді көксеген, жоғары адами қасиетке ие қоғам пайда болды.
УАҒЫЗДАН АЛЫНАР ҒИБРАТТАР:
Шынайы достық пен бауырмашылдық жемістері:
- Алла Тағаланың махаббаты нәсіп болады. Құдси хадисте: «Кімде-кім менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көрсе, мәжілістес (бір отырыста болу) болса, бір-біріне зиярат жасаса, бір-біріне жәрдемдессе, менің махаббатым оған нәсіп болады» делінген[14].
- Алланың құрметіне ие болады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім біреуді Алланың разылығы үшін жақсы көрсе, дәрежесін көтереді»[15] деген.
- Алланың аршысының көлеңкесінде болады. Әбу Хурайрадан жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Алла Тағала қиямет күні айтады: «Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге бүгін ешкімге көлеңке нәсіп етпеген күні оларға көлеңке нәсіп болады»[16].
- Иман ләззәтін сезінеді. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім иманның ләззәтін сезінуді қаласа, Алла разылығы үшін бір адамды жақсы көрсін»[17].
- Иман кемелдігі. Әби Умамадан жеткен хадис бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім Алла разылығы үшін жақсы көрсе, жек көрсе, садақа берсе, бас тартса, иманының кәмілдігінің белгісі»[18].
- Жәннәтқа кіреді. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтты: «Иман келтірмейінше жәннәтқа кірмейсіндер және бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иман келтірмейсіңдер, бір-бірлеріңді жақсы көруге апарар жолды көрсетейін бе? Араларыңда сәлем жайыңдар»[19].
ДҰҒА:
Құрандағы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың дұғасы:
رَبِّ هَبْ لِي حُكْمًا وَأَلْحِقْنِي بِالصَّالِحِينَ
اللَّهُمَّ تَوَفّنَا مُسْلِمِينَ، وَأَحْينَا مُسْلِمِينَ، وَأَلْحِقْنَا بِالصَّالحينَ، غَيرَ خَزَايَا وَلا مَفْتُونِينَ
Мағынасы: «Аллаһым, бізді мұсылман күйімізде жанымызды ал, мұсылман күйімізде тірілт, салиқалы жандармен бірге болуымызды нәсіп ет, күнәға батқандардан, бүлікшілдерден қашық ет!».
[1] «Хужурат сүресі», 10-аят.
[2] «Зухруф» сүресі, 67-аят.
[3] «Фурқан» сүресі, 28-29 аяттар.
[4] «Зухруф» сүресі, 38-39 аяттар.
[5] «Әли Имран» сүресі, 103-аят.
[6] «Фатыр» сүресі, 6-аят.
[7] Тирмизи хадистер жинағы.
[8] Бұхари хадистер жинағы.
[9] Муслим хадистер жинағы.
[10] Бұхари хадистер жинағы.
[11] Табарани жинағы.
[12] Әбу Дәуід, Тирмизи.
[13] Имам Бұхари, Муслим
[14] Әз-Зарқанидің әлә Муатта ибн Мәликке жасаған шархы №1731
[15] Ахмад хадистер жинағында келген.
[16] Муслим хадистер жинағы.
[17] Ахмад хадистер жинағында келген.
[18] Әбу Дәуід хадистер жинағы.
[19] Муслим хадистер жинағы.
[20] «Шұғара» сүресі, 83-аят.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру