Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ТАҚУАЛЫҚҚА ЖЕТУДІҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

Талғат ОМАРОВ, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің Бас имамы 09.08.2017 387 0 пікір

 

 

   Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Тақуалық сөзі «аз сөйлеу», «сақтау», «қорғау», «әдепсіз әдеттерден, зиянды нәрселерден аулақ болу» деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғи мағынасын айтар болсақ, тақуалықтың түпкі мәні мен мағынасы: күнәлі істерден сақтану, ұятты амалдан алыс болу, Алла Тағалаға бойсұнып, өзіне және өзгеге жақсылық жасау... Демек, шариғатқа сай өмір сүру – тақуалықтың белгісі.

Тақуалықты қарапайым мысалмен сөз етуге болады. Бірде әйгілі сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тақуалық туралы сұраған кісілерге былай деді: «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?»

Сонда қасындағы адамдар: «Иә, өттік», – деп жауап берді. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тағы да: «Олай болса, сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» – деп сауал қойды. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», – деп жауап берді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», – деп түсіндіріп берді.

Тақуалық деген арнайы іздеп, уақыт-сәтін күтіп жасайтын амал емес. Алладан қорқу, күнәдан сақтану күнделікті тіршілігімізде, жұмысымыз бен отбасымызда көрініс табуы тиіс. Өйткені, шариғат сөзін тыңдаған адамның үйіне бақыт ұялайды.

Отбасындағы тақуалық дегенді қалай түсінеміз? Мәселен, жанұяңызда келіспеушілік немесе түсінбеушілік орын алды делік. Алланың разылығы үшін ашуыңызды ұстап, сабыр еттіңіз, керісінше, сол өткінші сынақты жақсылыққа қарай бұра білгеніңіз – сіздің тақуалыққа қарай қадам басқаныңыз.

Сынақты, яғни жамандықты жақсылыққа айналдыра білу дегенді айттық. Мұны қалай түсінеміз? Әр мұсылманның идеалы, әр істе үлгі алатын ұлық тұлғасы – соңғы пайғамбар Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) екені белгілі. Ендеше, біз, мұсылман үмбеті Алла Елшісінің бойындағы асыл қасиеттерден үлгі алсақ жеткілікті.

Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде болған өнегелі оқиғаны былай баяндайды: «Бір бәдәуи (көшпенді араб) пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне келіп, кіші дәретін сындырды. Мешітте отырған сахабалар әлгі бәдәуидің өте өрескел әрекетіне ашуланып кетеді. Оған айқайлайды, тіпті қол көтермек болып, орындарынан өре түрегеледі. Сәл болмағанда оған қол жұмсап қоя жаздады. Сол кезде Алланың Елшісі оларға: «Оны жөніне қалдырыңдар. Кіші дәрет сындырған жеріне бір шелек су төгіп, тазалай салыңдар. Сендер қиындатушы емес, жеңілдетуші ретінде жіберілдіңдер», – деді».

Бұл оқиғадан қандай сабақ алуға болады? Былай қарасаңыз, сахабалардың ашулануының өзіндік орны бар. Алланың жердегі үйіне дәрет сындыру деген сұмдық емес пе? Ал Алла Елшісі осы кезде қандай ұстанымда болған еді? Ол істі қиындатпады, керісінше, көркем түрде әлгі адамға мешітте дәрет сындыруға болмайтынын, мешіт – Алланың үйі екенін түсіндірді. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөзін ұққан көшпенді араб ісіне өкініп, Исламды қабылдаған деген деректер де бар. Егер оған қол жұмсалғанда, бәлкім ол өмір бойы Ислам, мұсылман деген ұғымдарды ұнатпай өтер ме еді? Алла Елшісі осы істі сабырлықпен, ұстамдылықпен жақсылыққа айналдыра білді. Бір адамның жүрегін жібітіп, оның түсінігін түзеу жолын ұстанды. Әрине, жамандық істеген адамның амалына жамандықпен жауап қайтару әр адамның қолынан келетін іс. Ал жамандыққа жақсылықпен жауап беру – нағыз мұсылманның қолынан келетін іс. Мұндайда халқымыз: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», – демей ме? «Таспен ұрғанды аспен ұр», – деген нақыл сөз де бар.

Алла Тағала «Фуссилат» сүресінің 34-аятында былай дейді:

«Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді».

Біреу сізге негізсіз қатты тіл тигізіп жатса, сіз осы сәтте қандай жағдайда болуыңыз керек? Әрине, ең біріншіден ұстамдылық қажет. Өзіңізді сол кісінің дәрежесіне түсірмей, яғни оған қарсы ашу көтермей, қатты ызаланып тұрсаңыз да өзіңізді ұстай алдыңыз, демек бұл сіздің бойыңызда тақуалықтың сипаты көрініс таба бастады деген сөз. Адамның осындай келеңсіз сәттерде өзінің ашуын басуы немесе үндемей қалуы сырттай қарағанда оның дәрежесінің түсіп кеткенін көрсетуі мүмкін. Жоқ, әсте олай емес. Алла сабырлы пенденің дәрежесін көтереді. Халқымыз: «Кең болсаң, кем болмайсың», «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес», «Ұлық болсаң, кішік бол», – деп босқа айтпаған.

Алла Тағала тақуа пендесін қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 177-аятында былай сипаттаған:

«Беттеріңді шығысқа не батысқа қаратуларың жақсы іске жатпайды, қайта Аллаға, қияметке, періштелерге, (Алладан түскен) кітаптарға, пайғамбарларға шынайы сену, Алланың ризалығы үшін мал-мүлкінен жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, (мал-мүлкінен қол үзіп қалған) жолаушыларға, қайыршыларға, құлдарды азат етуге заттай көмек беру, сондай-ақ намаз оқып, зекет беру, уәдеде тұру, жоқшылыққа, ауруға, (Алланың жолындағы) соғыс зардабына шыдамдылық көрсету – міне, осылар жақсылыққа жатады; нағыз адал адамдар, нағыз тақуалар – міне осылар».

Осы аятқа зер салсақ, айтылған амалдарды орындауға адам баласының шамасы жетеді. Алла Тағала пендесіне ауырлық қаламайды, керісінше жеңілдік қалайды.

Алла Тағала Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), тақуалыққа (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят), – деп баяндайды.

Сахабалардың өмір тарихына зейін қойып қарасақ, олар Алладан пайғамбарға аят түскен сәтте, яғни сол мезетте Жаратушының әмірін орындауға асығатын. Солардың бірі Әбу Талһа еді. Ол ансарлардың, яғни мадиналық сахабалардың арасында бай мұсылман болатын. Оның өзге адамдармен салыстырғанда ең үлкен құрма бағы бар еді. Құрма бақтарының ішінде Бәйруһа деп аталатын бақты өзгеше ұнататын. Осы бақ дәл мешіттің қарсы тұсында орналасқан болатын.

Кейде пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сол баққа кіріп, бұлақтан су ішетін. «Жақсы көрген нәрселеріңді (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл, білім, т.б.) Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деген аят түскен кезде Әбу Талһа пайғамбарымызға барып (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла! Алла Тағала: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деді. Мендегі бар дүние-мүліктердің ішінен Бәйруһа бағын өте жақсы көретін едім. Енді оны Алла жолында жұмсағым (шығындағым) келеді. Иншалла, Алла Тағала бәлкім менің бұл садақамды қабыл етер», – дейді.

Осыдан кейін аздаған үзілістен соң: «Уа, Расулалла! Ол бақты Алланың қалауы бойынша, жұмса», – дейді. Бұған ризашылығын білдірген Алла Елшісі: «Бұл – қандай олжалы сауда!» – деп алғысын жеткізді. Тағы бір деректерде, риуаяттарда пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сол сахабаға: «Бұл ісіңді қолдаймын. Бірақ оны туған-туыстарыңа, жақындарыңа таратқаның абзал», – деген екен. Ал Әбу Талһа болса: «Жарайды, солай орындаймын», – деп, Бәйруһа бағын жақындарына, туыстары мен ағайындарына теңдей бөліп берген екен.

Сол секілді сахаба Әбу Зәррдың (Алла оған разы болсын) да оқиғасы баршаға осы күнге дейін өнеге болып келеді. Ол ең жақсы көретін түйесін Алла үшін садақа еткен. Бұл туралы Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын) былай деген: «Раббымыз: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, шынайы түрде жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар», – деді. Куә болыңдар, бұл түйе менің ең жақсы көретін малым еді. Мен оны Алланың разылығы үшін садақа еттім».

Алла Тағала баршамызғы тақуалықты нәсіп етіп, өзінің рақымына бөлегей! Раббымыз екі дүниеде де жүзімізді жарық етіп, жәннатын нәсіп еткей! Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат