Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

АШУРА КҮНІ ҚАНША КҮН ОРАЗА ТҰТУ КЕРЕК?

27.05.2017 21131 0 пікір

Ашура күні ораза ұстаған жақсы дейді. Сол шын ба? Шын болса қанша күн ораза ұстасам болады?

Ашура күнінің оразасы міндетті емес, нәпіл оразалардан. Рамазан айында ораза тұту парыз етілген соң Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Ашура күнінде ораза тұтуды сахабалардың еркіне қалдырған еді. Дегенмен, ораза ұстаған мұсылман үлкен сауапқа ие болмақ. Әрі бұл ораза болса, оның өткен жылда жасаған күналарына өтем болатыны жайлы да айтылған.

Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айының парыз оразасы мен Ашура күнінің оразасын ерекше күтіп, тұтқан.

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَا رَأَيْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَتَحَرَّى صِيَامَ يَوْمٍ فَضَّلَهُ عَلَى غَيْرِهِ إِلاَّ هَذَا الْيَوْمَ يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَهَذَا الشَّهْرَ يَعْنِي شَهْرَ رَمَضَانَ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбардың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Ашура күні және Рамазан айынан өзге күнді ораза тұту үшін ардақтап, күткенін көрмедім», – деген. Бұхари риуаят еткен.

Ханафи мазһабының ғалымдары Ашура оразасы ұстау сүннет болып саналалы деп белгілеген. Алайда, Ашура күнін жеке тұтпай, оған алдыңғы, не кейінгі күнді қосып тұтуы керек. Өйткені, Ашура күні ғана ораза тұту яһудилердің амалына ұқсап қалуы мүмкін. Сондықтан Ашура күнін жеке-дара тұтқанды тәнзиһан мәкрүһ (кінәсі аз ұнамсыз іс) деп айтылған. Олар дәлел ретінде төмендегі хадисті алға тартқан.

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «صُومُوا يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَخَالِفُوا الْيَهُودَ وَصُومُوا قَبْلَهُ يَوْمًا وَبَعْدَهُ يَوْمًا». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша Алланың Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге кері іс жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де тұтыңдар», – деген. Ахмет риуаят еткен.

Ханафи мазһабындағы атақты пәтуа еңбектерінің бірі болған «әл-Фәтәуә әл-Һиндия» атты кітапта «Ашура күнімен бірге оның алдындағы мұхаррам айының тоғызыншы күнін бірге тұту сүннет. Ал Ашура күнін жалғыз тұту мәкрүһ» делінген. Дегенмен, өзге мазһабтарда Ашураны күнін жалғыз тұту мәкрүһ іске саналмайды.

Ибн Хажар әл-Әсқалани өзінің «Фатхул-Бари» атты еңбегінде: «Ашура оразасы үш деңгейлі: ең азы сол күнді ғана тұту; екіншісі оның алдындағы күнмен бірге тұту; ең көбі алдындағы және артындағы күндермен қосып үш күн етіп тұту».

Қалай болмасын, нәпіл ораза тұту Алла разылығына жеткізіп, күнәнің кешірілуіне себепп болатын аса сауапты ғибадат болмақ.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру