Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

БІЗДЕГІ ЖАҚСЫНЫ БҰЗАТЫН НЕ немесе ҒАЙБАТ АЙТУДАН ҚҰТЫЛУДЫҢ 5 ЖОЛЫ

muftyat.kz 05.03.2018 1403 0 пікір

 

Досыңыздың бауырынан, ол болса көршісінен естіп алып, арасына ойынан қосып жіберіп айтқан әңгімелерді көп естіген боларсыз.

Өсек сөз өте қауіпті әрі оның зияны үлкен. Ол қоғамдағы кемелділікті бұзады. Адамдар табиғатынан өзгелер жайлы қызықты ақпараттармен «бөліскіш» келеді әрі оның артында өздеріне келетін зиян жатқанын көрмейді.

Күнделікті сөйлеген сөзіміз бен ойымыз, жасаған амалдарымыз үшін жауап беретінімізді әсте-әсте есімізге салып отыруымыз қажет. Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 6- аятында бұл жайлы:

«Уа, иман келтіргендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық- қанығын біліп алыңдар. Әйтпесе, білместікпен әлдебір қауымның обалына қалып, артынан істеген істеріңе өкініп жүрерсіңдер»,- деп ескерткен.

Бірде бір хаким кісі әлдебір адамның үнемі сөз тасып жүргенін естиді екен. Сонда ол кісі әлгі адамға бір жастық әкеліп, оны жыртуға бұйырады. Әлгі адам жастықты жыртқан кезде ішіндегі қауырсындары жер-көкке ұша бастайды. Сонда хаким кісі әлгі ұшқан қауырсындарды қайта жинауға әмір етеді. Сонда сөз тасушы адам:

«Оларды жинау мүмкін емес екенін жақсы біліп тұрсың ғой, жан-жаққа ұшып кеткендерді қалай жинап келемін?»,- дейді.

Сонда қарт: «Өсек сөз бен өзгенің құпиясы да осындай, сенен шыққан соң, қайдан табылатыны белгісіз»,- деген екен.

Осылайша, сөз тасушы адамға шынайы тәубе етіп, сыртынан сөз еткен адамдардан кешірім сұрауға кеңес береді.

Жаратушы Хақ Тағала біздерге:

«Уа, иман келтіргендер! Ой атаулының көбінен аулақ болыңдар! Өйткені ой атаулының бір парасы күнәға жатады. Бір- біріңді аңдымаңдар және бір- біріңді ғайбаттамаңдар! Қайсыбірің болмасын, өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Әнеки, бірден жиіркендіңдер. Ендеше, Алладан қорқыңдар! Шүбәсіз, Алла – Тәууәб, Рахим»,- деп бұйырған.  («Хужурат» сүресі, 12- аят)

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Адам баласы ұйқыдан оянған кезде бүкіл дене- мүшесі тіліне: «Біз үшін Алладан қорық! Сен түзу әрі таза болсаң, біз де таза боламыз, егер сен қисық кетер болсаң, біз де қисаямыз»,- дейді»,- деген. (Тирмизи)

Бірде ардақты пайғамбарымыз: «Өсек деген не?»,- деп сұрайды. Сонда сахабалары: «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі»,- деп жауап бергенде: «Бауырыңды ол ұнатпайтын сөздермен еске алуың»,- дейді. Араларынан біреуі тұрып: «Егер сол айтылғанның барлығы бауырымның бойында бар болса ше?»,- деп сұрайды. Пайғамбар: «Сенің айтқандарың оның бойынан табылар болса, бауырыңды ғайбаттаған боласың, ал егер жоқ болса, оған жала жапқаның»,- дейді. (Муслим)

Кез келген қоғамда өсек- аяң болары сөзсіз. Күйбең тірлік біздерді де қаңқу сөздермен ұшырастырып жататыны жасырын емес, ал танысымыз жайлы қызықты оқиға естуге құмарлықты жоққа шығара алмаймыз. Біз адамдарды өзгерте алмаймыз, алайда өсек сөздерге деген қарым- қатынасымызды өзгертуге шамамыз жетеді. Қаңқу сөздің тастай түйілген түйінін шешетін адамға айналу қолымыздан келеді. Ол үшін мына жайттар есімізде болуы керек:

 Өзіңізді ғайбатталушының орнына қою

Сіздің құпия сырыңызды немесе жеке басыңыздағы жағдайды өзгелер біліп, соны сөз еткенін қалар ме едіңіз? Солай болса, қандай күйге түсер едіңіз?

Адамдардың жақсы жақтарын көру

Кез келген адамда, сонымен қатар, сізде де сынға ұшырауға, мазақтауға тұрарлық кемшіліктермен қоса, мақтауға лайық жақсы қасиеттер бар. Жақсы қасиеттерді көре білетін адам болуға тырысу керек.

Алладан қорқу, тәубе ету

Алла Тағаланың барлық нәрсені Көруші әрі Естуші екені үнемі жадымызда жүруі керек. Есеп күнінде мойнымызға ауыр жүк арқалап алдына келетінімізді де естен шығармаған жөн. Егер өсек сөзге аңдамай араласып кеткен болсақ, шынайы тәубе еткен дұрыс, Алла тағала кешірім Иесі.

Өсек сөз тыңдауға әуестенбеу

Адамдар өзгелер жайлы ғайбат айтып жатқан кезде ол жерде отырудың өзіне шариғатта тиым салынады.

Тақырыпты өзгерту немесе ол жерден тұрып кету

Құранда: «Олар бос, бейәдеп сөз естігенде, сырт айналып: «Біздің істеріміз өзімізге, сендердің істерің өздеріңе. Біз сендерге жақсылық пен есендік тілейміз. Әйтсе де, біз надандарға жақын болуды қаламаймыз»,- деп айтады»,- делінген. («Қасас» сүресі, 28- аят)

Істеген барлық ізгі амалдарды ауыздан шыққан бір сөзбен жоқ етуге болады. Шынайы мүмін өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян бермейді.

Алла Тағала амал дәптерімізді ғайбаттан таза етсін! Әмин!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат