Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚАДІР ТҮНІ ЖӘНЕ ОРАЗА АЙТ

27.05.2017 2935 0 пікір

ҚАДІР ТҮНІН ҚАЛАЙ ӨТКІЗГЕН ЖӨН?


Алла тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Жаратушы Иеден сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Қадір, 1);
Айша анамыз Пайғамба-рымыздан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын?», – деп сұрағанда, Расулулла (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларімді кешіре гөр!)», – деп дұға етуге кеңес берді.
Әрине, амалдардың ең абзалы – намаз оқу. Сондай-ақ, бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады. Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес. Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.
Биылғы Қадір түні шілде айының 13-інен 14-іне қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Рамазан айы – жалғалмалы ғибадат айы, Қадір түнін шығарып салған соң, Ораза айт мерекесі де келіп қалады.

 

РАМАЗАН (ОРАЗА) АЙТЫ


Рамазан айты мұсылман қауымының ең ұлық екі мерекесінің бірі, екішісі – Құрбан айт. Әдетте осы күнгі айт намазына таза киініп, хош иісті жұпар сеуіп, жаяу жете алатын жерден жаяу келген абзал. Айт күні көпшілікпен жарқын жүзбен сәлемдесіп, бір-біріне дұғалар жасап мешітке келіп, намаздан соң, егер мүмкін болса басқа көшемен қайтады. Мұндағы мақсат – адамдармен көбірек жүздесіп, көбірек сәлемдесіп, жақсы тілектер айтуды көбейту.
Айт күні дәстүрге айналған жақсы салттарымызды жалғастыра түсіп, ағайын-тумаларды мерекемен құттықтап, Айт дастарқанынан дәм татып, еліміздің тыныштығы, бас амандығына және ол дүниеліктер ақысына дұғалар жасаймыз.
Жас балаларға сыйлықтар беріп қуанту да, балауса буын санасына Ислам құндылықтарын сіңірудегі бір тәрбие сабағы деп түсіну керек.
Бұл күндер, сырқат кісілерді зиярат етіп, жүрегіне қуаныш, бойына қуат сыйлап, оларды мұсылманға тән мейірім шапағатына бөлейтін шаттық күндері. Қабірлер басына барып, мәңгілік табалдырығынан ат-таған пенделерді зиярат етіп, «Біз де сендердің қатарларыңа қосылармыз» деп, ертеңіне ой жіберіп, олардың ақысына беріле тұрып, ықыласпен жарылқау тілеп, дұғалар жасау да иманның биік дәрежелерінен болмақ.
Мереке күні отандастыққа арналған, еліміздің ауызбірлігін паш еткен, дінімізді дәріптеп, адамгершілікке, мейірбандыққа шақырған тәрбиелік әндер шырқаудың еш сөкеттігі жоқ. Түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырып, қоғамдағы теріс көріністерді әшкере ететін күлкілі қойылымдар ұсынып, балаларлы мәз ететін түрлі қызғылықты ойындар ойнау діни мерекенің шырайын аша түседі.
Және бір ескеретін нәрсе, Рамазан айында берілетін, уәжіп болған пітір садақасын айт намазы басталмай тұрып беріп үлгерген дұрыс. Айт намазы биылғы жылы 17 шілде күні әр аймақта жергілікті белгіленген уақытта басталады. Айт үш күнге созылып, 19 шілде күні аяқталады.
Әлемді нұрға бөлеген мереке отбасымыздағы шаттықтың, Отанымыздағы тыныштықтың, ынтымақ пен ырыстың көрі-нісі бола бергей. Жаратушы Ие баршаңызға келесі Рамазан Айтын да бірге мерекелеуді нәсіп етсін! Әмин!

Ахметжан Керімбек,
ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру