Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Тақуа Мәриямның тарихы

www.muftyat.kz 12.10.2017 514 0 пікір

 

Баяғы заманда Имран есімді еркекке тұрмысқа шыққан Ханна деген әйел өмір сүрген. Олар Алланың шынайы құлдары әрі көркем жұп болған. Бір күні Ханна аяғының ауыр екенін біледі. Сонда ол ерекше дұға айтып, осы жаңа туатын нәрестені Алла Тағаланың жолында қызмет етуге арнайтынын білдіреді.

Ханна мен Имранның Мәриям есімді қыздары дүниеге келеді. Алла әйелдің дұғасын қабыл алып, оның қызы сұлу, шыншыл әрі тақуа болып өседі. Мәриямның ағасы Зәкәрия еврейлердің синагогінде дін қызметшісі болып қызмет істейді. Балауса қыздың өмірі Жаратушыға арналғанынан бастап, Зәкәрия оған қамқор бола бастайды. 

Бір күні ол Мәриямның бөлмесінде көп тамақ барын көріп қалады, таңқалады. Өйткені оған өзінен басқа ешкім тамақ әкелмейтін. Зәкәрия мұның бәрінің қайдан келгендігін сұрайды, сонда Мәриям: «Өзінің жаратқандарының бәріне қорек беретін Алладан», - деп жауап береді.

Мәриям бойжеткенде жалғыз болу үшін бірнеше күнге отбасынан кетіп қалады. Сол уақытын ол Алла туралы ойлаумен өткізеді.

Алла Тағала оған бір періштені жіберіп, ол былай дейді: «Мен саған қуанышты хабар ала келдім: жуырда сенің сәбиің дүниеге келеді. Бұл таңдаулы бала болады әрі оның есімі — Ғиса. Ол Алланың пайғамбары болады және күллі әлемдегі адамдар арасында сыйлы болады. Ғиса сәби кезінен бастап сөйлей алатын болады».

Мәриямның төбесіне тас түскендей болады әрі ұялып қалады. "Менің күйеуім жоқ, бала қайдан пайда болмақ" деп періштеден сұрайды. Ал періште болса: «Алла бәрін Өз қалауы бойынша жаратады. Ол бір нәрсені қаласа Оған тек «Бол» деп айту ғана жеткілікті ойға алынған дүние іске асады». Осыны айтып періште ғайып болады.

Мәриям үйіне қайтып келіп, қажетті киім-кешектерін алып, сәби Ғисаны өмірге әкелуі үшін қаладан кетіп қалады. Оның жағдайын ешкім түсінбейтінін әрі некесіз бала табудың үлкен айыптауға әкеліп соғатынын білетін. 

Бірнеше ай өткен соң, босану уақыты таяғанда Мәриям қатты ауыра бастайды. Көлеңке түсіріп тұрған бір құрма ағашын байқап, ыстық күннен соның көлеңкесін паналауды қалап, көлеңкесіне жата кетеді де, жалғыз шөл далада сәбиді өмірге әкелудің қандай қиын екені туралы толғанады. Мәриям мұңға батып кеткені сондай, сол сәтте бұл дүниеге мүлде келмесем етті деп ойлап қалады.

Сол кезде Мәриямға бір дауыс естіліп: «Мұңайма, Жаратушы сенің бейнетіңді жеңілдету үшін, таза мөлдір суы бар бұлақ дайындап қойды» дейді.

Мәриям жан-жағына қарап, расымен де қайнар бұлақты көреді. Денесін жуып, шөлін қандырады. Содан кейін бағанағы дауыс оған құрма ағаштың діңгегін сілкуді бұйырады. Мәриям солай жасағанда жерге жаңа піскен құрмалар түседі. Құрмаларды жеген соң, оның ауырғаны біраз басылады.

Дауыс Мәриямға ешкіммен сөйлеспеуге сөз беруіне бұйырады. Ол сөз береді. Содан кейін дүниеге Ғиса келеді. Сәбиін қолына алып, Мәриям қайтадан қалаға оралады. Көп ай өткен соң жас әйелді көрген адамдар шулай бастайды. Олар оны күйеуге шықпай, күнә жасап, жолдан бала тапты деп ойлайды. Ашулы топ Мәриямды тақуа ата-анаңның лайықты қызы емессің деп жазғыра бастайды.

Мәриям өзінің күнәсіз екендігін бәріне жайып салғысы келеді. Бірақ Аллаға берген сөзінде тұрып, еш тіл қатпайды. Ол тек іштей Алланың жәрдем беруін тілейді. Адамдар оны мазақ ете бастайды, сонда Мәриям қолындағы сәбиін жиылған қалың жұртқа көрсетеді. Олар болса: «Жаңа туған сәбимен біз қалай сөйлеспекпіз?», - деп шулай жөнеледі.

Ғиса адамдарға мұқият қарап алып: «Мен – Алланың қызметшісімін. Ол маған құрмет көрсетіп, мені пайғамбар етіп таңдады. Ол маған көптеген нығметтер дарытқан. Мен бұл өмірге бейбітшілік әкелу үшін келгенмін» деп, тіл қатады.

Осыдан кейін тыныштық орнайды. Адамдар бір ғажаптың болғанын әрі Ғиса өмірге келген сәтінен бастап расымен Алла Тағаланың елшісі екендігін түсінеді. Алланың қалауымен бұл пайғамбар кереметтер жасап, дұрыс жолды көрсетуге тырысады.

Міне, ең тақуа әйелдердің бірі — Мәриямның тарихы осындай. Ол өмірін Аллаға қызмет етумен өткізген, ал Алла оны адамдардан қорғап, көптеген қиындықтарды жеңуге көмектескен. Мәриямға Алла Тағаланың рақымы болсын. Әмин!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат