Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ! | жұма уағызы

16.05.2018 3750 0 пікір

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!  

Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.

Таңғы сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, кешкі ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.

Алғашқы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Алланың Елшісі ﷺ ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар ﷺ ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!»[1] – деп тілек тілеген екен.

Алла Тағала былай дейді:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ ﴿١٨٣﴾

Уа, мүміндер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім сол  арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер[2].

Алла Тағала Өзінің қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен рамазан айын таңдаған екен. Олай болса, осынау таңдаулы айдың өзіне тән артықшылықтары да бар. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.

Аталған аятта Алла Тағаланың иман келтіргендерге тек жақсылық, жеңілдік қалайтын-дығы айтылады. Расында да асыл дініміз үкімдерінде қиындық жоқ. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз ﷺ: «Шындығында дін – жеңіл», – деген. Ислам дініндегі әрбір ғибадаттың, парыздың оңтайлы тұстары бар. Өйткені аятта айтылғандай, Хақ Тағала пенделеріне ауыр істі жүктеп, қиындыққа душар етуді қаламайды. Сондықтан егер бір кісі рамазан айында науқас болса немесе сапарда жүрсе, кейінірек сауыққанда немесе еліне қайтқанда қазасын өтеуіне болады. Бұл Алла Тағала тарапынан берілген үлкен нығмет, жеңілдік. Аяғы ауыр немесе етеккірі келген әйелдердің үкімі де науқас жандыкіне ұқсас.

Сондай-ақ, отыз күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап болған соң Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтуы тиіс.  Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны үшін әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткені үшін Жаратқанды ұлықтап, тәкбір айтулары керек, Ораза айтын лайықты түрде тойлауы қажет.

Адамзаттың асыл тәжі ﷺ ұлық айдың ерекшелігі жайлы:

إِذَا كَانَ أَوَّلُ لَيْلَةٍ مِنْ شَهْرِ رَمَضَانَ صُفِّدَتِ الشَّيَاطِينُ وَمَرَدَةُ الْجِنِّ ،وَغُلِّقَتْ أَبْوَابُ النَّارِ فَلَمْ يُفْتَحْ مِنْهَا بَابٌ،  وَفُتِّحَتْ أَبْوَابُ الْجَنَّةِ فَلَمْ يُغْلَقْ مِنْهَا بَابٌ، وَيُنَادِى مُنَادٍ:  يَا بَاغِىَ الْخَيْرِ أَقْبِلْ، وَيَا بَاغِىَ الشَّرِّ أَقْصِرْ .وللهِ عُتَقَاءُ مِنَ النَّارِ وَذَلِكَ كُلَّ لَيْلَةٍ

«Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен жаман жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады».[3]

Имам Мүсілім таратқан риуаятта Алланың Елшісі ﷺ былай дейді:

كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ يضاعَفُ، الحسنةُ بِعَشْرِ أمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِمِئَةِ ضِعْفٍ. قَالَ الله تَعَالَى: إِلاَّ الصَّوْمَ فَإنَّهُ لِي وَأنَا أجْزِي بِهِ؛ يَدَعُ شَهْوَتَهُ وَطَعَامَهُ مِنْ أجْلِي. للصَّائِمِ فَرْحَتَانِ: فَرْحَةٌ عِنْدَ فِطْرِهِ، وَفَرْحَةٌ عِنْدَ لِقَاءِ رَبِّهِ. وَلَخُلُوفُ فِيهِ أطْيَبُ عِنْدَ اللهِ مِنْ رِيحِ المِسْكِ

«Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, ал екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық»[4].

Алла елшісі ﷺ:

      مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»[5]   

Рамазан айының ерекшеліктерінің бірі - адамзатқа ақ пен қараны ажырату үшін Құран түскен.

Алла Тағала былай дейді:

﴿شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَىٰ وَالْفُرْقَانِ ۚ... ١٨٥﴾

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және(ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді»[6].

Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммедке ﷺ ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан қадірлі Қадір түні еді.

Алланың Елшісі ﷺ бізге Құран Кәрімді ұдайы оқып-үйренуді, жаттауды, ондағы ұлағатқа амал етуді бұйырды. Ондағы әрбір әріпте үлкен сауап бар екендігін айтты: 

خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلَّمَ الْقُرْآنَ وَعَلَّمَهُ

«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің» [7]

Басқа бір хадисте:

وَعَنْ عَائِشَةَ قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : "الْماهِرُ بِالْقُرْآنِ مَعَ السَّفَرَةِ الْكِرامِ الْبَرَرَةِ وَالَّذِي يَقْرَأُ الْقُرآنُ وَيَتَتَعْتَعُ فِيهِ وَهُوَ عَلَيْهِ شَاقٌّ لَهُ أَجْرَانِ".

Айша (р.а.) анамыздан келген риуаяттан көреміз: «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады. Ал Құранды оқығанда кекештеніп қиналса, екі сауап алады»[8] – деген.

 

Рамазан  тәубе айы.

Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал осы бір мүмкіндікті пайдалана алмау нағыз өкінішті жағдайға түсіреді.

قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اُحْضُرُوا الْمِنْبَرَ فَحَضَرْنَاهُ، فَلَمَّا ارْتَقَى دَرَجَةً قَالَ آمِينَ، فَلَمَّا ارْتَقَى الدَّرَجَةَ الثَّانِيَةَ قَالَ آمِينَ، فَلَمَّا ارْتَقَى الدَّرَجَةَ الثَّالِثَةَ قَالَ آمِينَ، فَلَمَّا نَزَلَ قُلْنَا يَا رَسُولَ اللَّهِ لَقَدْ سَمِعْنَا مِنْك الْيَوْمَ شَيْئًا مَا كُنَّا نَسْمَعُهُ قَالَ: إنَّ جِبْرِيلَ عَرَضَ لِي فَقَالَ: بَعُدَ مَنْ أَدْرَكَ رَمَضَانَ فَلَمْ يُغْفَرْ لَهُ قُلْتُ آمِينَ، فَلَمَّا رَقَيْتُ الثَّانِيَةَ قَالَ بَعُدَ مَنْ ذُكِرْتَ عِنْدَهُ فَلَمْ يُصَلِّ عَلَيْك قُلْتُ آمِينَ، فَلَمَّا رَقَيْتُ الثَّالِثَةَ قَالَ بَعُدَ مَنْ أَدْرَكَ أَبَوَيْهِ الْكِبَرُ عِنْدَهُ أَوْ أَحَدَهُمَا فَلَمْ يُدْخِلَاهُ الْجَنَّةَ قُلْتُ آمِينَ

Әл-Хаким таратқан риуаят бойынша бірде Пайғамбар ﷺ сахабаларына мінберді әкелуге бұйырады. Сосын әкелінген мінберге көтеріліп бара жатып: «Әмин», – деп үш рет айтады. Сосын қайтадан төмен түседі. Сахабалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алла Елшісі ﷺ былай дейді: «Маған Жебірейіл (ғ.с) көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Екінші мәрте көтерілгенімде: «Сенің есімің аталғанда салауат айтпаған жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Үшінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі, не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» – деді. Мен тағы да: «Әмин» – дедім».

Рамазан тақуалық айы

Алла Тағала былай дейді:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ ١٨٣﴾

«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар».[9]

Осы шарапатты аяттың соңы «әрине сақтанарсыңдар» деп аяқталып тұр. Бұл сөзде терең мағына жатыр. Ораза парызы Раббымыздан шынайы түрде қорқуға, тақуалыққа тәрбиелейді. Бұл аяттағы «тәттәқун» сөзі «сақтанарсыңдар» деген мағынамен бірге «тақуалық етерсіңдер» деген мағынаны да білдіреді. Оразаның түпкілікті мақсаты пенденің бойында Құдай Тағаладан қорқу, тақуалық қасиетін қалыптастыру болып табылады.

Өз-өзіне есеп беру ізгі пенделердің дағдысы, мұсылманнның иманын жаңартып, түлететін ой таразысы, пікірі мен түсінігін туралап, түзейтін тезі. Бұл туралы мұсылман тарихында талай ділмәрлар, тақуалар түрлі айшықты ойларын айтып кеткен. Солардың біразы мынадай. Омар ибн Хаттабтан (р.а) қалған мынадай мәшһүр өсиет бар:

حَاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحَاسَبُوا ، وَزِنُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُوزَنُوا ، فَإِنَّهُ أَهْوَنُ عَلَيْكُمْ فِي الْحِسَابِ غَدًا ، أَنْ تُحَاسِبُوا أَنْفُسَكُمُ الْيَوْمَ ، وَتَزَيَّنُوا لِلْعَرْضِ الأَكْبَرِ ، يَوْمَئِذٍ تُعْرَضُونَ لا تَخْفَى مِنْكُمْ خَافِيَةٌ "

 «Есепке алынбастан бұрын өздеріңнен есеп алыңдар, оны таразыға түспестен бұрын таразылаңдар, ең үлкен тексеру күніне дайын болыңдар.[10]

Хасан Басри былай дейді: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз, қалай болса солай істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен».

Расында да халық аңызындағы Аяз би секілді әрбір адам баласы бір сәт өз ісіне есеп беріп, нәпсісінің жағдайына баға беріп отырмаса болмайды. Аяз би кедей кезіндегі шоқпыт-шоқпыт шекпенін үйінің жоғары бір жеріне іліп қойыпты. Нәпсісі дандайсып, шектен шыға бастағанда-ақ сол шекпеніне қарап бұрынғы халін есіне түсіріп: «Аяз би жолыңды біл, құмырсқа әліңді біл», – деп өрекпіген көңілін сабасына түсіріп, тәубесіне келіп отырады екен.

Рамазан сабырлық айы.

Алла елшісі ﷺ ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен:

الصِّيَامُ جُنَّةٌ فَلاَ يَرْفُثْ وَلاَ يَجْهَلْ، وَإِنِ امْرُؤٌ قَاتَلَهُ أَوْ شَاتَمَهُ فَلْيَقُلْ: إِنِّي صَائِمٌ؛ مَرَّتَيْنِ

«Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін»[11]. Яғни  ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббымыз қабыл алады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жеуден тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы.

Жалпы сабыр атаулы шарғи мағынада үшке бөлінеді: Алла Тағаланың құлшылығын орындауда сабыр ету, Алла Тағала тыйым салған нәрселерден тартынуда сабыр ету және Жаратқанның жазмышына көркем түрде сабыр ету. Мұндағы құлшылық-тағатқа сабыр етудің мағынасы намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты парыз амалдарды қандай да бір қиыншылыққа қарамастан, ауа-райының қолайсыздығына, ахуалдың қысылтаяңдығына қарамастан көркем сабырмен орындау дегенді білдіреді.

Хақ Тағала Зүмәр сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдардың сауабын есепсіз беретіндігі жайлы былай дейді:

﴿...إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ ١٠﴾

«Расында, сабырлылар сауаптарын қисапсыз түрде молынан алады».[12]
Рамзан шүкіршілік айы.

Мүбәрак рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесінің, қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Оразаның осындай хикметті қырлары бар.

Шариғат пайымында шүкіршіл жүрек ең үлкен байлықтардың бірі. Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадисте Алланың Елшісі ﷺ:

أَرْبَعٌ مَنْ أُعْطِيَهُنَّ فَقَدْ أُعْطِيَ خَيْرَ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ: قَلْبٌ شَاكِرٌ، وَلِسَانٌ ذَاكِرٌ، وَبَدَنٌ عَلَى الْبَلَاءِ صَابِرٌ، وَزَوْجَةٌ لَا تَبْغِيهِ خَوْفًا فِي نَفْسِهَا وَلَا مَالِهِ

«Кімге мына төрт нәрсе нәсіп етілсе, оған дүниенің де, ақыреттің де игілігі берілген болады: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сынаққа сабырлы тән және өз нәпсісінде де, жарының малына да еш жамандық қаламайтын әйел», – деген.[13]  

Ораза тұтушыға өсиет

Алланың Елшісі ﷺ осынау қасиетті де берекелі ай рамазан айында қалай ғибадат қылды, соған оралайық. Айша анамыз (р.а.) былай деп әңгімелейді: «Алланың Елшісі  өте жомарт болатын. Ал рамазан айында одан да ерекше жомарттық көрсететін». Яғни  Пайғамбар ﷺ рамазан айында ғибадатта болсын, садақа беруде болсын, ерекше жомарттық танытатын. Құлшылықта ерекше ижтиһад жасайтын.

Айша анамыз (р.а.): «Алланың Елшісі  рамазан айының соңғы онкүндігінде ғибадатты ерекше ыждағаттылықпен орындап, түнін намазбен өткізіп, жанұясын да намаз оқуға оятатын», – дейді.

Пайғамбарымыз ﷺ оразаның қадір-қасиеті туралы айтқан хадистері көп. Оларда осынау парыздың қыр-сырын, дәрежесін жан-жақты түсіндірген. Солардың бірсыпырасы төмендегідей.

Алланың Елшісі ﷺ бір хадисінде былай дейді: «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жеуін тоқтатқанына мұқтаж емес». Ендеше ауызбен қоса тілмен де ораза тұтуымыз қажет.

Ибн Мәжә жеткізген басқа бір риуаятта: «Қаншама ораза тұтушылар бар, олардың бар тапқаны пайдасы – шөлдеу ғана», – деп ораза ережелерін дұрыс сақтамаған кейбір адамдардың оразасының қабыл болмауы мүмкін екендігін ескерткен.

Сондықтан ораза ұстаушы мұсылман өзін өсек-аяңнан, өтірік, балағат сөздерден, ұрыс-керістен аулақ ұстауы тиіс. Ондай ортада үндемегеннің өзі сауап іс. Өйткені Пайғамбар ﷺ бір хадисінде: «Ораза тұтушының үндемеуі Аллаға тәсбих айтқанымен тең»,[14] – деген.

Рамазан айы ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтпағымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз.

Алланың Елшісі ﷺ басқа бір хадисінде таң алдындағы сәрені қалдырмағанның абзалдығы жайында: «Сәресін ішіңдер! Расында сәресінде құт-береке бар».[15]

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз ﷺ жаңа піскен құрмамен ауыз ашқан, егер жаңа піскен құрма болмаған жағдайда құрғақ құрмамен, құрғақ құрма болмаған жағдайда сумен ауыз ашқан әрі басқаларды да солай істеуге шақырған еді.

Ораза тұтушыға берілген бес қасиет


Имам Ахмадтің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі ﷺ ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:

  1. Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады;
    2. Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;
    3. Алла Тағала рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерден тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;
    4. Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.
    5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі».

Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз ﷺ: «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген еді.

 

Алла Тағала оразамызды қабыл алып, елімізге тыныштық, отбасымызға амандық берсін! Аумин!

 


 

[1] Ахмад хадистер жинағы

[2] Бақара сүресі, 183-аят.

[3] Тирмизи хадистер жинағы

[4] Муслим хадистер жинағы

[5] Бұхари хадистер жинағы

[6] Бақара сүресі, 185-аят.

[7] Бұхари хадистер жинағы

[8] Муслим хадистер жинағы

[9] Бақара сүресі, 183-аят.

[10] Ибн Әби Дүния «Мухасабату аннафс»

[11] Бұхари хадистер жинағы.

[12] Зумар сүресі, 10-аят.

[13] Байхақи риуаят еткен.

[14] Байхақи риуаят еткен.

[15] Бұхари хадистер жинағы

РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру