Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

КҮНӘҢДІ ТАУДАЙ КӨРІП, ТӘУБЕ ЕТ...

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ, Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің наиб имамы, дінтанушы www.muftyat.kz     08.01.2018 1490 0 пікір

 

Бұл өмір әрбір жұмырбасты пенде үшін сынақ мекені. Ақылы бар жан жалғанның сынақ сәтінде жүргенін сезініп, өмірлік һәм ақыреттік жауапкершілігін білуі қажет. Дейтұрғанмен, өздерін сұраусыз дүниеде жүргендей көретін адам баласы тыйым салынған істерге тез бой алдырып, күнә атаулыға белшеден батары хақ. Күнәдан құтылудың және онан тазарудың жолын дініміз нұсқап, жөн-жосығын көрсетіп те берді.

«Күнәм жоқ» немесе «күнәм көп» деп тағы да жәйбарақат жер басып, бос жүру мұсылманға жараспас дүние. Сол үшін Алланың мейірімінен үміт етіп, қаһарынан қорқа да білу керек. Шынайы иман иесі болған мүмін аз немесе көп болсын күнәларын таудай көріп, онан тітіркеніп, әрдайым тәубеге асығады. Бұл хақында Алла Елшісі ﷺ: 
«Мүмін күнәсін тау секілді көріп, үстіне құлап кетуінен қорқады. Екіжүзді мұнафық болса, жасаған күнәсін мұрнына қонған және тез ұшып кететін шыбын секілді көреді», - деген. 

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз ﷺ: «Күнә жасағанның ақылы жоғалады, ол қайтадан оралмайды», - деп айтқан. Ислам тарихынан алынған мына бір аз ғана үзінді түсінгенге үлкен дәріс.

Әділетті төрт халифаның бірі хазіреті Омар (р.а.) заманында кедейлерге, қамқорсыз жетімдерге, тұл жесірлерге арқалап ұн тасып беретін. Оның ұн тасып бара жатқанын көрген бір кісі:

-  Ей, мүміндердің әміршісі! Арқаңыздағы ұнды маған беріңіз. Мен көтеріп апарайын, - деді. Сонда хазіреті Омар (р.а.):

-  Қиямет күні менің күнәларымды кім көтереді? – деп жауап беріп, сауап ісін онан әрі жасай түскен екен. (Имам Шарани, Табақатул-Кубра)

Әуелі адам баласы қысқа ғұмырында тура жол таба білуі керек. Және де жасаған азды-көпті күнәларына күн сайын көз жүгіртіп, онысын көз алдында таудай елестетіп, жатпай-тұрмай Алладан жалбарынып кешірілуін сұрауы қажет.

Нәпсіге құл болып, күнәсін шыбын құрлы көрмейтін бәзбір жандар қаншама?! Ал оның қоғамға тигізер зияны тіптен шаш-етек. Күнәға мән бермеудің ақыры  апатқа соғары тағы бар. Соның кесірінен пенде бойында арсыздық орын алып, адами құндылықтар түбегейлі жоғала бастайды. Алланың Елшісі ﷺ мұны былай деп жеткізген: 

«Күнә істеген кезде көңілде бір қара нүкте пайда болады. егер тәубе етілсе, ол дақ өшеді. Күнә істеуін жалғастырса, ол дақ үлкейіп көңілді толығымен қаптайды».

Ал шын тәубе жасағанға ізгілік бар. Мейірімі кең Алла тағала тәубе еткенді, ізгі іс жасағанның күнәларын сауапқа айналдырады. Құранда:

«Кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді», – делінген. («Фурқан» сүресі, 70-аят)

Адамды күнәдан тазартып, жүректі жұмсартатын амалдың бірі – истиғфар. Пайғамбарымыз ﷺ:

«Кімде-кім истиғфарды аузынан тастамаса, оған Алла тағала кез-келген тығырықтан шығу, әртүрлі қайғыдан құтылу жолдарын көрсетеді және оған күтпеген жерден ризық береді», - деп өсиет еткен.

Қазіргі қоғамда орын алған арсыздық, кісі ақысын жеу, ұрлық, аманатқа қиянат ету, сөзде тұрмау тағы басқа әрекеттердің бір ұшы «күнә» дегенді елемеуден тууда. Пайғамбарымыз ﷺ: 

«Күнәдан жиіркенетін және ғибадаттан ләззат алатын адам – шынайы мұсылман», - деп айтқан.

Қорыта айтпағымыз, күнә мен сауапты ажыратқан пенде ғана Алланың сүйікті құлы болып, адамзатқа пайда әкелер ардақты жанға айналады. Олай болса, ғұмырлық күнәңді таудай көріп, күн сайын тәубе етуден шаршама. Бұлдағы  шын тақуалықтың белгісі. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат