Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Аллаға тәуекел етудің маңыздылығы

07.02.2018 2664 0 пікір

 

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын

Иман еткен пенде әрбір ісін бір Алланың атымен бастап, қуанғанда шүкір етіп, сынақ кезіккенде сабыр етеді. Жүректер Алланы еске алумен тыныштық табатынын сезетін мұсылман баласы  Жаратушыға жақындайтын амалда жігерлі болады. Адам баласына берілген ғұмырды саналы түрде өткізуді әрбір пенде қалайтыны ақиқат. Дегенмен, кейде бүгінгі таңда қоғамда орын алып жататын келеңсіз жайттарға куә боламыз. Тағдыр сынағына кезіккенде күйзеліске салынып, шарасыздықтан өз-өзіне қол салу, ішкілікке салыну, өмірден баз кешіп отбасы аманатын бұзу сынды оқиғаларды көз көріп жатады.  Осындай келеңсіздіктердің алдын-алу мен оның емі - асыл дініміз Исламда жете түсіндірілген. Қандай да бір істі бастарда немесе жоспарлаған шаруаға ниет еткенде, тіпті таңертең үйден шығарда бір Аллаға тәуекел етіп, өзін және ойлаған ісінің Алланың назарынан тыс болмайтындығына сенім артқан пенденің ең әуелі жүрегі тыныштық табады. Денеміздегі бір кесек ет «жүректің» тыныштығы болғанда атқарар ісіміз де берекелі болады. Омар (р.а) «Алла елшісінің (с.а.у):

لَوْ أَنَّكُمْ تَوَكَّلْتُمْ عَلَى اللَّهِ حَقَّ تَوَكُّلِهِ لَرَزَقَكُمْ كَمَا يَرْزُقُ الطَّيْرَ، تَغْدُوا خِمَاصاً وَتَرُوْحُ بِطَاناً

«Егер де Аллаға шынайы түрде тәуекел етсеңдер, Хақ тағала сендерді таңертең ұясынан аш құрсақ ұшып шығып, кешке қарай жемсауы толып оралған құстарды ризықтандырғаны секілді ризықтандырар еді», деп айтқанын естідім»,[1] - деген. Демек, адам баласына ризық беруші, бізді махаббатпен жаратқан мейірім иесі Алланың кеңшілігі мен қамқорлығы шексіз.

Құрандағы тәуекел тақырыбы

Құранда тәуекел ұғымы жайлы бас-аяғы 61 сүреде 70 рет қайталанып айтылады. Бұның өзі тәуекел тақырыбының Тәңіріміз тарапынан тәрбиелік мақсатта қозғалған үлкен мәселе екенін көрсетсе керек.

Бізді екі дүние бақытына қауыштыратын, ақ пен қараны ажыратып көрсетуші жолбасшы ретінде берілген Құран Кәрімде былай делінген:

قَالَتْ لَهُمْ رُسُلُهُمْ إِن نَّحْنُ إِلاَّ بَشَرٌ مِّثْلُكُمْ وَلَكِنَّ اللّهَ يَمُنُّ عَلَى مَن يَشَاء مِنْ عِبَادِهِ وَمَا كَانَ لَنَا أَن نَّأْتِيَكُم بِسُلْطَانٍ إِلاَّ بِإِذْنِ اللّهِ وَعلَى اللّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

«Сонда пайғамбарлары оларға: Ия, біз бар болғаны сендер сияқты кәдімгі адам баласымыз. Алайда Алла құлдарының арасынан қалағанын ерекше бір жақсылыққа бөлейді. Сондай-ақ біздің Алланың рұқсатынсыз сендерге қандай да бір мұғжиза көрсетіп, дәлел келтіруіміз мүмкін емес. Шын мүміндер қашанда бір Аллаға ғана тәуекел етуі керек.»[2].

Шынайы мүміннің тәуекелі мен жүрек сүйеніші жаратылғандар мен күш-құдіреті шектеулі жандарға немесе өз күші мен қабілет қарымына емес, құдіреті шексіз Аллаға болуға тиіс екенін осы аят бағдарлап беріп отыр.

Ал енді кез-келген қайырлы істі істеуге бел байлаған сәтте, өз күшіңе, ақыл-ойыңа, тәжірибеңе ғана сүйеніп қоймай, тәуекел етіп, тағдырыңды Тәңірге тапсыруды мына аяттан байқаймыз:

 فَإِذَا عَزَمْتَ فَتَوَكَّلْ عَلَى اللّهِ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَوَكِّلِينَ

«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз, Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді»[3].

Тәуекел ету, қаласаң қолға алып, қаламасаң қоя салатын ерікті шаруа емес, нағыз мұсылман болам деген адамның бойынан үздіксіз табылуға тиіс сипат екенін Раббымыз баяндап береді:

إنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ إِذَا ذُكِرَ اللّهُ وَجِلَتْ قُلُوبُهُمْ وَإِذَا تُلِيَتْ عَلَيْهِمْ آيَاتُهُ زَادَتْهُمْ إِيمَانًا وَعَلَى رَبِّهِمْ يَتَوَكَّلُونَ

«Асылында, нағыз мүміндер Алланың аты еске алынғанда жүректері толқиды, аяттары оқылғанда имандары артады әрі олар Раббысына барынша тәуекел етеді»[4]

Осы аяттардан аңғаратынымыз мұсылман адам барлық тілегін, қажетін, ниетін бір Алладан сұрап, тек Оған тәуекел етеді. Өзіне сенім артып кетуден сақтанып, Аллаға деген сенімі артады. Әлемдердің Раббысының алдында дәрменсіз, әлсіз екендігін толық мойындай отырып, Оның тағдырына разы болуды көздеп тәуекел етеміз. Бұлай болмаған жағдайда көптеген адамдар өзімнің білімділігім мен ептілігіммен табыстарға қол жеткізіп жатырмын деген оймен өзімшілдікке салынып кетеді. Сонымен тәуекел сөзі – араб тіліндегі түбірі «уәкәлә» етістігінен шығатын тәуәккул, яғни «сенім арту, істі басқаға тапсыру» деген ауқымы кең мағыналарды береді. Алдағы күнімізді болжап біле алмағанымыз сияқты ниет еткен ісіміздің нәтижесінің немен аяқталатындығын біле алмаймыз. Сондықтан әрбір амалымызда барлық нәрсеге күші жетуші Аллаға тәуекел етуіміз Жаратушыға деген иманмен тығыз байланысты. Мысалы, диқан кісінің ерте көктемде жерді өңдеп, өнімін егіп, оны баптап болған соң, егіннің берекелі болуын Алладан сұрауы – тәуекелдің ең кәміл түріне жатады. Ал, керісінше еш әрекет етпестен «тағдырға тапсыра салып» әрекетсіз болуды дініміз құптамайды. Дана халқымызда «Жүрген аяққа жөргем  ілігеді», «Атыңды тұсаулап барып Аллаға тәуекел ет», «Нар тәуекел» деулері тәуекел ұғымдарымен астасып жатыр. Аты белгілі ғалым Зун-нун осы турасында: «Пенде «Алла тағала менің бойымдағыны әрқашанда көріп біліп тұр» деген сенімге толықтай жетпейінше Оған деген тәуекелі күшеймейді» деген. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у) :

وعنْ أنسٍ رضيَ اللَّهُ عنه قال : قال : رسولُ اللَّهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وسَلَّم : « مَنْ قَالَ يعنِي إذا خَرَج مِنْ بيْتِهِ : بِسْم اللَّهِ توكَّلْتُ عَلَى اللَّهِ ، ولا حوْلَ ولا قُوةَ إلاَّ بِاللَّهِ ، يقالُ لهُ هُديتَ وَكُفِيت ووُقِيتَ ، وتنحَّى عنه الشَّيْطَانُ »

«Кімде-кім үйінен шығарда «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш-қуат иесі жоқ» десе, оған Алла тарапынан: «Тура жолға түсірілдің, бар қажетің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың», делінеді. Әзәзіл шайтан да одан алыс жүреді»,[5] - деген. Шынайы ниетпен тәуекел еткен пендесін Алла қараусыз қалдырмайды, оған жақсылықты нәсіп етеді. Осы үйден шығарда оқитын дұғаның үлгісін  отбасы мүшелері жатқа айтқанға дейін үйден шығар есікке іліп қойсақ та болады. Сонда күнделікті оқып отырған адамның дағдысына айналады. Бұл да осы тақырыпқа қатысты  тәрбие тетіктерінің бірі. Тәуекелдің түп-төркіні себептер тұрғысынан алғанда дүниелік заңдылықтарға толықтай бағынуды аңғартады. Ислам тарихында есімі сақталған ұлық сахабалардың бірі Омар (Алла ол кісіден разы болсын) ғибратты сөзінде: «Сендердің ешбірің ризық алу үшін өз күшін салуды тоқтатпасын. «Ия Алла, маған ризық бер» деген сөздерімен шектелмесін. Аспаннан алтын мен күмістен жаумайтындығын сендер жақсы білесіңдер ғой», - деп, орамды ой қалдырған. Базбіреулер расымен де қоғамды, билікті, ағайынды кінәлап әрекетсіз күн кешіп, «екі қолға бір күрек ұстауға» енжарлық танытып та жүр. Бір істі бастайын десе, оған тәуекелі жетпей жүрген жандарға дана халқымыздың да ұлағатты өлең жолдары жігер беруі тиіс.

 

«Тәуекел түбі желқайық, Мінесің де өтесің.

Уайым түбі тұңғиық, Батасың да кетесің»   

«Мір тәуекел бұзады, Мың қайғының қаласын.

Бір жылы сөз бітірер, Мың көңілдің жарасын»

Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өлең жырларындағы мына шумақтар да көңілге ой салады:

Бектерім, божырамай белдерің бу,

Қар шөгер қайрат - асқар, тәуекел - ту.

Сабыр етіп аясында отырсаңдар,

Құритын өз-өзінен уайым су.

 

Көбінесе күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен сары уайымға салынатындар мына хадистен жауап табамыз. «Бастарыңыз қимылдап тұрған кезде ризық, несібе жайында уайым қылмаңдар. Өйткені, адам баласы анасынан туылғанда қызылшақа болып дүниеге келеді. Содан кейін Алла оны түрлі ризықтармен ризықтандырады», - дейді. Ақиқатында дәрменсіз балалар мен ата-анасынан ерте айырылған жетімдердің ержетіп жатқандығы Құдіретті Алланың ризықтарымен болып жатқан көріністер.

Аллаға тәуекел етіп, жаратушының жәрдемі жетсе, дүниенің еш қайғысы мұсылман құлдың сағы сынып торығуына жол бермейтінін келесі аяттан аңғарамыз:

إِنْ يَنْصُرْكُمُ اللَّهُ فَلا غَالِبَ لَكُمْ وَإِنْ يَخْذُلْكُمْ فَمَنْ ذَا الَّذِي يَنْصُرُكُمْ مِنْ بَعْدِهِ وَعَلَى اللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ

«Егер Алла сендерге жәрдем берсе, сендерді ешкім жеңе алмайды. Ал егер қол ұшын бермей жалғыз қалдырса, (жәрдем қылмаса,) содан кейін сендерге жәрдем беретін кім бар?! Ендеше шынайы мүміндер бір Аллаға ғана арқа сүйеп, тәуекел етсін». [6]

Аллаға тәуекел етудің үш дәрежесі бар: біріншісі тәуекел еткен соң өзінің жағдайын айтып шағымданбау, екіншісі тәуекелден кейін Алланың бергеніне риза болу, үшіншісі тәуекел ете отырып Раббысы қандай нәтижеге жеткізсе де Аллаға деген махаббатын жоғалтып алмау.

Тәуекел туралы аяттар мен хадистердің көптігін жоғарыда айтып өттік. Ал енді сол аяттар мен хадистерде қозғалған тәуекел тақырыбын тұжырымдай келе Ислам ғұламаларының тәуекел туралы тоқтамына тоқталсақ, тәуекелдің жемістері төмендегідей:

1. Алланың жәрдемінің келуіне себеп болады.
2. Шайтанның азғыруынан сақтануға септігін тигізеді.
3. Тәуекел адамды батылдыққа тәрбиелейді.
4. Ризықтың келуіне дәнекер болады.
5. Мұсылман баласының иманының беріктігі тәуекелмен дәлелдене түседі.
6. Алланың қамқорлығында болады.
7. Алланың сүйіспеншілігіне бөленеді.
8. Ең ұлы жеміс – ахиретте жәннатпен сүйіншіленеді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың сөзімен түйіндесек:

وَمَن يَتَوَكَّلْ عَلَى اللَّهِ فَهُوَ حَسْبُهُ ۚ

«Кім де кім Аллаға тәуекел етсе, онда Ол (Алла) оған жеткілікті» [7]

Олай болса, тәуекелдің талаптары мен шарттарын шариғатқа сай сақтай отырып, Мәңгі Тірі, құдіреті шексіз, көктер мен жерді меңгерген жалғыз Аллаға шынайы тәуекел ете білсек, ісіміз оңға басып, екі дүние бақытына бөленеріміз хақ!

Алла Тағала біздерді Өзіне тәуекел ете білген, жүрегі тәуекелшіл, еңбекқор, ақыл-ойы алға жетелейтін алғыр құлдарынан болуымызды нәсіп етсін!

 

 

[1] Тирмизи хадистер жинағы

[2] Ибраһим» сүресі, 11-аят

[3] Имран сүресі, 159-аят.

[4] Әнфәл» сүресі, 2-аят

[5] Әбу Дауд хадистер жинағы

[6] Әли ғимран-160

[7] Талақ сүресі 3-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру