Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ЕҢ ҚҰНДЫ ЕКІ УАҚЫТ

muftyat.kz 16.05.2018 2767 0 пікір

Рамазан айында ерекше құндылыққа ие екі уақыт бар. Ол кезде кез келген пенде дұғасын жасап, арман-тілегін сұрай алады.

Әз елші, екі жиһан сардары, ардақты пайғамбарымыздан ﷺ қандай дұғаның қабыл болатыны жайлы сұрағанда:

«Түннің соңғы бөлігіндегі дұға»,- деп жауап берген болатын.

Бұл уақыт – таң намазы кіргенге дейінгі уақыт. Не себептен бұл уақыт өте құнды болып саналады? Себебі, Алла Тағала әр түні дүние аспанына түсіп, Өзінен сұраушыларға қалағанын береді. Осыған қарамастан, көпшілігіміз бұл уақыттарға немқұрайлы қараймыз. Дұға тілеп, кешірім сұраудан бұрын жылы төсегімізді қимай жатып қалатынымыз жасырын емес.

Егер шынайы ықылас, ниет болмаса, түнгі уақытта ешқашан тұра алмаймыз. Дәл осы уақытта Алла Тағала сұрағаныңызды беретініне шынайы түрде иман келтіріп, сенбейтін болсақ, ұйқымызды қия алмаймыз. Шынайы тәубе етіп, Алланың кешіріміне шынайы түрде құлшынбасақ, көзімізді де аша алмасымыз анық.

Ниетіміз бен құлшылығымызда шынайылық пен ықылас пайда болған кезде ғана ұйқымызды қиып тұра алатын халге қол жеткіземіз.

"Әр кеште түннің әуелгі үштен бірі өткенде дүние аспанына түсіп: «Мен Патшамын, Мен Патшамын, Маған дұға етуші бар ма, оны қабыл етейін; Менен сұраушы бар ма, оған берейін; Менен кешірім сұраушы бар ма, оны кешірейін», – дейді. Бұл таң атқанша жалғасады".

Бұл өте ғажайып әрі ерекше уақытты бос өткізіп алмауға тырысу қажет. Өзге уақытты есепке алмағанда, Рамазан айында бұл құнды уақытты бос жіберіп алуға болмайды. Рамазан айында бұл уақыт әдеттегіден әлдеқайда маңызды әрі қастерлі болуы тиіс. Оның үстіне, Рамазан айында біз сәресіне тұрамыз, сондықтан да бұл уақытта ояу болуға өте қолайлы. Сәресін қалдырмай ішіп жүру Алла елшісінің ﷺ сүннеті.

«Сәресі уақытында береке бар. Сондықтан бір жұтым су ішсеңдер де, оны қалдырмаңдар»,- деген.

Сәресі күні бойы құлшылық қылып, Құран оқып, Алланы еске алуға күш береді. Рамазан айында ораза тұтушы адам жалқаулық, ықыластың жоғалуы секілді қиындықтарға тап болуы ықтимал. Өйткені ораза – тек ішіп-жеуден тиылу ғана емес, жаман сөздер мен жат қылықтан тосылу болып табылады.

Алла елшісі ﷺ:

«Ораза – қалқан, сондықтан (ораза тұтушы) бұзықтық істемесін және надандыққа жол бермесін. Ал егер бір кісі оған соқтықса немесе балағаттаса, екі рет: “Мен оразамын”,-деп айтсын»,- деген.

Сәресі біздің ораза әдебін сақтауымызға жәрдем береді. Сондықтан да, сәресіне біраз уақыт бұрын тұрып, дұға мен кешірім тілеуге де уақыт бөлген жөн.

Ықыласпен дұға тілеуге ынталандыратын тағы бір уақыт бар. Құранда Алла Тағала өзінің тақуа құлдарын мақтап, олардың жәннатта мәңгі болатындары жайлы баяндайды. Ол адамдардың ерекшелігі сол, олар таң атар алдында және күн батқан уақытта Алла Тағаладан кешірім тілейді деп баяндалған.

Ол уақыт – ақшам намазының алдындағы уақыт. Қарның ашып, шөлдеп, әлсіреп тұрған кезде кез келген адам өзінің әлсіз пенде екенін түсінеді, Алла нығмет бермесе халінің мүшкіл болатынын мойындаған күйге енеді. Дәл осы уақытта ықылас пен ниет шынайы болады екен, ал шынайы ықыласпен жасалған дұға қабыл болатыны рас.

«Раббыларыңа іштей (яғни, бәсең дауыспен) жалбарынып, дұға етіңдер. Шүбәсіз, ол шектен шыққандарды ұнатпайды»  

Алайда бұл уақытта ауыз ашар дастарханымен әбігерленіп жүріп қалуымыз ықтимал. Сол себепті Рамазан айындағы құнды уақыттан қапы қалып қаламыз. Дегенмен, бұл Рамазан мүлде басқаша болсын. Ауыз ашар алдында дұға тілеп, тәубе ету үшін бар мүмкіншілікті жасайық.

Алла Тағала баршамызды ең құнды екі уақыттың нығметінен мақұрым қалдырмасын! Әмин!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат