Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Басқа діндерде құрбандық шалу бар ма?

11.09.2017 57 0 пікір

Сұрақ: Басқа діндерде құрбандық шалу бар ма?

Жауап: Біздің дәуіріміздің бірінші жылдығындағы тарихи дереккөздерде оңтүстік Арабияда күнге, айға, Шолпанға ұлы құдайдай сыйынып, соларға құрбандық шалу рәсімі орын алғандығы мәлімденген. Ежелгі Иранда адамдар өз құдайларына әртүрлі өсімдіктер мен «хаома» деп аталатын сусынды құрбан етіп отырған екен.

Дегенмен,  Зороастр жануарларды құрбандыққа шалуға тыйым салған, бірақ оның өлімінен  кейін қайтадан жануарларды құрбандыққа шалатын болған.  Ирандықтар разылықтарын білдіріп Хурмузуға, ал зұлымдықтан қорғауды тілеп  Ахриманға құрбандық шалып отырған.  Сабилердің құрбандық шалу рәсімін шоқынған діни қызметкерлер басқарған екен.

Құрбандыққа кептерлер мен ешкілер шалынған. Құрбандыққа шалынатын жануарлардың қасиеттілігіне сенген сабилер оларға  тек шоқынғандарды ғана жолататын болған. Ежелгі Қытайда көптеген құдайларға әрі өлген ата-бабалардың рухтарына құрбандық шалынатын болған.

Құрбандыққа үй және жабайы жануарлар да шалынған. Құрбандық шалу арқылы адамдар құдайлардың ашу-ызасын басып, олардың беттерін өзіне қаратуға тырысып отырған. Иудаизмде Яхваның мейіріміне бөленіп, кешірімін алу мақсатында  құрбандық шалынатын. Сол үшін құрбандыққа шалынатын жануарлар, сондай-ақ, жемістер мен дәнді-дақылдар арнайы құрбан шалатын орында өртелетін. Бұл құрбандық шалу тарихы Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) кезінен бастау алады.  

Иудаизмдегі құрбандық шалу тәжірибесі 70 жылдары Иерсусалимнің құлауына дейін жалғасқан. Иудаизмде құрбандық шалу екі санатта өтеді: қанды және қансыз құрбандық.  Қанды құрбандыққа - Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) шариғатына сәйкес сойылған жануарлар жатады.  Ал қансыз  құрбандыққа - ауылшаруашылық өнімдері, жеміс-жидектер және шараптар жатады. Жәһилиәт заманында арабтар көптеген пұттарға құрбандық шалатын болған. Бұл құрбандықтар белгіленген күні, нақты бір оқиғаларға байланысты шалынатын.

Құрбандыққа ірі қара, түйелер, қойлар шалынған. Құрбандыққа шалынған малдың қанымен пұттарын жуып, ал етін пұттың қасына қалдырып, оны жабайы аң-құстар жеп кеткенше күткен.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат