Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Еркінбек Шоқай: Өмірлік ұстанымым – Құран аяттары

kazislam.kz 02.11.2018 673 0 пікір

– Дін жолында жүрген көптеген қазақ азаматының алғашқы ұстазы ауылда ғой. Менің де алғашқы ұстазым күні бүгінге дейін ауылда молда боп қызмет етіп жүрген Шынбол деген ағамыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдар дін маманы тапшы уақытта алты ай оқу оқып, ауылға молда болып келді. Ол кісі мектепке келіп оқушыларға «Құран үйретемін, қандай да бір қалауларың болса, сабақтан тыс уақытта келіңдер» деп хабарландыру жасап мешітке шақырды. Содан ниет қылып, 1992 жыл болса керек, үйдегілердің рұқсатын алып 6-сыныпта оқитын шағымда мешітке бардым. Дәріске отыз шақты бала баратынбыз. Олардың ішінен азы ғана ары қарай дәрісін жалғастырды. Кейіннен сабақ тоқтаса да ұстазымның үйіне барып тұрақты дәріс алып жүрдім. Алғашқы ұстазым осы кісі. Ары қарай қалаға барып медресе оқуыма да себепші болған сол ағам.

Мектеп бітіріп жатқан кезімде ұстазым «Сен медресе оқымайсың ба? Ары қарай араб тілін меңгересің, алдыңда дінді терең үйренуге мүмкіндігің бар. Алла нәсіп етіп жатса, араб еліне де барып білім алып келерсің» деген ұсыныс айтты. Ұстазым берген бағыт-бағдармен медреседе оқуды мақсат еттім.

Ал «Құран жаттауға бел буып кірісуіме не түрткі болды» дегенге келсек, әрине, Құранды жаттау – әр мұсылманның арманы. Медреседе Құраннан Кәмілжан қари деген ұстазым болды. Ұстаздың Құран оқуы мен дәріс беруі баршамыздың Құранға деген құштарлығымызды оятты. Ұстазымыздың Құран оқу мәнеріне ерекше тәнті болатынбыз. Әрі Құранның қай бетін, қай аятын ашып оқып сұрақ қойсақ та мүдірмей жалғастырып оқып беретін ерекше жетік қари еді. Медреседегі оқуымызды тәмамдаған соң Кәмілжан ұстазымның кеңесімен, Құран жаттайтын медресеге оқуға түстім. Өзі сол медреседе дәріс береді. Нәтижеде, маған сол кісінің қолында Құранды толығымен жаттап шығуды Алла Тағала нәсіп етті.

– Сіздің екі ижазаңыз (Құраннан дәріс беруге рұқсат) бар. Осы жайында айтып берсеңіз?

– Ижаза мәселесінде менің екі ұстазым болды. Халид Баракат деген бір ұстазым Асым қырағаты бойынша екі риуаяттың – Хафс және Шұғба риуаяттарының иегері еді. Ал, екінші – Жамал Занд деген ұстазға мен бірнеше қырағат бойынша Құран тапсырдым. Ең алғаш Тайба жолымен Асым қирағатының Хафс риуаятын тапсырдым. Сосын Уарш қырағаты Нафиғ риуаяты бойынша, одан кейін шейх Жамал ұстазыма Шатыби жолымен жеті қырағатты тапсырдым. Жеті қырағаттың әрқайсысы екі риуаяттан тұрады. Барлығы он төрт риуаят. Міне, осы жеті қырағатты тапсырып ұстазымнан ижаза алдым.

Жалпы, ижаза – рұқсат деген сөз. Басқаша сөзбен айтқанда Ислам әлемінде көнеден келе жатқан өзіне тән – бірегей диплом үлгісі. Бұл – Ислам ғылымына тән ғажайып дәстүр. Бірақ, заманауи дипломнан ерекшелігі Құран және Ислам ғылымдарындағы ижазаның санады болады. Санад – ижаза алушыға дейінгі аталмыш ғылымды жеткізуші шейхтардың (ұстаздардың) тізбегі. Ислам ғылымындағы дипломның ерекшелігі осы. Сонымен бірге шейх Құранға қатысты ижазаны: «Құранды қай жерде болсын оқуға және оқытуға пәленшеге рұқсат (ижаза) беремін» деп табыстайды. Әрине, мұндай ижаза Құранды оқу һәм оқыту қадиғаларына сай жоғары деңгейде жетік жаттап тапсырған шәкіртке ғана беріледі. Ал, тек оқуды меңгеріп шықса, оқуға рұқсат деген ижазамен шектеледі.

Жалпы, сіздің сұрағыңыздағы екі ижаза деген осы. Бірі – Құран оқуды меңгерген маманға берілсе, екіншісі – әрі оқуға, әрі ұстаз боп шәкірт тәрбиелеуіне құқылы деген ижаза. Осындай ижазаны алған маман дүниенің төрт бұрышындағы діни оқу ордалары мен мешіттерде Құран оқу құқығына ие. Сонымен бірге, ұстазынан ижаза алғаны сияқты өзі де шәкірт тәрбиелеп ижаза беруге құқылы.       

– Дін саласында әртүрлі қызмет атқарып келесіз. Оның ең маңыздысы ұстаздық болар. Қазіргі таңдағы Құран ұстазы болуды таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Иә, ұстаздық қызмет – ең ұлық қызметтердің бірі. Себебі, ұстаз адамды тәрбиелейді. Шәкірт тәрбиелейді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, Аллаға шүкір, қазіргі таңда «Нұр Мүбәрак» университетінде ұстаздық етіп келемін. Бұған дейін де қолымыздан келгенше, мешіт-медресе және Еуразия Ұлттық университетінде (ЕҰУ) ұстаздық еттім. Сонымен бірге, бүгінгі таңда ижазаға оқып жатқан шәкірттерім де бар. Бұл менің мүмкіндік пен уақыт шеңберінде санад бойынша ижаза алу дәстүрі жалғасса деген ниетім.

Ал енді, жастарға кеңес ретінде Құрандағы: «Аллаға тақуалық етіңдер, Алла Тағала сендерге үйретеді…» (Бақара сүресі, 282-аят) деген аятты айтар едім. Ислам іліміне, әсіресе, Құран жаттауға ден қойған шәкірттер тақуалыққа аса мән беру керек. Ол дегеніңіз – күнделікті бес уақыт намазына мұқият болуы, көзін харамнан сақтауға, тілін тию, тұла бойы тазалығына жіті мән беруі. Қала берсе, әрдайым дәретпен жүруге, дәретсіз Құран оқуға рұқсат болса да, дәретсіз оқымауға әрекет ету керек. Ал, енді дәретсіз Құран ұстауға болмайтындығы мәлім. Бұл басқа. Құран жаттаймын деп мақсат қойған шәкірт осы алғышарт талаптарға мұқият болуы керек. Құран – Ислам ғылымының негізі. Алла Тағаланы танытатын ғылым. Ал, Алланың ғылымы харамнан сақтанбайтын, күнәға бой алдыратын тақуалығы жоқ пендеге қонбайды. Мүмкін, жаттап алар, бірақ ондай қариден, ондай хафизден жақсылық болмайды. Ел-жұртқа да пайдасы шамалы. Ең жаманы, ертең Алланың құзырына барғанда оқыған Құраны өзіне қарсы айғаққа айналады.

Екінші мәселе, техникалық тұсы. Бұл – Құранды көп оқу. Құранды көп оқымайынша қари болу қиын. Көп оқымай жаттап алатындар кездеседі, алайда, көп және пысықтап оқымағанның нәтижесінде ондай қарилар Құранды ұмытуы да заңдылық. Медресе қабырғасынан кейін өмірдің күйбең тіршілігі басталып кетеді де Құранды күнделікті көп оқуға уақыты бола бермейді. Отбасы, жұмыс дегендей. Осылай жүріп, Құранды қайталауға уақыт таппай қалуы мүмкін. Кейде қарилар 5-6 жылдан кейін Рамазан айында тарауихқа хатымға шығуды тоқтатып жатады. Себебі, жыл бойына қайталауға уақыт бөлмей, нәтижеде дайындығы хатымға шығатындай дәрежеде болмайды. Сондықтан медресе шәкірттері Құранды көп оқығаны жөн. Қазақстан және Орта Азияда Құранды көп оқудың бірегей тәсілі – Құранды санақпен оқу. Мәселен, ұстаздар бізге ең алғаш жаттаған кезде 200 рет оқытатын. 40-50 рет оқығанда бет жатталса да, 200 мәрте оқуды бізге міндеттейтін. Сосын Құранды әрбір қайтарымында белгілі санақпен қайта оқып отырасыз. Санақпен оқу – Құранды көп оқыту тәсілі. Шәкірт санақпен оқыған соң алдына белгілі бір меже қойып оқуға дағдыланады. Ертең күні отбасылы боп, өмірдің күйбең тіршілігіне араласып кеткен күнде де Құранды ұмыта қоймайды. Тіпті, мұндай тәсілмен жаттаған қари Рамазан қарсаңында бірнеше рет қайталаумен Құранды толығымен қалпына келтіріп алады. Сондықтан, менің өз шәкірттеріме әрдайым айтып жүретін кеңесім де, оқыту тәсілім де осы.             

– Біздің оқитын қырағатымыз «Хафс қырағаты» деп жатамыз. Соның мән-жайын кеңірек тоқталсаңыз. Қырағаттар дегеніміз не, қырағат ғалымдарының еңбегі неде?

– Қырағат ғылымдары Ислам шариғатында қалыптасқан үлкен бір сала. Бұл Құранның оқылу жолдарын зерттейтін және ол әдістерді қалыптастырған сала. Пайғамбар ﷺ дәуірінен бері Құранның оқылу жолы бір емес бірнеше болған. Бұл дегеніңіз Құранның мағынасын өзгерту емес. Құранның мағынасы сол күйінде қалады. Бірақ, кейбір аяттардағы созулар, идғамдар, имәла етіп оқылу әдісі, тағысын тағы өзгеше боп келеді. Міне, мұны қирағат ғылымы зерттейді. Қысқаша айтқанда, қырағат ғылымдары – Құранның оқылу жолдарын зерттейтін сала. Пайғамбарымыз ﷺ  заманынан бері күні бүгінге дейін сенімді жолмен мутауатир санадпен жалғасып келе жатқан он қырағат бар. Олар: екі Таиба яғни Шатыбия жолы деп аталады. Имам Шатыбы жинаған жеті қырағат. Сосын имам Ибнул-Жазари үш қырағатты қосып, ол Шатыби және Дурра жолдары деп аталады. Міне, бұл өзінше бір жол. Екіншісі имам Ибнул-Жазари «Таибат нашр фи қирағат ашр» атты кітабында Таиба жолы деп бүкіл он қырағатты бір жолмен жинап шыққан. Осы он қырағат біздің күнімізге дейін жалғасып келе жатыр. Осы он қырағаттың әрқайсысының екі риуаяты бар. Біз бен сіз әңгіме етіп отырған Хафс риуаяты – он қырағат ішіндегі Асым қырағатының бір риуаяты. Асым осы қырағат ілімін қалыптастырған ғалымдардың бірі. Оның Шұғба және Хафс есімді екі шәкірті болған. Демек, сенімді жолмен Пайғамбарымыздан ﷺ  біздің заманымызға дейін жетіп келген жиырма риуаят бар. Сол жиырма риуаятты бірі – Хафс риуаяты. Ислам әлемінің көпшілігі осы Хафс риуаятымен оқиды. Демек, қырағат ғылымы осы саланың мамандары ғана меңгеретін ғылым саналады. Ал, әрбір мұсылманның меңгеруі және білуі, әрине, қиындау. Сондықтан, бұл ғылымды білу жалпы мұсылмандарға міндет, яғни уәжіп емес. Қырағат ғылымы тек Құран ілім мамандары мен қарилар иығына жүктелген ғылыми жауапкершілік.            

– Елімізде мұсылманшылыққа ден қойған жастар да, ел ағалары да баршылық. Реті келгенде, «Құранда былай деген» деп аяттардың мағынасын айтып жататындары да бар. Шариғат тұрғысынан осы қаншалықты дұрыс?

– Иә, кейде шариғат кім көрінгеннің ермегі боп бара жатқандай сезініп қаласың. Шариғатқа келгенде, Ислам мәселесіне келгенде барлығы ақылды боп кетеді. Барлығы – білгіш. Барлығы – тәпсірші. Әрине, бұл қауіпті жағдай. Қоғамда қалыптасқан қатерлі құбылыс. Бұл белгілі бір деңгейде Алла Тағаладан қорқудың, Жаратқанның дініне деген жауапкершілікті жоғалуының бір көрінісі деп те бағалауға болады. Мысалы, сол кісілер бір жері ауыратын болса, дәрігерді айналып өтіп, басқа саланың маманына қаралмайды. Міндетті түрде дәрігерге, дәрігер болғанда да ең мықтысы кім екен?,-деп барлығының пікірлері мен кеңестерін ескеріп, екшелеп  таңдайды. Шариғат – ұшы-қиыры көрінбейтін үлкен ғылым. Дәрігер тек біздің тәнімізді, денемізді емдейтін болса, шариғат – біздің рухымызға дауа. Шариғат жүрегімізді, жан дүниемізді емдейді. Өкінішке қарай, осындай салаға біз үлкен жауапсыздықпен қараймыз. Мұндай қадамға бармауымыз керек. Бұл – аса үлкен қателік. Пайғамбарымыз ﷺ  айтады: «Кімде-кім өз ойымен (ешқандай негізге, қағидаға және пайғамбарымыздан ﷺ  келген риуаяттарға сүйенбей, өз білгенімен) Құранды тәпсірлейтін болса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін» дейді. Міне, бұл Пайғамбар ﷺ  тарапынан болған қатаң ескерту. Сондықтан, Құран аяттарына қатысты өз ойын еркін айта беретін, арабша білмейтін, медресе оқымаған, бұл салада арнайы білім алмаған кісілер осы хадисті есінен шығармауы керек. Сонда олар жауапкершілік сезінеді. Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді. Яғни, әр саланың маманы өз саласына жауап беруі керек. Құран Кәрімде: «…Ол нәрсені маманынан сұра» дейді (Фурқан сүресі, 59-аят). Сосын тағы бір аятта: «…саған сол сала жөнінде маман секілді ешкім хабар бере алмайды» (Фатыр сүресі, 14-аят), «Білім иелерінен, сол саланың мамандарынан сұраңдар, білмейтін болсаңдар» дейді.

Медицина, экономика және басқа салаларда да білек сыбанып қызмет ету үшін жілік майын шағып жеген білімді де білікті маман талап етіледі. Шариғат та солай. Құдайға шүкір, бүгінде мықты мамандар қалыптасып келеді. Олардың арасында шетелдік белді оқу орындарының түлектері де баршылық. Олар мешіттер, медресе және басқа да діни мекемелерде имам, ұстаз, зерттеуші және теолог боп қызмет етуде. Міне, сол имамдарға, сол мамандарға жүгінуіміз керек. Қоғамдағы орын алып жатқан келеңсіздіктер дін маманына жүгінбеу салдарынан туындайды. Жат ағым жетегінде кетуі, діни адасушылыққа баруы, дінді қате түсініп орын алған оқиғалар, қылмыстар, тіпті, еліміздің кейбір өңірлерінде болған қантөгістер. Міне, осының барлығы да маманға жүгінбегендіктен. Көкейіндегі сауалдың жауабын бетпе-бет отырып тыңдамағандықтан. Мұхиттың ба, шекараның ба арғы жағындағы беймәлім біреудің нұсқауларын естіп алып жастарымыз өкінішті жағдайларға тап болып жатыр. Сахабалар Пайғамбарымыздың ﷺ  жанында отырып әрбір іс-қимылы мен сөзін бағып тәлім алғаны сияқты, жастар да мешітке барып ұстаздан жүзбе-жүз отырып дәріс алса адаспаған болар еді. Сондықтан, Құранды тәпсірлеудің өзіндік шарттары бар. Ол шарттарды кейбір ғұламалар 15, тіпті 20-ға дейін жеткізеді. Міне, сол шарттардың барлығы тәпсіршінің бойынан табылуы оңай шаруа емес. Бірінші кезекте, араб тілін жетік меңгеру және Құранды толық жаттаудан бастап, Құранға байланысты барлық риуаяттарды, ақида мәселесін, фиқһ мәселесін меңгеру сияқты жалғасып кете береді. Әрине, біздің кішігірім сұхбатта оның барлығын қамту мүмкін емес. Бірақ, жалпы Құранға қатысты бірауыз сөз айтуда бауырларымыз Құдайдан қорқу керек. Шариғат – көрінгеннің ермегі емес.        

– Аяттар мағынасын кейде қате, кейде жете түсінбей агрессияға беріліп жататын жастар жоқ емес. Құрандағы Жаратушының сипаттарына қатысты аяттарды «Ибн пәленше, Әбу түгенше былай айтқан» деп еларасында шу шығарып жүреді. Осыған қатысты жастарға ақыл-кеңес айтсаңыз.

– Бұл сұраққа жоғарыда жауап бердім. Жалпы, мұның барлығы ұстаздан тәлім алмағанның кесірі.Біздің дініміздің ерекшелігі білім «тәләққи», яғни ұстаз бен шәкірт бетпе-бет отырып білім алу әдісімен келеді. Пайғамбарымызға ﷺ  адам бейнесінде Жәбірейіл періште келіп бірнеше сауалдар қойғаны жайлы риуаятта хазрет сахаба Омар  былай де: «Ақ киімді бір кісі келді. Үстінен ешқандай сапардың белгісі байқалмайды, шаршағаны да сезілмейді. Киімі тап-таза, сақалы кәдімгі әдемі. Жәбірейіл тізесін Пайғамбар тізесіне тигізіп отырды да сосын сұрақтарын қойды. Пайғамбарымыз ﷺ  оның әрбір сұрағына жеке-жеке жауап беріп отырды» дейді. Міне, білім осылай алынады. Міне, бұл – тәләққи. Пайғамбарымыз ﷺ мешітте сахабаларға дәріс бергені сияқты аптасына бір рет әйелдерге де арнайы тәлім берді. Яғни, ер сахабалар былай тұрсын әйелдерге де шариғат мәселелерін өз аузымен жеткізуге жеке көңіл бөлген. Бүгінгі күннің проблемасы осы. Ұстаз көрмейді, уағыздарды МР3 аудио құрылғылардан тыңдайды. Ютуб желісінен кейбір қазақша-орысшаға аударылған уағыздарды тыңдайды. Әрине, арғы жақта арнайы тараптардың бар екені белгілі. Әрбір жаңадан пайда болған діни ағымның, жамағаттардың арғы жағында саяси бір астары болады. Бұл да – Ислам әлеміндегі ауызбіршілікті ыдырату. Қоғамды бір-біріне қарсы қойып ішінен шіріту. Баланы – әкеге, қызды – анаға, жамағатты – имамға қарсы қойып арамызда талас-тартысты, дұшпандықты қалыптастыру. Өкінішке қарай, жастарымыз осы мәселені дұрыс түсінбейді. «Ақиқат осы екен» деп кетіп қалып жатқан жағдайы бар. Барлық жастарға берер кеңесім – ұстазға келіңдер. Имамның алдына отырыңдар. Неге имам аузынан шариғат тыңдаудан шошиды? Бұл барлық сектаға қатысты сипат – менен басқаның барлығы қате, дұрыс емес деген ұстаным. Олар имамдарды, ұстаздарды, белгілі ғалым жігіттерді тыңдаудан шектеп тастаған. Дініңді білсең, тіпті, басқа дін кітабын оқып танысу – харам емес. Мақсат, өздерінің шейхсмақтарын ғана тыңдап «ақиқат осы» деп сананы улау. Міне, сонда ол шейхсмақтар өздерінің ерушілерін жоғалтпайды. Шейхсмақтарға соқыр еруді қойып, құрсаудан жастар шықса деймін. Олар кішкене болса да мойындарын бұрып, көзін ашып қараса барлығы дерлік ата-бабамыз ұстанған ханафи-матуриди жолға қайтар еді. Оларда салыстыру мүмкіндігі жоқ, қала берсе салыстыруды қалыптастырмау үшін шектеу қойылған. Сол жастарға біздің елдегі имамдарды, ұстаздарды, ғалым жігіттерді тыңдаса деген кеңесім бар.        

– Құранның әрбір аяты адамға күш қуат сыйлайды. Өзіңізге өмірлік ұстаным ретінде, қуат көзі ретінде оқитын аятыңыз немесе сүреңіз қайсы және оның сыры неде?

 Әрине, Құран аяттарын бір-бірінен ажыратып бөлуге келмейді. Алла Тағаланың кәләмі – қияметке дейін жалғасатын соңғы кітап. Әрбір аяты адамға күш-қуат береді, әрбір аяты бізге өмірлік принцеп, бізге өмірлік тәлім, рухани азық. Бірақ, кейбір мәні ерекше, біз күнделікті оқитын аяттар бар. Қала берсе, қаперімізде әр сәтте тұруы тиіс, ұмытуға болмайтын аяттар бар. Міне, солардың бірі ретінде «Ибраһим» сүресіндегі бір аят айтар едім. Ол аятты естен шығармасақ адами қалпымыздан, мұсылман деген сипаттан біз ешқашан шықпаймыз. Ол аятта «Серт берді сендердің Раббың: егер шүкіршілік етсеңдер, артығымен беремін,-деп…» дейді. Пайғамбарымыз ﷺ : «Мен шүкір ететін құл болмаймын ба?»,-дейді ғой Айша анамызға. Міне, біз шүкір ететін құл болсақ Алла Тағала бізге нығметтерін де, бүкіл бізге беріп жатқан жақсылықтарын да арттыра береді. Шүкір ету деген – қолда бар алтынның қадірін білу, бағалау, сақтау. Алла Тағала мың да бір шүкір етіп сәжде жасау, құлшылық ету. Осылай етсек біз қолдағы бар алтыннан, жақсылықтан айырылмаймыз. Осы аяттың екінші бөлігінде Алла Тағала: «…Егер күпірлік етсеңдер, онда Менің азабым күшті» дейді. Бұл жердегі күпірлік ету – Алла Тағаланың бар екенін жоққа шығару емес. Ол – нығметтің, жақсылықтың қадірін білмеу. Алла Тағаланың бізге берген жақсылықтарын бағаламау. Осы аятты әр күні қаперімнен шығармауға тырысамын. Меніңше, бұл аят әрбір мұсылман бауырымыздың өмірлік принцептерінің бірі болуы керек. Сонда, ол әрдайым тәубемен жүретін құл болады. Даңдайсымайды, тәкаппарланбайды. Айналасындағы достары мен бауырларының алдында сый-құрметін жоғалтпайды. 

– Дастарқан басында бата қайырғанда, жиындарда Құран оқуға керекті сүрелер жаттасақ деген аға буын кісілерге және Құранды жаттауға ынтасы бар жастарға қандай бағыт-бағдар бере едіңіз?

 – Мұсылман әрі қазақ болған соң біз ас қайырамыз, қалыптасқан дәстүр бойынша дастарқаннан кейін Құран оқимыз. Бұл – Құдайдың бізге берген ерекшелігі. Құран – бізге адал мен арамды ажыратып беретін, өмір сүру жолын үйрететін кітап. Сонымен қатар, ол – құлшылық кітабы. Құранды оқып, бата жасаумен де Алла Тағаланың сауабына кенелеміз. Сондықтан, үлкен жастағы ағаларыма кеңесім, Құранның үштен бірін оқығандай сауабы болатын «Ықылас» сүресі, Құранның бүкіл мағыналарын қамтыған «Фатиха» сүресін жаттау керек деп ойлаймын. Міне, осы екі сүредей әрі жеңіл, әрі шариғаттың барлық мағыналарын қамтитын бір сүрені айту қиын. Сосын, Алла Тағала жүректері мен зейінін ашып жатса басқа сүрелерді де жаттай береді.

Ал енді, Құранды жаттауға ынтасы бар жастарға айтарым, ең бірінші мықты ниет керек. Халыс ниет. Ниетін жұдырықтай түйіп алып, алға талпынса, әрекет жасап медресеге түссе… Күнделікті уақытын бос өткізбей әрекет етсе, Алла Тағала Құранды береді. Өйткені, Алла Тағала: «Біз Құранды есте сақтауға, жаттауға жеңіл етіп қойдық…» дейді. Құран – ерекше кітап. Мұсылманның көкейінде жатталатын кітап. Міне, сондықтан, бірінші – ниет, сосын – әрекет. Тек шаршамай, талмай, қайтпай әрекет ету керек. Сонда, Алла Тағала оның зейінін ашып, Құранды кеудесіне салады. Баршаңызға, Алла разы болсын!

– Мәнді, мағыналы сұхбатыңызға көп рахмет!  

 

 

Сұхбаттасқан Руслан Қамбаров 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат