Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Оғаш ой: Әйел қайтсе бағынышты болады?

muftyat.kz 28.09.2018 1846 0 пікір

Жақында отбасылық өмірден көңілі шайлыққан әйелмен сұхбаттасудың жолы түсті. Жағдайын қысқаша баяндасақ: «Күйеуім үшін бәрін істеймін: базарға барамын, малдың жем-шөбін беремін, үйдің айналасын тазалап, үйдегі сынған зат болса да өзім жасай саламын, сонда да ол мені сыйламайды, көңіл бөлмейді».

Әйелдің сөзінен нені аңғаруға болады? Ер адамға деген құрмет – оны ер жігіттік міндеті мен жауапкершілігінен босату, сол арқылы оның шексіз алғысы мен құрметіне ие болу дегенге келмей ме?

Алайда күткен үміт ақталмады, сол себепті біздің кейіпкеріміз өкпелі.

Неге? Сіз қалай ойлайсыз?

Бір қарағанда әйел адам ерсі қылық жасаған жоқ, керісінше, тынай еңбек етті, тіпті күйеуін барлық міндетінен босатып қойды, алайда ерінен өзі күткен жауапты ала алмады.  

Себебі ол әйел еріне жақсылық жасаймын деп, өз басын жамандыққа тікті. Қысқаша айтқанда, «артық қыламын деп, тыртық қылды».

Күйеуінің орнына тірліктің бәрін өзі жасау арқылы оны толыққанды еркектік қасиетінен айырды. Ал өзін нағыз әйел ретінде таныта алмады.

Басқаша айтқанда, ол өзінің күйеуіне «күйеу» болды, сол себепті де күйеуі оған лайықты қарым-қатынас жасауда. Яғни, құрғақ сөз, көңіл аудармау, қамқорлық танытпау, аямау...

Нәтижесінде ол әйелдің өмірі толықтай күйбең тірлік пен құрметсіздікке толы болып қалды.

Осының барлығы күйеуін ОТАҒАЛЫҚ міндетінен босату арқылы «жақсылық» жасаудан басталды.

Оғаш ойдың да айтпағы: Отағалық міндеті жоқ еркек – еркек емес, сондықтан да оны сол міндетінен мақұрым қалдырған әйел де сый-құрмет, алғыстың орнына алшақтық, немқұрайлылық пен елемеушлілікке қол жеткізеді.

Бұл көпшілікке таныс жайт, қымбатты нәзік жандылар!

Еріңізді құрметтеу – ол үшін (оның орнына) бәрін жасау деген сөз емес.
Керісінше, егер әйел ердің ісіне араласар болса, күйеуін сыйламайтындығы, себебі әйел адам еріне толыққанды отағалық қызметін атқаруға, отағасы болуға кедергі жасауда.

Ер адамды сыйлау деген – оның нағыз ерге тән қасиеттерін мақтан тұту. Ал біз болсақ, сол қасиетін, қадірін көрсетуге кедергі жасаудамыз.

Алла Тағала асқан Даналық Иесі. Әрбір жаратылысына өзіндік міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеген. Сол заңдылықты сақтау арқылы қоғамдағы, отбасыдағы тыныштық пен берекені сақтаймыз.

Бұл заңдылық бұзылса не болмаса олардың орындарының алмасып кетуі күнімізде кездесіп жүрген отбасылық кикілжіңге себеп болады.

Сондықтан да, әйел жандарға ер адамның атқаратын ісін, жауапкершілігін өз мойындарыңа алмаңдар дегім келеді. Олардың істейтін ісін өздеріне қалдырыңдар. Бұл тек әйелдерге ғана емес, аналарға да қатысты, себебі сол аналар ертеңгі қоғамға ер-азамат тәрбиелеп отыр.

Егер ер жігіт дұрыс тәрбие алған болса, өзінің ер-жігіттік қадіріне кедергі келтірушілерге жол бермейді. Сонда ғана әйел – әу баста Алла жаратқандай әлсіз, бағынышты жан болады.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат