Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

МАЗЛҰМНЫҢ ОБАЛЫНА ҚАЛМА

muftyat.kz 23.07.2018 679 0 пікір

Залым – зұлымдық еткен, өзгенің ақысына қол жүгірткен, жұрттардың мал-мүлкін тартып алған адам деген сөз. “Залым” сөзінің екінші мағынасы – Алла Тағаланы жоққа шығарған, сенбеген адам дегенді білдіреді. Сол себепті хадисте былай делінген: 

«Залымның ұзақ өмір сүруі үшін дұға ету, Алла Тағалаға қарсы шығушылықтың көбеюін қалау деген сөз»

 

Ал "мазлұм” – зұлымдыққа, әділетсіздікке ұшыраған, жәбірленген, ұрып-соғылған, масқараланған, ренжітілген, қолынан малы-мүлкі тартып алынған, ұрланған, сөгілген адам деген сөз. Пайғамбарымыз: 

«Үш кісінің дұғасы міндетті түрде қабыл болады. Мазлұмның (зұлымдыққа ұшыраған адамның), қонақтың және әке-шешенің»,- деген.

Тағы бір хадисте былай делінген: 

«Мазлұмның бетдұғасынан(қарғысынан) қорқыңдар. Өйткені онымен Алла Тағала арасында перде болмайды» 
 

Жалпылама "залым" сөзі "өзгенің ақысына зұлымдық еткен, қол салған, ақысын жеген, жәбірлеген" деген мағынада қолданылуда. Алланың, адамдардың және жануарлардың ақыларына қол жүгірткен адам залым болып табылады. Адам тіпті өз-өзіне де залым бола алады.  

  
Өмірін Исламның әмірлерімен тыйымдарын үйрену және үйретумен өткізген хазреті Әбу Исхақ қайтыс боларының алдында мына өсиеттерді айтқан:

«Залымдардан және оларға жақын болған адамдардан ұзақ жүр. Кімде кім бұларға қарай бейімделсе, ғалым және құрметті адам болса да, салихтер және Алла адамдарының жанында қадірі қалмайды. Пайғамбарымыз былай деген:

«Мына үш нәрсені істегендер күнә істеген болады. Екі топтың арасына іріткі салып, бүлік шығарғандар; ата-анасына қарсы шыққандар; залымдармен дос болып, олардың зұлымдығына көмектескендер» 

Сонымен қатар, Алла Тағала былай деген:

"Мен күллі әлемнің Раббысымын. Иззет (құдірет) және Жалал (ұлылық, қаһарлық)сипатыммен ант етемін, Мен залымдардан кек аламын. Бір адам залымның қолында зұлымдық көріп жатқан мазлұмды көріп, бұған кедергі болуға күші жете тұра мазлұмға көмектеспесе, ол адамнан кек аламын",- деп бұйырған.

        

Мұхаммед Хадими:

“Күнәнің ең жаманы – зұлымдық жасау. Өйткені ол ашық түрде жасалуда және құл ақысы тапталуда. Али-Имран сүресінің елу жетінші және жүз қырқыншы аяттарында: «Алла Тағала залымдарды жақсы көрмейді» делінген. Хадисте де: «Залымның ұзақ өмір сүруіне дұға ету – Аллаһу та'алаға қарсы шығушылық болуын қалау деген сөз»,-дейді.

Суфиян әс-Сәури: «Шөлде бір залым адам сусыздықтан өлейін деп жатыр. Оған су берсек бола ма?» деп сұралғанда, «Жоқ, бермеңдер» деп бұйырған. Залым үйін зұлымдықпен, озбырлықпен тартып алған болса, ол үйге кіру харам болады. Залым болмаған күнәһар адамға қарапайымдылық танытқанның дінінің үштен екісі кетеді. Ал залым адамға қарапайымдылық танытудың зияндығын осыдан да түсіну керек". 

Сахабалардың ұлыларынан болған Муаз бин Жәбәл:

“Өлімге жақсы мұсылман ретінде дайын бол! Зұлымдық көргендердің қарғысынан абай бол және ешкімге зұлымдық етпе!”-деп бұйырған.

 

Бір залым адам дін ғұламаларының біріне зұлымдық жасай береді екен. Бұл ғалымды танитындар: "Бұл залымға кері дұға (қарғыс) жасасаңызшы",– дегендерінде ғалым: "Ол маған емес, өзіне дұшпандық етіп жүр. Өзіне жасаған бұл зияны оған жеткілікті. Онымен қоса басқа зиян келтіре алмаймын",– деген екен.

Хадисте: «Адам өзіне зұлымдық еткенді қарғайды. Осылайша ақысын дүниеде алған болады. Бәлкім залымның ақысы да өзіне өткен болуы мүмкін»,-деп айтылған. 

Зұлымдыққа ұшыраған адамның, көрген зұлымдығындай ақысы бар. Бұл ақысын қайтару үшін, осы ақысынан артық кетсе өзі залым болады. Өйткені Мәжәллә кітабының 921-бабында: “Зұлымдық көрген адамның өзгеге зұлымдық жасауға ақысы жоқ. Екеуі де өтейді. Мысалы: біреуге алданып жасанды ақша алған адам, бұл ақшаны өзгеге бере алмайды.” делінген.

Бір замандары Зүннун Мысриға жала жабылып, қамауға алынады. Қаншама күн аш қалады. Бір әйел жіп сатып тапқан ақшасымен оған тамақ пісіріп жібереді. Зүннун Мысри ол тамақты жемейді. Мұны естіген әйел ренжіп: “Бұл тамақты адал ақшамен дайындағанымды білесіз, неге жемедіңіз?” дейді. Сонда хазіреті Зүннун Мысри: “Иә, тамақ халал, бірақ залымның ыдысымен әкелінді” дейді. Тамақ зынданшылардың ыдысымен әкелінген еді.


Имам Тақи: “Зұлымдық еткен адамға, залымға көмектескен және зұлымдыққа разы болған адам, бұл зұлымдыққа ортақ болады.” деген.

Ибн Уәфа:

“Бір залымға көңілімен бейімделген адамды бүлік оты қоршайды. Мұндай адам тек Алла Тағаланың жәрдемімен ғана құтыла алады.” деген.

 

Алла Тағала залымға уақыт береді, бірақ ұмыт қалдырмайды, яғни жазасын міндетті түрде береді. Залымға көмектескен адам да жазасыз қалмайды. Өйткені хадисте: 

«Бір залымға көмектескен адамның басына Алла Тағала сол залымды бәле қылып қояды»,- делінген.  

Ешкімнің істегені сұраусыз, есепсіз қалмайды. Өйткені, "Зілзәлә" сүресінің жетінші және сегізінші аяттарында: 

«Кім зередей жақсылық жасаса оның марапатын көреді, ал кім зередей жамандық жасаса оның жазасын тартады»,- делінген.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат