Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Сүннеттің адам өміріне маңызы

Дүйсебаев Нұрболат Аманбайұлы, Алматы қаласы «Байкен» мешітінің найб имамы 13.09.2017 950 0 пікір

 

 

Сүннет – Алла елшісі мен Оның ардақты сахабаларының өмір сүрген кезеңінен біздің заманымызға дейін жеткен, қасиетті Құранмен қатар сақталып, әр ғасырда жүздеген алып тұлғалардың түрлі мәселеде шешім іздеп, жүгінген иләһи қайнар көз және шариғаттағы екінші негіз болып саналады.

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ (4)

Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық [Тин сүресі, 4-аят]  

Жаратылыстың ең ардақтысы болған адам баласына Алла Тағала тарапынан айрықша игіліктер берілген.

وَسَخَّرَ لَكُمُ الشَّمْسَ وَالْقَمَرَ دَائِبَيْنِ وَسَخَّرَ لَكُمُ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَ (33)

Алла тағала сендердің пайдаларың үшін күн мен айды да сендерге қызмет еткізіп , түн мен күнді де пайдаларың үшін жаратты. [Ибраһим сүресі, 33-аят]. Жер мен көктегі барша жаратылыс адамға бағынышты етілген.

وَإِذْ قَالَ رَبُّكَ لِلْمَلَائِكَةِ إِنِّي جَاعِلٌ فِي الْأَرْضِ خَلِيفَةً

Сол уақытта Раббың періштелерге «Әрине мен жерде бір орынбасар жараттым» [Бақара сүресі, 30-аят]  Жер бетіне орынбасар болу сынды ұлық міндет берілген адам ұрпағы  ақыл, жүрек, рух, түйсік және ар-ождан секілді сезу қабілеттеріне ие болуы арқылы басқа жаратылыстардан әлдеқайда жоғары тұрады

وَهُوَ الَّذِي أَنْشَأَ لَكُمُ السَّمْعَ وَالْأَبْصَارَ وَالْأَفْئِدَةَ قَلِيلًا مَا تَشْكُرُونَ (78)

Ол сендер үшін Есту көру және ойлау қабілетін жаратты. Сонда да аз ғана шүкіршілік етесіңдер [Мүминун сүресі,  78-аят]. Бұл адамның өзге тіршілік иелерінен артық етілгенін білдіреді.

أَيَحْسَبُ الْإِنْسَانُ أَنْ يُتْرَكَ سُدًى (36)

Сонда біз адамдарды еркіне қоя берді деп ойлай ма? [Қиямет сүресі, 36-аят] Міне, осындай қасиеттер берілген адам баласы әлбетте, елеусіз, ескерусіз қалдырылмайды және одан осы ерекшелігіне сай, лайықты құл болу талап етіледі. Құранда Алла Тағала:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنْسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ (56)

«Мен адамзатты тек қана (Мені танысын һәм) Маған құлшылық етсін, деп жараттым!» [Зарият сүресі,  56-аят] дейді.

  Ұлы Жаратушы адамзатқа өмірдің жалпы мағынасын, өзінің жаратылысының түпкі мақсатын, өмірге келуінің хикметін, жалғыздық пен мақсатсыздықтан құтқаратын болмысы айрықша, ерекше мінезділерді таңдап, оларды пайғамбар етіп жіберіп отырған. Бұл ұлы тұлғалар өздері өмір сүрген дәуірлерде асқан жауапкершіліктері арқылы адамдарға Хақты танытып, ақиқатты жеткізген әрі жол көрсеткен.   Пайғамбарлық міндеті адамзат пен жындарға ортақ болған пайғамбарлар тізбегінің соңғысы Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің пәк жаратылысымен, кемшіліктен ада келбетімен, ұлы мінезімен, сенімділігімен, арлылығымен, намыстылығымен, жоғары парасатымен, темірдей тұрақты мінезімен, ғажайып ділмарлығымен, терең құлдығымен және айрықша қабілетімен жіберілу мақсатына сай өмір сүрді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы айрықша болмысымен адамзат алдында сенімді жолбасшы, кәміл ұстаз, кемел тәрбиеші және пайғамбарлық парасаты арқылы құтқарушы іспетті болған. Ол туралы Құранда былай делінеді:

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآَخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا (21)

«Күмәнсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан  һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» [ Әхзәп сүресі, 21-аят]   Алла Елшісі (с.ғ.с.) ешкімге ұқсамайтын айнымас үлгі. Ол құлшылықты Ұлы Жаратушының талабына сай түрде орындауда жөні бөлек жолбасшы. Оның жолбасшылығына жіті назар аудару, өмірінің әр сәтіне хикмет көзімен қарау, Оған сый-құрмет танытып, қадір тұтуда қалыс қалмау және ойға берілгенде, сөзде һәм іс-әрекетте оның алдына шықпау

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا لَا تُقَدِّمُوا بَيْنَ يَدَيِ اللَّهِ وَرَسُولِهِ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ سَمِيعٌ عَلِيمٌ (1)

Әй мүміндер Алладан әрі Елшісінен ілгері кетпеңдер. Және Алладан қорқыңдар. Шүбәсіз Алла, аса естуші, толық білуші. [Хужурат сүресі, 1-аят] – мүміндердің Алланы жақсы көріп, мойынсұнғандығының көрсеткіші болып табылады

قُلْ أَطِيعُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَإِنْ تَوَلَّوْا فَإِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْكَافِرِينَ (32)

Оларға «Алла тағалаға және Пайғамбарға бойұсыныңдар» - де. Егер олар теріс бұрылса, Алла тағала кәпірлерді сүймейді. [Әли Имран сүресі, 32-аят].

  Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) жүрген жолы, өмір салты, дүниеге деген көзқарасы, адамзат қоғамына бағыт-бағдар берудегі принциптерінің жиынтығы болып табылатын қасиетті сүннеті болса, Оның бізге тастап кеткен ізгі аманаты. Оған иман етуіміз бен бойынсұнуымыз секілді мойнымыздағы жауапкершілігімізді оның асыл сүннетіне жүгіну арқылы, толассыз құрмет пен сый көрсету арқылы көрсете аламыз.

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ فَإِنْ تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللَّهِ وَالرَّسُولِ إِنْ كُنْتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآَخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلًا (59)

Иә, мүміндер Алла тағалаға да, Пайғамбарға да бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған басшыларыңа бағыныңдар. Егер бір нәрсеге келіспей қалсаңдар, сендер Алла тағалаға, ахырет күніне, пайғамбарға сенетін болсаңдар , оны шешкенде Алла тағала мен Пайғамбарға жүгініңдер . Сонда бұл іс қайырлы  әрі нәтижелі болады. [Ниса сүресі, 59-аят]. Өмірдің барлық жағын қамтитын Алла елшісінің сүннетіне жан дүниемізбен көңіл қою әрі бойұсыну – түпкі мақсатымыз әрі сүннеттің бағасы мен функциясын сезінуіміз болып табылады.   Сүннетке көңілмен ден қою Сүннеттің қадірін біліп, атқарар функциясын сезіну және оны іске асыру – ең алдымен оны қабылдап, мақұлдаудан басталады. Исламға иліккен әрбір адамның Ұлы Жаратушының талабына сай өмір сүруіде сүннетке мұқтаж екендігін қабылдауы қажет. Аллаға иман мен мойынсұнуға жетелейтін жолдың Оның елшісінің көрсеткен жолына еруден бастау алатындығын Құран Кәрім былай деп баяндайда:    

قُلْ إِنْ كُنْتُمْ تُحِبُّونَ اللَّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللَّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَحِيمٌ (31)

 «Егер Алланы шынымен жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді» [Әли Имран сүресі, 31-аят]. Осы аят түскен кезде мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ ибн Үбәй «Мынаны қараңдар! Мұхаммед өзіне бойысұнуды Аллаға мойынсұнумен тең көруде. Христиандардың Исаны жақсы көргеніндей біздің де өзін жақсы көргенімізді қалайды» деген әңгіме таратады. Сол кезде артынша мына аят түседі:

قُلْ أَطِيعُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَإِنْ تَوَلَّوْا فَإِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْكَافِرِينَ (32)

Оларға «Алла тағалаға және Пайғамбарға бойұсыныңдар» - де. Егер олар теріс бұрылса, Алла тағала кәпірлерді сүймейді.  [Әли Имран сүресі, 32-аят.] делінеді. Пайғамбарымызға мойынсұну болса – оны Алланың тағайындаған елшісі, дінді жеткізушісі деп біліп, Ұлы Жаратушының бұйрықтарынан хабар беруші болғандықтан оған Алла үшін мойынсұну керек. Қандай да бір елшіні қабылдау оның жіберушісін де қабылдауды білдірсе керек. Келген елшіні қабылдамау болса, оны жіберген мемлекетті және оның басшысын қабылдамау деген сөз. Олай болса Алла елшісін қабылдамау Ұлы Жаратушыны теріске шығару һәм Оған деген құрметсіздік болады[2].  

 Сүннеттің мәнін ұғыну Сүннеттің адам өміріндегі атқаратын қызметін ұғыну – сүннеттің түпкі мәнін түсіну және оның өмірде жол сілтеп, бағыт-бағдар беретіндігін білу болмақ. Бұл сүннетің бағасы мен қадір-қасиетін түсінген адам үшін маңызды. Әрбір адам өзінің өміріне қажетті болған немесе өзі үшін құнды деп тапқан нәрсесін жақынырақ танып-білуге ұмтылары, ол үшін барын салары анық. Себебі сүннетің мәнін түсіну өмірімізді жүйелеп, реттеуде айтарлықтай маңызды рөлге ие. Ғылыми негізі жоқ нәрселердің ғұмыры қысқа болары белгілі. Сол себепті адам баласы әр нәрсені ілім мен тәфәккүрдің негізінде қабылдауы қажет. Әйтпесе сенімінде, өмір салтында көптеген күдіктерге жолығып, соққыға төтеп беруде әлсіздік танытары хақ.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезеңінде жүзеге асқан сүннетті қабылдағысы келмей одан бері қаншама заман өтті, сондықтан да кейбір мәселелер қазіргі күнде іске асуы әсте мүмкін емес деп күмән мен күдікке жол ашу – бұл өзімізге және өзіміздің төл мәдениетімізге қарсы жасалған ең ауыр әділетсіздік болады. Асылында сүннет қиялдан туындаған мәдени дүниетаным емес. Оның негіздері нақты әрі іс жүзінде жүзеге асқан, ол қаншама халықтың өз-өздерін танып-білулеріне ықпал еткен иләһи кеңшіліктің бір көрінісі. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннетіне ерген арабтардың ширек ғасыр уақыттың ішінде мәртебесі артты. Бұл сүннет – селжүктерді білім мен мәдениетте шыңға шығарды, Османдықтарды ғасырлар бойы жетістіктен жетістікке жетеледі. Сүннет жолы – имам Әбу Ханифа, имам Бұхари, имам Тахауи, имам Матуриди, имам Ғазали сынды дүниені біліммен сусындатып, әлемді жарық нұрға бөлеген өресі биік алыптарды адамзатқа сыйлаған ұлы мәдениет   Бүгінгі таңдағы мұсылман қауымының мойнындағы міндет – өткен тарихтағы осы жетістіктерімізді санамалап мақтану емес, сүннеттің барлық ғасырлардағы түйткілдерді шешуге қабілетті екендігін, оның өмірімізді жақсы жаққа өзгерте алатынын және қандай жағдайда болмасын соған жүгінетінімізді көрсету.   Бұл жердегі бір өкініштісі сүннетті сөз жүзінде құрмет тұтып, маңыздылығын тілге тиек етумен шектелуіміз, іс жүзінде қолға алып, өмірімізге енгізе алмауымыз. Сөзіміз бен ісіміздің бір жерден шықпауы. Ал негізінде сүннетке деген құрметтің бір ғана жолы бар – ол Алла елшісінің бұйрықтары мен ескертулері негізінде өмір сүру. Өткен тарихымыздан алатын басты сабағымыз осы болса керек. Бұрын басқаға жәрдем қолын соза алатын мұсылмандардың қазіргі таңда қайыр сұрап, тіленшілік жағдайға түскендігі, сол арқылы Ислам әлемінің іргесі шайқалып, аянышты хәлге жеткендігінің негізгі себебі жылдар бойы оқуға мән бермей, селқостық танытқандығы. Енді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осындай түйткілдердің түйінін қалай шешкендігіне назар салып көрейік.   Пайғамбар қаласы саналған Мәдина да бұл проблемалардан ада емес еді. Һижреттің алғашқы жылдарында жоқшылықта өмір сүрген суффа сахабаларының* жағдайы Пайғамбарымызды алаңдататын. Бірде ауыр тұрмыстың салдарынан қолдары күс болып кеткен қызы Фатима (р.анһа) Алла елшісінен бір қызметші сұрайды. Сонда ол: «Суффа сахабалары таршылық көріп жатқанда саған қызметші бере алмаймын қызым. Олардың жыртығын бүтіндей алмай жатырмын. Құлдыққа түскендерді сатып, одан түскен қаражатты суффалықтардың қажеттіліктерін өтеймін», – деп жауап берген еді[3].   Расулалланың ошағында апталап, тіпті айлар бойы қазан асылмайтын. Суффа сахабаларының бірі  Әбу Һурайра мен Әбу Зәррдің (р.а) айтуынша олар кеш батқанда Алла елшісінің үйіне келеді екен. Пайғамбарымыз оларды үйінде қонағына берер азығы бар бірлі-жарым сахабалардың үйіне жібереді де, қалғандарын өзі тамақтандырады екен[4]. Бұл ұлы тұлғалардың сол кезеңде жоқшылықпен сыналғанына Мәдина көшелері куә. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) «Бүлігінен сақта деп Аллаға сыйынған»[5], «Мұқият болмаса, күпірлікке итермелейтінін»[6] айтқан осы кедейлік мәселесін шешу үшін – бірінші кезекте мүміндердің өзара бірлігін қамтамасыз етіп, қолындағы барын Меккеге тастап келген мұхажирлер мен оларды құшақ жаю күтіп алған ансарлардың арасында бауырластық орнатты. Осы бауырластықтың нәтижесінде ансарлардың мұхажирлерге демеу арқылы өзі мұқтаж бола тұра қолындағы барын беріп, жомарттық жасау олардың жараларының жазылуына жақпа майдай әсер етті. Сөйтіп нәтижеде Мәдинада жаңадан құрылған мұсылман мемлекеті экономика саласында алдыңғы қатарға шықты. Мұхажирлердің ұйытқы болуымен құрылған Мәдинада бой көтерген базар Ислам экономикасының сауда-саттыққа байланысты принциптері нақтыланып, яһудилердің саудадағы үстемдігін уақыт өте келе әлсіретті[7].

 Алла елшісінің (с.ғ.с.) жасаған бұл әрекеті – себептерге сүйене отырып, кедейлік пен жоқшылықтан құтылуда қолғанған тәсілі.   Һижреттің алғашқы жылдарында сахабалар арасында оқу-жазу білетіндердің саны тым аз еді. Құранның арабтарды умми халық екенін баяндауының бірден бір себебі осы болса керек[8]. Пайғамбарымыз бұған қатысты: «Біз арабтар үмми (оқу, жазудан бейхабар) бір қауымбыз» – деген болатын[9]. Осы себептен оқып жаза алатын адамдардың санын арттыру ісіне алғашқы күннен бастап көп күш жұмсалғандығын байқаймыз. Алла елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға бара сала алдымен мешіт салдырады, сол жерде жүргізілетін білім мәжілістерінде сахабалардың оқып үйренуін қадағалайтын ұстаздарды тағайындайды. Мешіттің бір бұрышына көлеңкелік баспана жасатып берген суффалықтарға Құран тәлімі мен оқу жазуды үйрету үшін Убәдә ибн Самитті тағайындайды. Абдуллаһ ибн Саъд әл-Аса (р.а) хикмет ілімімен айналысатындығы үшін оған «хикмет мұғалімі» лақабы берілді. Бәдір шайқасында қолға түскен Меккеліктерді он балаға оқу-жазу үйреткен жағдайда босататындығы туралы келісім Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабаларының оқып, үйреніп білім алуы үшін қандай мүмкіндік болса соны қалт жібермей қолданғанын көрсетеді. Расулаллаһ оқып-үйренуде тың жоспарлар жасап надандықты жеңудің бірден-бір жолын ашып көрсетті және қазіргі таңда еріктілер әрекетінің төрткүл дүниеге таралып бейбітшілік жолында жасап жатқан дастандарға бергісіз жанқиярлық әрекеттерінің де шабыт алар қайнар көзі болды.  

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығынан бұрын араб әлемінде ру-тайпаға бөліну, сол кездегі қауымдардың арасындағы алауыздықтың басты себептері болатын. Расулуллаһтың келуімен Мәдинада өмір сүрген Әус және Хазраж тайпалары арасында да тура осы жағдай бар еді. Исламды танып білместен бұрын өшпенділік, өкпе, кек дұшпандық сезімдерімен жүз жылдық қан кегі үшін бір-бірін өлтіру, мал-мүлкін тартып алу әрекетті орын алған. Бір жерде бас қосып тұра алмайтын дәрежеге жеткен. Алла Елшісіне (с.ғ.с.) биат етуден бірнеше жыл алдын Буас соғысында бір-бірін аяусыз қырып, жаншыған осы екі тайпа, Алланың игілігі мен қолдауының арқасында бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайтын, құшақтары айрылмас бауырларға айналды. Алла ол мүміндердің жүректерін жарастырды. Құранда Алла тағала:

وَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ لَوْ أَنْفَقْتَ مَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مَا أَلَّفْتَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ وَلَكِنَّ اللَّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْ إِنَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ (63)

Және ол мүміндердің жүректерін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бәрақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында Ол, өте үстем, аса дана .  [Әнфәл, 63-аят] Және барлығы тек бір жүрекке айналып тыныштыққа қол жеткізді. Олар Алла елшісінің иләһи ескерту ретінде ұсынған

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْ وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ (10)

Мүміндер өз ара бауырлас туысқандар! Ендеше, сендер туысқандарды татуластырыңдар! Алла тағаладан қорқыңдар – әрине , оның рақымына бөленерсіңдер. [Хужурат сүресі, 10-аят.] бұйрығына бойсұнуы арқылы бақытсыздықтан құтылған еді. Олар әз Елшінің: «Уа, адамдар! Алла жалғыз, барлықтарың Адам атаның ұрпағысыңдар. Ал Адам болса топырақтан жаратылған. Арабтың араб еместен, ақ нәсілдінің қара нәсілдіден тақуалықтан басқа нәрседе артық бола алмайды. Адамдар бір-бірінен тақуа дәрежесіне қарай үстем бола алады», ‒ деген өсиетіне соншалықты адалдық көрсеткен және осы жетістіктердің тек қана иләһи қолдаудың нәтижесінде ғана іске асқандығын ешқашан ұмытпаған. Мәдинадағы бұл бауырластық пен бірлік, сезімнен бұрын ақыл, логика және ерік күшімен жүзеге асқан бауырластық еді.   Сүннеттің бүгінгі күндегі мұсылмандар үшін беретін ең басты насихаты – сүйіспеншілік пен ауызбірлікте тек сезіммен ғана шектеліп қоймай жан дүниесімен, бар ой-санасымен, сенімі тұрғысынан біріккен саналы бауырластыққа ұмтылу.

 Қорыта айтқанда, сүннеттің өміріміздегі рөлін ұғыну өте маңызды болмақ. Мұны тиісінше түсіну үшін сүннетке деген мұқтаждығымызды жан дүниемізбен сезініп, оған көңіл қою, маңыздылығын ұғыну, өмірімізді дұрыс арнаға бұру үшін қандай негіздерге сүйену қажеттігін одан үйрену, сонымен бірге үйреніп қана қоймай оны тіршілігіміздің қайнар бұлағына айналдырып, одан қанып ішу, сөйтіп өмірімізге жандандыру арқылы мүмкін болады. Әсіресе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәтті су қайнар көзін қазіргі таңдағы мұсылмандарға ұсынып, оны әрі шариғат, әрі жаратылыс заңдылықтары тұрғысынан түсіну һәм қарау маңызды. Міне, осындай таным көкжиегі арқылы сүннеттің нұрлы жарығы шеңберінде кешегі күні қалайша өркениет құрып, адамзаттың игілігіне жараған болсақ, Алланың қолдауымен бүгінгі күні де, ертең де іске асуы мүмкін іс. Хикметі мен терең сыры арқылы бізді жарық нұрға бөлеп, өзімізді тани түсуімізге ықпал еткен сүннетті жанымыз бен тәніміздің негізгі сәулетшісіне айналдыру.  

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. М.Хамды Иазыр, Хак дини Куран дили, 2 том, 343-бет. * Бақыт ғасыры Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір сүрген кезеңді білдіреді.
  2. Ибн Саъд, Табақат, 2 том, 15-бет.
  3. Бухари, Жиһад, 156.
  4. Ахмәд ибн Ханбал, Муснәд, 1 том, 106-бет.
  5. Әбу Нуғайм, Хиләту әл-әулиә, 1 том, 352-бет.
  6. Бухари, Дағуат, 39.
  7. Әли әл-Муттақи, Кәнзу әл-Уммәл 6 том, 210.
  8. Бухари, Саум, Биат ету ‒ басшылығын мойындап, бағынуға серт беруі.
  9. Ахмәд ибн Ханбал, Муснәд, 6 том, 411.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат