Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Алла елшісі мен Мәдиналық яһуди ғалым

muftyat.kz 08.02.2018 1304 0 пікір

 

Зейд ибн Суъна пайғамбарымыздың заманында өмір сүрген Мәдинадағы  атақты яһуди ғалымы болған. Ол жайлы бұл оқиғаны пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мәртебелі сахабасы Абдулла ибн Сәләм жеткізген.

Абдулла ибн Сәләмнің айтуынша бірде Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдиналық кедей мұсылмандарға көмек беру үшін Зейдтен мерзімін белгілеп, қарыз алады. Келісілген уақытқа екі- үш күн қалған кезде әлгі Зейд Пайғамбарымызға келеді, ол кезде пайғамбарымыз  Әбу Бәкір, Осман, Омар және өзге сахабалармен бірге жаназа намазын оқып жатыр еді. Намаздан соң Зейд пайғамбарымыздың жанына келіп, жағасынан алып былай дейді: «Ей, Мұхаммед! Неге сен қарызыңды өтемейсің? Алламен ант етемін, қарызын өз уақытында төлемеуді ұнатудан басқа отбасың жайлы ешнәрсе білмеймін. Сенің руыңның адамдарын жақсы білемін».

Мұны естіген Омар қатты ашуланып, былай дейді: «Ей, Алланың дұшпаны! Сен мен естіген сөздерді Алла елшісіне айттың ба? Сен шынымен де, мен көргендей оның жағасынан алдың ба? Жаным қолында болғанмен ант етемін, егер сен пайғамбардың жанында болмағаныңда қылышпен басыңды шауып тастар едім!»

Зейд ибн Суънаға сабырлықпен қарап тұрған Алла: «Ей, Омар! Бізге оның керегі жоқ. Маған қарызымнан құтылуға сенің кеңесің керек. Оған сыпайы қарым- қатынас жаса, Омар, онымен бірге барып, қарызымды төле де, оны қорқытқаның үшін үстіне 20 саъа (44 кг шамасында) құрма қосып бер»,-дейді.  

Омар Зейдті ертіп барып, оның қарызын беріп әрі 20 саъа құрма қосып береді. Зейд қарыздың еселенуінің себебін сұраған кезде Омар оны қорқытқаны үшін үстіне қосып беруін Алла елшісінің бұйырғанын айтады.

Ары қарай болған жайтты Зейд өзі былай деп баяндайды:  

- Мені танымадың ба, Омар?

- Жоқ,- дейді ол.

- Мен Зейд бин Суъна.

- Яһуди ғалымы ма?

- Иә, сол.

- Олай болса Алла елшісімен олай сөйлесуге не нәрсе мәжбүрледі, неге олай істедің? – деп сұрады Омар. Мен былай деп жауап бердім:

- Мен Мұхаммедттің жүзіне қарап, бірден көзге түсе қоймайтын екі сипаттан басқа барлық пайғамбарлық сипаттарды көрдім. Бірі – оның сабырлығы, ал екіншісі – оның сабырлығы ақылсыздықпен бетпе бет келгенде арта түсетіні. Енді мен осы екі сипатты анық көрдім. Ей, Омар! Мен Аллаһты Раббым деп, Исламды дінім деп, Мұхамедті пайғамбарым деп разымын. Куә бол, мен байлығымның жартысын Мұхаммедтің мұқтаж болған үмметіне беремін. 

Осыдан соң Омар мен Зейд Алла елшісіне  келеді де Зейд: «Мен Алладан өзге тәңір жоқ әрі Мұхаммед Оның елшісі және құлы екендігіне куәлік етемін және де мен оған иман келтірдім»,- деп жар салады.

Осылайша Зейд Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығына иман келтіріп, ант етіп, оның қолын алады. Кейін Зейд пайғамбарымызбен (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жорықтарға шығады әрі ол Тәбук жорығында дін үшін шайқаста қаза болады.   

Жоғарыда келтірілген тарихи оқиға біздің пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) керемет көркем мінезін көрсетеді. Әбу Хамид әл- Ғазали өзінің «Ихиә улум әд- дин» еңбегінде ардақты пайғамбарымыздың керемет қасиеттерін жазып өтеді, соның бірнешеуін төменде келтіреміз:

  • Ол адамдардың ең сабырлысы, әділі әрі данасы болған;
  • Адамдар арасындағы ең қарапайымы болған және де ешқашан ешкімнің көзіне тура қарамаған;
  • Ол құлдың да, еркін адамның да сөзіне жауап берген, бір кесе сүт болса да сыйлықты қабыл алатын да, осы үшін сый беретін.
  • Раббысы үшін ашуланатын, алайда өзі үшін ешқашан ашуланбаған;
  • Өзіне және сахабаларына зиян тиер болса да ақиқаттан аумаған. Ол өзінің бір сахабасының денесін яһудилер тұратын жерден тауып алады, алайда оларға шариғаттан асып, зұлымдық көрсеткен жоқ.
  • Қонаққа баратын, ауруды зиярат ететін және жаназаға қатысатын.
  • Ол ең байсалды әрі қарапайым, жылы сөзді, сырт келбеті ең тартымды адам еді.
  • Асын кедей- кепшікпен бөлісіп, мұқтаждарға бертін; жақсы адамдарды құрметтеп, билік иелерімен жұмсақ қатынаста болып олардың жүректерін жібіткен;
  • Ол туыстық қарым- қатынасты үзбеген, ол ешкіммен дөрекі сөйлеспеген.
  • Кешірім сұраған адамды кешірген; ол қалжыңдаса да тек шындықты айтатын әрі қатты күлмей, тек жымиятын.
  • Уақытын бос өткізбейтін – тек Аллаға құлшылық ету мен өзін дамытуға арнайтын. Кедейді кедейлігі үшін сөкпеген немесе ауруды дерті үшін, ол басшы мен бастықтардан қорықпаған.

 

Ескерту:

Жоғарыда келтірілген оқиға Табараниден жеткен, ол жайлы Хайтами оқиға рауиларының барлығы сенімді деген. Сонымен қатар, өзге ғалымдардан оны Ибн Мәжа, Ибн Хибан мен әл- Хаким жеткізген.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат