Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Бала тәрбиесінде ескерілуі тиіс 4 қағида

www.muftyat.kz 09.11.2017 518 0 пікір

Бала – Алла Тағаланың берген рақымы әрі сынағы…Алла Елшісі (ол кісіге  Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сендердің әрқайсың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші өзінің қол астындағыларға бақташы саналады, еркек өзінің жанұясының бақташысы, әйел де күйеуінің үйінде бақташы, әрі өзінің бақташылығына және оның балаларына жауапты. Сонымен, әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың баққандарыңа жауапкершілік көтересіңдер», - деген (Бұхари, 853; Мүслим, 1829).

Кез келген ата-ананың және салиқалы ұрпақ сүюді мұрат еткен жандардың көкейінде «Қайтсем Алла разы болатын ұрпақ тәрбиелеймін? Баламның бақыты  үшін, оның бойына адами қасиеттерді сіңіру үшін не істеуге болады?» деген секілді сансыз сұрақтар болары анық.

1. Үлгі болу

Бала – ата-ананың айнасы. «Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық» дейді қазақ. Ең алдымен, ата-ана өздері үлгі болуы тиіс. Балаңызға берген ақыл-кеңесіңіз өз бойыңыздан табылмаса оған құлақ аса қоюы екіталай. Сол үшін де өзімізді тәрбиелеп, жетілдіруге көңіл бөлгеніміз дұрыс. Асыл дініміз исламның көркемдігі өз бойымыздан табылғанда ғана баламыздың мінезіне сіңіре аламыз.  

2. Өзара сыйластық

 Жанұядағы ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы өте маңызды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, баламыздың келешектегі отбасылық түсінігі, қарым-қатынасы балалық шақта көргеніне байланысты болмақ. Әйелі ерін сыйлайтын, ері әйелін құрметтейтін текті отбасыдан текті бала шығады. 

3. Бос уақытын бақылау

Заман солай деген желеумен баламыздың компьютер, планшет, ұялы телефон және теледидар секілді сандық техникалармен бар уақытын сарп етуіне мүмкіндік беріп жататынымыз жасырын емес. Жарты күнін экран мен суперзаманауи гаджеттердің алдында өткізетін бүгінгі баланың ертеңіне ертерек алаңдасақ, ұтылмасымыз анық. Ол үшін баламыздың түрлі гаджеттерді қолдану уақытын шектеп қана қоймай, көріп отырған дүниесінің мазмұны дініміз бен діліміздің құндылықтарына қайшы келмеуін де қадағалап отырған абзал.

Сандық индустрияның данышпаны Стив Джобс балаларына гаджеттерді түнгі уақыттарда және демалыс күндері қолдануларына тыйым салған.

Тәрбиесінде кем-кетік болмауы үшін түрлі тыйымдардың орнына балама зат, әрекет ұсынып, соған қызықтырған өтімдірек. Айта кетерлік жайт, олардың бала денсаулығына тигізер зияны жетерлік. 

4. Мейірімді болу

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларға өте мейірімді еді. Әл-Ақра ибн Хабис әз пайғамбардың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жиені Хасанды сүйіп жатқанын көріп: «Менің он балам бар, бірақ мен оларды сүймеймін», - деген екен. Сонда Алла елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Өзі мейірімді болмаған жан, мейірімге кенелмейді»,- деп жауап берген. (Мүслим)

Балаңызбен қарым-қатынас кезінде барынша жұмсақтық танытып, басынан жиі сипап, жақсы іс жасаса, мақтай түсу-құптарлық іс. Мақтан сүйетін бала тілалғыш келеді. Мейірімділік танытар болсақ, болашақта байсалды, жанашыр, мінезі жұмсақ азаматты тәрбиелеп шығарымыз анық. Бала тәрбиесі басынан осылай қолға алынса, жұғымды болады. Берген тәрбие тасқа қашап жазу жазғандай жүрегіне әсер етіп, жеміс береді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат