Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚОНАҚ КЕЛДІ – ҚҰТ КЕЛДІ

Нұрлан Әбенұлы www.muftyat.kz 19.06.2017 777 0 пікір

«Кім Аллаға және ақырет күніне

 иман келтірген (мұсылман) болса,

 қонағын құрметтесін» (хадис)

Барша әлемді жоқтан бар еткен, бүкіл құдырет құзырында болған Мейірмді де Рахымды Алланың атымен бастап, мадақ пен мақтау айтамыз. Алланың сүйікті құлы, адамзаттың ардақтысы, пайғамбарлардың асылы, ақырғы елші Алланың құлы Мұхаммедке және Оның отбасы мен ізбасарларына салауат пен сәлемдер жолдаймыз.

Алладан жетіп, барша пайғамбарлар насихаттап, ақырғы Елші Мұхаммед пайғамбарымыз толықтап, бекіткен Ислам – мейірім мен рахым, кеңпейілдік пен құрметтің діні.

Ислам – мұсылмандарды адамдарға тек мұсылман болғаны үшін ғана емес, Адам атаның ұрпағы болғаны үшін де құрмет етуге шақырады. Әрбір адамның құрметке лайықты өз орны мен дәрежесі бар. Мысалы құрмет тұтуға ең лайықты адамдар пайғамбарлар болса, солардың ішінде ақырғы Пайғамбар аса құрметтірек. Адамдар арасында үлкендерге құрмет көрсету ләзім болса, олардың ішінде ата-анамыз аса құрметке лайық. Барша адамдар құрметті десек, олардың ішінде туыстық, бауырлық, көршілік жақындығына қарай дәрежелері бар.

Мұсылман баласы үшін ең қадірлі де сияпатқа лайықты болған кісілер бірі үйге немесе елге келген меймандар. Шариғатымыз қонақкәдеге аса зор көңіл бөлген. Оның әдептерін белгілеп, сауаптарын саралап қойған. Қонақты күтіп, құрметеудің екі дүниемізге пайдасы бар екендігін хадистерден де байқауға болады.

Қонақты құрметтеу – қазаққа таңсық амал емес. Қонақжайлықты басқалар қазақтан үйренері болмаса, қазаққа басқалардың үйрете алмасы анық десек артық айтқан болмас.

Атадан балаға жалғасқан қонақ күту әдебі мен дәстүрлері, салт-жоралғылары Құранның құзырынан, сүннеттің сүрлеуінен шыққан емес. Қонақ күту туралы нақыл сөздер мен мақал-мәтел, шайырлар сөзі дініміздің әдептерімен астасып жатады.

Шариғатта қонақ күту әдептеріне жататын әрекеттердің бір шамасын атап өтсек, төмендегідей:
  • Қонақтың келгеніне қуаныш білдіру;
  • Жылы жүзбен алдынан шыға қарсы алып, кешіктірмей үйге кіргізу;
  • Үйден ең құрметті орны төрден орын беріп, ең жақсы асты тарту;
  • Жақсы сөздер, пайдалы әңгімелер айтып, сөзге тарту, әңгімесін тыңдау;
  • Отбасы мүшелері жылы шырай, жайлы қабақ таныту;
  • Қонақтың ұялатын, намысына тиетін сөздерден аулақ болу;
  • Асты қысылмай жейтіндей жағдай жасау, қызықтыру және алдыртып отыру.

Пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу аләйһи уә сәлләм бір өсиетінде: «Кім өзінің қонағына  сый-құрмет көрсететін болса, жетпіс пайғамбарға құрмет көрсеткендей болады. Кім қонағына бір дирхам ақшасын жұмсайтын болса, Алла жолында мың дирхам жұмсағандай болады» деген екен.  

Осыны білген халқымыз, қонақ келсе үлкен-кішісіне, ерте-кешіне, ер-әйеліне, ұлты мен дініне қарамастан қуанышпен қарсы алып, барын алдына тосқан. Қонақтың жайын жасап, күтіп баптап, шығарып салғанға дейін де келген себеп, бұйымтайын сұрамаған.

Үйге жылан кірсе де ағарған құйып шығарып салуды өсиет еткен бабаларымыздан қалған сара жол, кейінгілерге өнеге болып, қазақ шаңырақтарында әлі күнге дейін сақталып қалды. Қонақжай адамның досы да, туысы да, жанашыры да көп болатыны сияқты, өзі бір жерге сапарлап шықса, түсетін үйі де болатыны ақиқат. Қонақжайлық ақкөңілдіктің, ықыластылықтың, жомарттықтың, көркем мінезділіктің және тектіліктің белгісі. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, көрегенділіктің, тәрбиеліктің нышаны.

Пайғамбарымыз салллаллаһу аләйһи уә сәлләм бір өсиетінде қонақжайларды: «Сендердің ең жақсыларың көркем мінезділеріңіз, тектілеріңіз және қонақжайларыңыз. Ондайлар адамдармен достастықта әрі жақсы қарым-қатынаста, басқалар да онымен шынайы достықта және қарым-қатынаста болады. Олардың есіктері қонақтар үшін әрдайым ашық болады» деп мақтаған.

Қонақ келсе жалғыз атын союдан тайынбайтын қазақты Алланың досы хазреті Ибраһим Халилулламен салыстыруға болады. Ибраһим аләйһис-сәләм қонақсыз дастархан басына отыра алмайтын кісі болған екен. Кісі келмесе өзі іздеп болса да қонақ күткенді жақсы көріпті. Құранда Ибраһим пайғамбарға келген екі періште туралы баяндалған аятта:  

وَلَقَدْ جَاءتْ رُسُلُنَا إِبْرَاهِيمَ بِالْبُشْرَى قَالُواْ سَلاَمًا قَالَ سَلاَمٌ فَمَا لَبِثَ أَن جَاء بِعِجْلٍ حَنِيذٍ 

«Расында елшілеріміз (періштелеріміз) Ибраһимге (а.с) хош хабармен сәлем берді. Ибраһим (а.с) олардың сәлемін алып сонда дереу пісірілген бұзау келтірді»

Адам кейіпінде келген періштелерді танымай жалғыз бұзауын сойып тастап, олардың алдарына тартқандығы айтылған. Меймандарының ештеңе жемей отырғанын көріп, секемденгенін сезген періштелер, Оған Исмаил атты қадірлі пайғамбар болатын ұлмен сүйіншілеуге келген Алланың хабаршылары екенін жеткізді. Осы аяттан Ибраһим пайғамбардың қонақжайлығының қандай дәрежеде болғанын байқауға болады.      

Пайғамбар Ибраһим келген қонағының кім екендігін, неге келгендігін, ас ішерін не ішпесін сұраған жоқ. Жалғыз малын құрбан етті, барын меймандардың алдына тосты. Бұл да қазақтың діліне жүз пайыз сай мінез емес пе?!

Келген қонақтың ұлты мен дінінің қандай екеніне қарамастан қонақжайлыққа сай сый-сипат жасауды Алланың Өзі Ибраһимге үйретіп, біздерге үлгі еткен.

Бір күні Ибраһим пайғамбардың есігіне бір мүшрік (отқа таыбнушы) қарт кісі келіп, қонып-түстеніп кетуге рұқсат сұрады. Ибраһим пайғамбар болса: «Сен отқа табынатын адамсың, сені қалай үйіме кіргіземін, жалған дініңнен бас тартпайынша  табалдырығымнан аттатпаймын» деп қайтарып жіберді. Содан кейін Алладан Ибраһим пайғамбарға аян келді: «Әй Ибраһим! Құдайы қонақ болып келген кәрі кісіні иман келтірмегені үшін үйіңе кіргізбедің бе? Бір түнетіп, қонақ етсең, ол саған зиян келтірмес еді. Ал Біз болсақ оның күпірлігіне қарамастан оған жетпіс жыл ризық беріп келеміз» - деді. Әлемдердің әміршісі Алланың Өзінен естіген бұл ескертуінен кейін қалай қателескенін білген Ибраһим пайғамбар таң атар атпастан жолға шығып, шарқ ұрып іздеп жүріп, сол шалды тауып алады. Оны ізінен қалмай, жалына жүріп, үйіне қонаққа шақырады. Сонда ол: «Саған не болды Ибраһим! Кеше мені өзің қуып шығып, бүгін қонақ бол деп жалынасың, аяқастынан бұлай өзгеруіңнің сыры неде?»- деп сұрады. Ибраһим Халилуллаһ болған жайтты айтып бергенде, қария: «Менің күпірлігіме қарамастан Раббым маған мейірімді екен» деп, көзіне жас алып, Ибраһимге қолын созып тұрып: «Мен, бір Алладан басқа құлшылыққа лайықты тәңірдің жоқ екендігіне және Сенің Алланың елшісі әрі құлы екеніңе куәлік етемін» деп иманға келген екен.

Міне, Алланың досты бір рет қонақтың бетін қайтарып, Раббысынан сөгіс алса, қонақжайлылығымен бір адамның иманға келуіне себеп болды.

Жақсылықтан, берекеден, Алланың мейірі мен шапағатынан үміт еткен мұсылман, ата-баба жолын қастерлеген әрбір қазақ қонақжай болуы міндетті. Сонда ғана сараңдық пен іштарлықтан, берекесіздік пен қиындықтардан құтылуына үміт ете алады. Ардақты Пайғамабарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләмнің «Қонағын лайықты құрметпен қарсы алмаған адам, жақысылыққа үміт етпесін» деген Сөзін амалға асырған сахабалар көп болды. Солардың бірі Әбу Тәлха мен әйелі Умм Сүләймнің оқиғасы Ислам тарихындағы қонақжайлықтың ұлы үлгісі болды. Үйлеріне келген қонақты аз ғана аспен тойғызу үшін, өздері бала шағасымен азыққа жарымай отырса да, өздері тамақ жеген сыңай танытып, қараңғылау бөлмеде қонақтың ұялмай тойып жеуіне жағдай жасаған олар, Алланың және Оның елшісінің мақтауына лайық болды.

Осындай сахабалар туралы Алла тағала Құранда:

وَلَا يَجِدُونَ فِي صُدُورِهِمْ حَاجَةً مِّمَّا أُوتُوا وَيُؤْثِرُونَ عَلَى أَنفُسِهِمْ وَلَوْ كَانَ بِهِمْ خَصَاصَةٌ وَمَن يُوقَ شُحَّ نَفْسِهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«...Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар- деген  (Хашр 9)

Сондықтан да үйіңізге қонақ келсе, малым мен уақытымның зая кеткені деп емес, береке мен жақсылықтың жеткені деп біліңіз. Пайғамбар Мұхаммед саллаллаһу аләйһи уә сәлләм: «Жақсылық - қонақ күтілген үйге, пышақ түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді»-деп, қонаққа арналған мал сойылып, мүшеленіп бітпей жатып, жақсылыққа кенелетінін ескерткен. Осы хадистен түсінеріміз, қонақжайлықтан дастархан ортайып, несібең кеміп қалмайды, керісінше берекесінің артылуына себеп болады екен. Әркім бұл дүниеге келгенде өз ризық-несібесімен келеді. Одан артық не кем болмайды. Кімнің несібесі қанша болады және қай жерден бұйырады Алланың тағдырынан. Үйіңізге қонақ келсе, онда оның ризығы сіздің отбасыңыздан бұйырғаны деп біліп, қуануыңыз керек.  Бір хадистеде: «Қонақ өзінің ризығымен келеді және кеткенде, отбасының күнәсі кешріліп, береке келеді» деген. Ал, Алланың бергенінен сараңдық ету біреудің несібесін қағу деп түсінгеніміз дұрыс. Оның артында өзіңіздің де несібіңізге кесірі тиюі әбден мүмкін.

Осы аят-хадистерді амалға асырған бабаларымыздың қанша қиын-қыстау кезең, қуғын-сүргін, жоқшылықты басынан өткерсе де кең байтақ берекелі де несібелі жерге ие болып қалуына, кеңпейілдігі мен қонақжайлығы бір себеп десек артық айтқандық емес.

Несібе мен ризық Алладан, оның себебі жомарттық пен қонақжайлықтан екенін білген аталарымыз:

Кісі көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
Кесір болар нәсіпке!
– (Үмбетей) деп жырлаған екен.

Көппен бірге жеген ас, берекелілігімен қатар,  тіпті шипалы да болуы мүмкін. Қонақтың дұғасының қабыл болуынан үміт еткен халқымыз, астан соң бата сұрау үрдісін баяғыдан әдетке айналдырған. Қонақтың үй иесіне бата беруі Пайғамбарымыздан қалған сүннет. Алланың елшісі ас берген үйдің қожайынына дұға қылатын еді.

Абдулла бин Зубаир(р.ъ): «Саъд бин Муаздың үйінде Пайғамбарымыз ауыз ашты да: «Дастарханыңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер сіздерге дұға етсін»-деп бата бергенін жеткізеді.

Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал,
Көңілің оның қалдырма, хақтан ұял.
Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер,
Ырза қылып әркімнен бата алып қал  (Ақмолла)

Қазақта шақырылған қонақтың жөні бір бөлек болса, шақырылмастан әрі күтпеген жерден келген қонаққа аса құрметпен қарап «Құдайы қонақ» деп яғни «Құдайдың өзі жіберіп, бізге сауабын алуды нәсіп еткен қонақ» - деп түсініп, ерекше сыйлаған екен.  

Қонағының еріп келген итіне де  сүйек тастайтын қазақтың, келгендердің көптігіне налымай мейманына иіліп – төсек, жайылып – жастық болуы Аллаға ең ұнамды ісі. 

Қонақ келсе-құт, алмағын тынышын,
Тойсын аты- бер жем-шөбін, сұлысын....(М. Қашқари)

Жәбир Ибн Абдулла (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Бір адамға жеткен ас, екі адамға жетеді. Екі адамға жеткен ас, төрт адамға жетеді. Төрт адамға жеткен ас сегіз адамға жетеді», (Имам Муслим) – деген.

Қазақта «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес» - деген нақыл бар, сондықтан да қонақты тойдыратын, көңілін жай қылатын берген ас-суың ғана емес, кең көңіл, ашық қабақ, жылы шырай асыңның аздығын, төріңнің тарлығын  білдіртпейді. Бірақ қонақжайлық деген осы екен деп, аса шашылып-төгіліп, жұрттан аспақ ниетпен қарыздануға дейін барып ысырапшылық жасау, шектен шығу да болмауы тиіс. Әркім өз хәл-қадірі келгенше қонақжайлық еткені дұрыс. Ысырапшылдық діннің қағидасына, Пайғамбарымыздың сүннетіне томпақ келеді. Алланың Елшісі саллаллаһу аләйһи уә сәлләм Сәлмән Фарисиден жеткен бір Өсиетінде: «Біз қонаққа сый жасауда шектен шыға  шашылмаймыз. Сондай ақ Раббымыздың бізге бергенінен қонаққа  таршылық та етпейміз» деп, шектен шықпай, орта жолды үстануға кеңес береді.  

Сондай ақ қонақ та үй иесіне ауырлық, ыңғайсыздық туғызбай, өз жөні мен жолын біліп келіп-кеткені дұрыс.
  • Шақырылған қонақ болса, өте ерте не кеш емес уақытында келуге тырысу;
  • Шаңыраққа кіргенде сәлем беріп, рұқсат алып кіру;
  • Рұқсатсыз, басқаларды баса-көктеп төрге шықпау;
  • Шектен тыс көп отырып, үй иесіне қиындық келтіруден сақтану;
  • Берген асына мін тағудан аулақ болу;
  • Үйдің дүние-мүлкі мен жағдайына сұқтана қараудан тоқталу;
  • Үй иесі не басқа отбасы мүшелері ұялатындай бей-берекет сөз немесе өсек аяңнан тартыну;
  • Басқа бөлмелерге қажетсіз және рұқсатсыз кірмеу;
  • Дастархан иесіне алғысын айтып, жақсы тілек, қайырлы бата жасауды ұмытпау ләзім.
  • «Үй иесіне береке тілеп дұға етіңдер» (Хадис. Байхақи)
  • Кетерін үй иесіне ескерту;
  • Үй иесінің қалауынсыз, оған қиындық туғызбау үшін үш күннен артық қонақ болудан сақтану қажает. Пайғмбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм:

«Қонақжайлық үш күн. Одан артығы садақа. Қонақтың үй иесіне ыңғайсыздық туғызып ұзақ болуы дұрыс емес» (Бұхари) деген.

Жоғарыда көрсетілгендей үй иесі және қонақ өз жөні мен жолын біліп, пайғамбарымыздың сүннетіне, ата-баба дәстүріне сай, шектен шықпай жасалған амалдар жақысылық пен берекенің бастауы болмақ.   

«Адамнан пейіл-Алладан мейір» демекші, кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына мінезіне сай кең байтақ, асты мен үсті байлыққа толы Ұлы даланы мекен етуге нәсіп еткен Аллаға «Әлхамдулилләһ» сансыз шүкірлер мен мақтаулар айтайық. Иншә Аллаһ, Иманымызға берік, дінімізге мығым, елімізге адал болсақ бірлігіміз беки түспек. Пейіліміз тарылмаса, қонақжай салтымыз жойылмаса, ата-дүстірімізді құрмет тұтсақ керегеміз кеңіп, шаңырағымыз шайқалмайды.

Алла баршамыздың шаңырағымызға құт-береке дарытсын! Әмин.

 

Нұрлан Әбенұлы,

«Ғалым» мешітінің Бас имамы. Көкшетау қаласы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат