Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Әкеден артық балмұздақ...

Тағлым тамшылары muftyat.kz 11.07.2017 149 0 пікір

Жақын бір жолдасым 3-4 жасар баласын құшақ- таған күйі емханаға әкелді. Баласының қызуы көтеріліп, не құсқанына дейін тәптіштеп ентіге жеткізуінен-ақ баласына деген әкелік махаббатының шексіз екендігін, баласы үшін терең уайымға салынғанын сезу қиын емес еді. Бір қарап шыққаннан кейін «Бір нәрсе жүрегіне тиіп қалған болар?» деп күдігімді айтқанымда:

– Тоңазытқышта тұрған бір килоға жақын балмұздақтың шамамен бәрін жеп қойыпты. Біз оны кейіннен білдік, – деді. Мәселенің мән-жайы енді түсінікті болды. Алайда баласын қатты жақсы көретін әкені сабаға түсіру баланы емдегеннен де қиынға соқты. Осы орайда баланың да әкесін қаншалықты жақсы көретіндігін білдіру әрі балаға ауыр тиген нәрсенің балмұздақ екенін байқату мақсатында:

– Балақай, қане айта қойшы, әкеңді қаттырақ жақсы көресің бе әлде балмұздақты ма? – деп сұрағанымда, бала еш ойланбастан:

– Балмұздақты, – деп жауап берген еді. Иә, бала небәрі 3-4-ақ жаста. Ол жақсы көрген нәрсесіне көзсіз құлай берілудің кейде зиянды болатынын білмейтін. Сондай-ақ, балмұздақты емес өзіне ерекше қамқорлық көрсетіп, оның бар жағдайын жасап отырған әкесін жақсы көру керектігін, өзінен ештеңесін аямайтын әкесінің балмұздақпен ешқашан салыстыруға келмейтін теңдессіз тұлға екендігін әлі ұғына қоймаған жаста еді.

Тек қана балалық әнтек сезім шеңберінен аса алмаған күйде солай жауап берген еді. Ал біздер ше, үлкендер?! Көбінесе әлгі әлі ештеңенің байыбына бара қоймаған, ана сүті аузынан кеппеген кішкене баланың кейпіне еніп, бізді шексіз нығметтерге бөлеп, ризық-несібемізді молынан үлестірген құдіреті күшті Ұлы Жаратушымызға шүкір етіп, сүйіспеншілікпен қарап, ерекше бір ықылас-пейілмен Соған бетбұрудың орнына Оның пәрменіндегі ойыншық іспетті дүние тіршілігін көбірек жақсы көріп жүрген жоқпыз ба?

Зиянды екенін біле тұра бір тұтам дүние тіршілігіне бар ынта-шынтамызбен құлай беріле кірісетініміз соншалық, Ұлы Жаратқан алдындағы құлшылығымызды да қаперге ілмей жүрген жоқпыз ба?! Әй, бұл пендешілікті қойсайшы?!

 «Байлық-алақандағы мұз, бақ-басқа қонған құс. Бірі-еріп кетер, бірі-ұшып кетер» деген даналар сөзі не деген мағыналы айтылған десеңізші?!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат