Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Сәбит Ибадуллаев: Алланың айы Мұхаррам және Ашура күні

27.05.2017 1429 0 пікір
Қасиетті айлар туралы 

 

قَالَ اللهُ تَعَالَى: إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِنْدَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ فَلا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنْفُسَكُمْ  

Алла Тағала былай дейді: «Расында, Алланың дәргейінде айлардың саны он екі. Көктер мен жерді жаратқан күні Алланың Кітабында солай жазылған. Олардың төртеуі қасиетті айлар. Міне, осы тұп-тура дін. Сол айларда өз-өздеріңе зұлымдық етпеңдер...» (Тәубе, 36). Осы аятта аталған қасиетті айлар: зул-қағда, зул-хижжа, мұхаррам және ражаб айлары. Ерте замандарда осы құрметті айларда арабтар соғыс, жанжалды тоқтатып, тыныштық сақтайтын. Кейінірек Құран Кәрімде де бұл айлардың құрметтілігі бекітілді. Сондықтан осы айларда жасалған ғибадат, құлшылықтардың сауабы ерекше.

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ في حجة الوداع: «أَلا إِنَّ الزَّمَانَ قَدْ اسْتَدَارَ كَهَيْئَتِهِ يَوْمَ خَلَقَ اللَّهُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ السَّنَةُ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ثَلَاثَةٌ مُتَوَالِيَاتٌ ذُو الْقَعْدَةِ وَذُو الْحِجَّةِ وَالْمُحَرَّمُ وَرَجَبُ مُضَرَ الَّذِي بَيْنَ جُمَادَى وَشَعْبَانَ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ، ومسلمٌ.

Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) соңғы қажылығында жасаған хұтпасында былай деген:«Шындығында, уақыт Алла көктер мен жерді жаратқан кездегі қалпына қайта оралды. Бір жылда он екі ай бар. Олардың төртеуі қасиетті. Үшеуі: зул-қағда, зул-хижжа, мұхаррам бірінен соң бірі келеді. Және біреуі жумада мен шағбан айларының ортасында ражаб айы». Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

Алла Тағала қасиетті айларды жылдың басқа айларынан ерекшелеп, мәртебесін арттырған. Бұл айларда жасалған қылмыс, күнәнің аса зор есептелетіндігін айтып өткен. Бұл жайында сахаба Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла Тағала айлардың ішінен төртеуін ерекшелеп, оларды киелі етті. Ол айларда жасалған күнәні ауыр, сауапты істі салмақты қылды». Ал Қатада деген табиғин толқынының ғұламасы былай деп ой толғайды: «Қасиетті айларда жасалған зұлымдық басқа айларда жасалған күнәдан зор. Негізінде, зұлымдық қай уақытта да зор нәрсе. Дегенмен, Алла Өз ісінде қалаған нәрсені зорайтады, ұлықтайды. Алла Тағала жаратылыстарынан ең үздіктерін ерекшелеп, сұрыптап алған. Періштелерден де, адамдардан да таңдаулы құлдарын ерекшелеп, елшілікке таңдады. Түгел сөзден Өзінің Зікірін таңдады. Жерлерден мешіттерді таңдады. Айлардан рамазан мен қасиетті айларды ерекшеледі. Күндерден жұма күнін ерекшеледі. Түндерден Қадір түнін таңдап алды. Олай болса, Алланың ерекшелеп, ұлық еткен нәрселерін ұлықтаңдар. Шындығында Алла Тағала таңдаған нәрселердің мәніне терең түсінік пен сұңғыла сананың иелері ғана жете алады».

 

 Алланың айы – мұхаррам

Мұхаррам айы мұсылман жыл санауының алғашқы айы болып есептеледі. «Мұхаррам» сөзі «қасиетті», «тыйым салынған» деген мағыналарды білдіреді. Бұл ай Құран Кәрімде айтылған қасиетті төрт айдың бірі. Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл мұхаррамды «Алланың айы» деп сипаттаған. Басқа айды дәл осындай сипатпен дәріптемеген.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَفْضَلُ الصِّيَامِ بَعْدَ رَمَضَانَ شَهْرُ اللَّهِ الْمُحَرَّمُ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза Алланың айы – мұхаррам айында тұтылған ораза», – деген. Мүслім риуаят еткен.

Қасиетті төрт айдың ішіндегі ең абзалы ғұламалардың айтуынша дәл осы мұхаррам айы. Хақ Тағала мұсылман күнтізбесін қасиетті мұхаррам айымен бастап, қасиетті зул-хижжа айымен аяқтаған. Мұхаррам айынан тек рамазан айы ғана абзал бола алады. Имам Нәсәи риуаят еткен хадисте ардақты сахаба Әбу Зарр (р.а.): «Уа, Расулалла! Түннің қай бөлігі қайырлы, айлардың қайсысы абзал?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Түннің қайырлысы – соңғы бөлігі, айлардың абзалы – өздерің мұхаррам деп атайтын Алланың айы» – деп жауап берген. Мұны мұхаррамның рамазаннан кейінгі абзал ай деп түсінген жөн. Өйткені жоғарыда аталып өткен хадисте айтылғандай мұхаррам оразасынан тек рамазан оразасы артық болады. Сол үшін де рамазан айы мұхаррамнан артық. Дегенмен, күнтізбедегі әрбір айдың өз ерекшелігі бар.

 

Ашура күні

Ашура күні мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) алғаш Мәдина қаласына келгенде рамазан айының оразасы парыз болмаған шақта қаладағы яһудилердің мұхаррамның оны күні ораза ұстайтындығын көріп, олардан бұл оразаның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл біз үшін айтулы күн. Нақ осы күні Алла Тағала Мұса пайғамбар мен қауымын озбыр Перғауыннан құтқарған», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Олай болса Мұсаға сендерден гөрі мен жақынмын», – деп, мұсылмандарға осы күні ораза тұтуға бұйырады. Бірақ кейінірек рамазан оразасы парыз етілген соң: «Қалаған адам тұтсын, қаламаған адам аузын ашсын», – деп ерікті ораза санатында қылдырады. Мүслім риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл күнде ораза тұтудың артықшылығы жайында: «Ашура күнінің оразасы өткен жылғы күнә-қателіктер үшін кәффарат (өтем)», – деген. Бұл күн Ашура күні деп аталады. Ашура сөзі оныншы деген мағынаны білдіреді. Яғни мұхаррам айының оныншы жұлдызы.

Басқа бір хадисінде Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Келер жылы тоғызыншы күнді де тұтармын», – деген. Өйткені Алланың елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) әрбір ісін яһудилердікіне ұқсатпауға тырысқан. Алайда Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі жылы дүниеден озды.

Кітаптарда нақ осы Ашура күні Адам ата жұмаққа кірген әрі күнәсіне жарылқау алған делінеді. Сондай-ақ, осы күні Нұх пайғамбардың кемесі тауға тоқтаған, Ибраһим пайғамбар оттан, Мұса пайғамбар Перғауыннан құтқарылған, Жүніс пайғамбар киттің ішінен шығарылған деген мәліметтер де бар.

Жалпы нәпіл ораза тұту Раббының разылығына жеткізіп, күнәнің кешірілуіне сеп болатын аса сауапты ғибадат. Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін қосымша ғибадаттар жасауға ынталандырған.

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ صَامَ يَوْمًا فِي سَبِيلِ اللهِ بَعَّدَ اللهُ وَجْهَهُ عَنِ النَّارِ سَبْعِينَ خَرِيفًا». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.

Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла жолында бір күн ораза тұтса, Алла оның жүзін тозақтан жетпіс күзге (жылға) алыстатады», – деген. Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.

Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айының парыз оразасы мен Ашура күнінің оразасын ерекше күтіп, тұтқан.

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَا رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَتَحَرَّى صِيَامَ يَوْمٍ فَضَّلَهُ عَلَى غَيْرِهِ إِلاَّ هَذَا الْيَوْمَ يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَهَذَا الشَّهْرَ يَعْنِي شَهْرَ رَمَضَانَ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбардың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Ашура күні және Рамазан айынан өзге күнді ораза тұту үшін ардақтап, күткенін көрмедім», – деген. Бұхари риуаят еткен.

 

Ашура оразасын қалай тұтамыз?

Ашура күнінің оразасы міндетті емес, қосымша ғибадат. Рамазан айында ораза тұту парыз етілген соң Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бұл күннің оразасын тұтуды әр мұсылманның еркіне қалдырған. Қалаған мүмін тұтады, қаламаған жан тұтпайды. Бірақ тұтқан мұсылман үлкен сауапқа ие болады. Әрі бұл ораза оның өткен жылы жасаған күнә-қателіктеріне өтем ретінде жүреді.

Ханафи мазһабының ғұламалары Ашура оразасы сүннет деп белгілеген. Сонымен қатар, Ашура күнін жеке тұтпай, оған алдыңғы, не кейінгі күнді қосып тұтуды ұсынған. Өйткені бұл айтулы күнді өзін ғана тұту яһудилердің амалына ұқсап қалуы ықтимал. Сондықтан Ашура күнін жеке-дара тұтқанды тәнзиһан мәкрүһ яғни кінәсі аз ұнамсыз іс деп есептеген. Олар дәлел ретінде төмендегі хадисті алға тартқан.

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «صُومُوا يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَخَالِفُوا الْيَهُودَ وَصُومُوا قَبْلَهُ يَوْمًا وَبَعْدَهُ يَوْمًا». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге кері іс жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де тұтыңдар», – деген. Ахмет риуаят еткен.

Ханафи мазһабындағы атақты пәтуа жинақтарының бірі «әл-Фәтәуә әл-Һиндия» кітабында «Ашура күнімен бірге оның алдындағы мұхаррам айының тоғызыншы күнін бірге тұту сүннет. Ал Ашура күнін жалғыз тұту мәкрүһ» делінген. Дегенмен, өзге мазһабтарда Ашураны күнін жалғыз тұту мәкрүһ іске саналмайды.

Жалпы алғанда шариғат ғұламалары Ашура оразасын ұстаудың үш деңгейін ұсынады. Ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари» кітабында былай дейді: «Ашура оразасы үш деңгейлі: ең азы сол күнді ғана тұту; екіншісі оның алдындағы күнмен бірге тұту; ең көбі алдындағы және артындағы күндермен қосып үш күн етіп тұту».

 

Ашура және Арафа күндерінің қайсысы абзал?

Ашура мұхаррам айының оныншы күні, ал Арафа зул-хижжа айының тоғызыншы күні. Ашура күнінің оразасы өткен жылда жіберілген күнә-қателіктердің өтемі. Ал Арафа күні екі жылдың күнәларының өтемі бола алады.

عَنْ أَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «صَوْمُ يَوْمِ عَرَفَةَ يُكَفِّرُ سَنَتَيْنِ مَاضِيَةً وَمُسْتَقْبَلَةً ، وَصَوْمُ عَاشُورَاءَ يُكَفِّرُ سَنَةً مَاضِيَةً». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Әбу Қатададан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Арафа күнінің оразасы өткен жыл мен келер жыл үшін кәффарат, ал Ашураның оразасы өткен жыл үшін кәффарат», – деген Ахмет риуаяты.

Арафа күні Ашура күнінен абзалырақ. Себебі, сол күні қажылық жасалады. Сол күні шайтан мұсылман үмбетінен күдер үзген. Әрі дәл сол Арафа күні «Мен сендердің діндеріңді кемеліне жеткіздім» деген аят түскен. Мұндағы ең басты сыр Арафа күнінің Мұхаммед пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын), ал Ашура күнінің Мұса пайғамбарға қатыстылығында.

Ашура күні не істеген дұрыс?

Кейбір ғұламаларының пікірінше, Ашура күні қосымша ораза тұтумен қоса, бала-шаға, ағайынға көбірек нәпақа жұмсап, сый үлестірген жөн. Олар мына хадисті алға тартады. Әбу Һурайрадан (ра.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Ашура күні отбасына кеңдік көрсетсе (сый берсе), Алла оған жыл бойы кеңдік көрсетеді», – деген. Бәйһақи риуаят еткен.

Алайда Ашура күнін арнайылап жалпыға бірдей ойын-сауық, той-думан күніне айналдыруға болмайды. Сондай-ақ кейбір елдерде жат ағымдар тарапынан жасалатын Ашура күнін Хүсейін ибн Әлидің (р.а.) қазасына орай қаралы күн ретінде атап өту шаралары да шариғатымыз бен сенімімізге қайшы болып табылады.

Сәбит Ибадуллаев

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру