Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Рамазан - Құран түскен ай | жұма уағызы

30.05.2018 3129 0 пікір


Құлдарын қараңғылықтан жарыққа шығару үшін қасиетті Құранды аманат етіп түсірген құдіреті шексіз Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Үмметінің арасына тірі Құран болып жіберілген, Алла сөзін амалмен айшықтаған ардақты Пайғамбарымызға сансыз салауаттар болсын!

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 185-аятында:

"شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ"

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді» деген.  

Рамазан айы жыл ішіндегі ең абзал ай болып саналады. Оның артықшылығы жайында көптеген хадистер бар. Ол туралы ұлы ғалымдар тарапынан шексіз мақтаулар айтылып, кітаптар жазылған. Бірақ Құран жайындағы мақтаулардың ең ұлығы бүкіл әлемнің Раббысы – Алланың  өз кітабында айтқандары. Алла Тағала рамазан айын Құранның түсірілуіне лайық ай ретінде таңдап, осы айды Құран арқылы ерекшеледі. 

Алла Тағала «Уақиға» сүресінің 77-80 аяттарында:

" إِنَّهُ لَقُرْآنٌ كَرِيمٌ فِي كِتَابٍ مَّكْنُونٍ لَّا يَمَسُّهُ إِلَّا الْمُطَهَّرُونَ تَنزِيلٌ مِّن رَّبِّ الْعَالَمِينَ "

«Шын мәнінде ол ардақты Құран. Кітапта (Лаухы Махфұзда) сақтаулы. Оны тап-таза болғандар ғана ұстайды. Әлемдердің Раббысы тарапынан түсірілген» деген.

Алла Тағала осы сүрені серт етумен бастайды, сосын Мұхаммедке ﷺ түсірілген және дінсіздер жоққа шығарып жатқан Құранның хақ әрі сақталған кітап екенін айтады. Құран Кәрім – ешқандай  өзгеріске ұшырамаған, қандай да бір толықтырулар мен кебейтілуден аман сақталған иләһи кітап. Сондықтан да оны тәні таза әрі рухани тұрғыда таза болғандар ғана ұстай алады. Құран аяттарының мағынасына үңілген жындардың өзі ерекше сезімге бөленіп, иман келтірген. Алла Тағала Құран кәрімде Жын сүресінің 1-2 аяттарында:

             إِنَّا سَمِعْنَا قُرْآَنًا عَجَبًا * يَهْدِي إِلَى الرُّشْدِ فَآَمَنَّا بِهِ 

Сонда жындар: "Шынында бір ғажайып Құран тыңдадық" деді.(2) "Құран, бізді тура жолға салады. Енді соған иман келтірдік. 

«Ниса» сүресінің 174-аятында:

"يَا أَيُّهَا النَّاسُ قَدْ جَاءَكُمْ بُرْهَانٌ مِنْ رَبِّكُمْ وَأَنْزَلْنَا إِلَيْكُمْ نُورًا مُبِينًا"

«Әй адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан дәлел келді. Сондай-ақ сендер үшін бір ашық нұр (Құран) түсірдік» делінген.

Аяттағы «дәлел» сөзі Құран Кәрім, Пайғамбарымыздың ﷺ хақтығы, исламның екі дүние бақытына жетелеуші шынайы дін екендігін білдіреді. Алла Тағаланың өз пенделеріне мейірімін төгіп, екі дүние бақытына жетелейтін дәстүр етіп түсірген бұл Құран қараңғылықтан жарыққа, жамандықтан ізгілікке бастайтын – ашық та айқын нұр.

«Шура» сүресінің 52-53 аяттарында Хақ Тағала:

"كَذَٰلِكَ أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ رُوحًا مِّنْ أَمْرِنَا ۚ مَا كُنتَ تَدْرِي مَا الْكِتَابُ وَلَا الْإِيمَانُ وَلَٰكِن جَعَلْنَاهُ نُورًا نَّهْدِي بِهِ مَن نَّشَاءُ مِنْ عِبَادِنَا ۚ وَإِنَّكَ لَتَهْدِي إِلَىٰ صِرَاطٍ مُّسْتَقِيمٍ صِرَاطِ اللَّهِ الَّذِي لَهُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ ۗ أَلَا إِلَى اللَّهِ تَصِيرُ الْأُمُورُ"

 

«(Мұхаммед Ғ.С.) саған осылайша әмірімізден бір “Рух” уахи еттік. Сен, Кітап не, Иман не, білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр қылып, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ, тура жолға саламыз. Расында сен тура жолға бастайсың. Ол, көктер мен жердегі нәрселер өзіне тән Алланың жолы. Сақ болыңдар! Істер Аллаға қайтады» деген.

Алла Тағала бұл аятта Құран Кәрімді, Мұхаммедке ﷺ уахи арқылы жіберген соңғы кітабын «рух – жан» деп атады. Шынында, Құран адамзат үшін ең керекті рухани азық. Құран Кәрім ғана адамзат үшін рухани азық бола алады.

Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 204-аятында:

"وَإِذَا قُرِئَ الْقُرْآنُ فَاسْتَمِعُوا لَهُ وَأَنصِتُوا لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ"

«Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине мәрхаметке бөленесіңдер» деп бұйырды.

Құранның араб тілін білетін және білмейтін, мұсылман және мұсылман емес адамдардың барлығына бірдей әсер ететініні шүбәсіз.

«Рамазан – Құран айы» дегенде, екі жағдайды ескеру қажет. Біріншісі, Рамазан айында қасиетті Құран түсті. Сондықтан Рамазан айы  «Құран айы» деп айтылады. Ал, енді екінші жағдай, бұл айда Құранды көп оқып, Аллаға арнап жасалатын тағат-ғибадатты көбейту қажет. Пайғамбарымыз ﷺ:

مَنْ قَرَأَ حَرْفًا مِنْ كِتَابِ اللَّهِ فَلَهُ بِهِ حَسَنَةٌ ، وَالحَسَنَةُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا، لَا أَقُولُ الم حَرْفٌ، وَلَكِنْ أَلِفٌ حَرْفٌ وَلَامٌ حَرْفٌ وَمِيمٌ حَرْفٌ

 «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса бір сауап, ал бір сауап он сауапқа тең. Әлиф-Ләм-Мим (Бақара сүресінің басы) бір әріп деп айтпаймын, әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп» деген (Тирмизи хадистер жинағы).

 

Рамазан айы – ізгі амалдардың сауабы еселене түсетін, құт, береке және рақым айы.


Ораза мен Құранның өзара байланысы мына хадисте қатар аталып қиямет күнінде мұсылманның тұтқан оразасы мен оқыған Құраны оған шапағатшы болып келетіндігі айтылады. Бұл туралы Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

 الصِّيَامُ وَالْقُرْآنُ يَشْفَعَانِ لِلْعَبْدِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ، يَقُولُ الصِّيَامُ : أَيْ رَبِّ مَنَعْتُهُ الطَّعَامَ وَالشَّهَوَاتِ بِالنَّهَارِ فَشَفِّعْنِي فِيهِ . وَيَقُولُ الْقُرْآنُ : مَنَعْتُهُ النَّوْمَ بِاللَّيْلِ فَشَفِّعْنِي فِيهِ . قَالَ : فَيُشَفَّعَانِ

 «Қиямет күнінде Раббының алдында ораза мен Құран пенде үшін шапағатшы болады. Ораза келіп:

– Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйған едім. Енді мен оған шапағатшы болайын – дейді. Құран келіп:

– Раббым! Мен оны түндерде ұйқысынан айырдым. Сол үшін оған шапағат етейін – дейді. Алла ол екеуіне шапағат етулеріне рұқсат береді. Олар шапағат қылады» (Имам Ахмед).

Рамазан айы Пайғамабарымыздың ﷺ Құранға ерекше мән беріп, адамзаттың бақыты үшін оны сақтап қалуға ерекше ыждағат танытақан айы. Жылда рамазан айы кіргенде Пайғамбарымыз ﷺ Жебірейіл періштемен бірге сол кезге дейін түскен аяттарды қайталап, пысықтап отыратын.

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ  قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللّٰهِ أَجْوَدَ النَّاسِ، وَكَانَ أَجْوَدُ مَا يَكُونُ في رَمَضَانَ ح۪ينَ يَلْقَاهُ جِبْر۪يلُ، وَكَانَ جِبْر۪يلُ يَلْقَاهُ في كُلِّ لَيْلَةٍ مِنْ رَمَضَانَ فَيُدَارِسُهُ الْقُرْآنَ، فَلَرَسُولُ اللّٰهِ  ح۪ينَ يَلْقَاهُ جِبْر۪يلُ أَجْوَدُ بِالْخَيْرِ مِنَ الرّ۪يحِ الْمُرْسَلَةِ».

Ибн Аббас (р.а.):

«Алла елшісі ﷺ адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (а.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл (а.с.) періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға ﷺ келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі ﷺ Жәбірейіл (а.с.) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді»,[1] – деген (Бұхари, саум 7; Мүслим, фадайл 48).

Міне, сол кезден бастап мұсылмандар арасында «мұқабала» дәстүрі қалыптасты. Ардақты пайғамбарымыздан ﷺ тәлім алған сахабалар да, олардың соңынан ерген ғалым-ғұламалар да осы айда Құранға ерекше мән беретін. Мәселен, Айша анамыз (р.а.) рамазан айында күн ұзаққа дейін Құран оқумен айналысатын, атақты фақиғ, ғұлама Имам Мәлік те барлық жұмыстарын, сабақтарын ысырып қойып, Құран оқумен айналысатын. Имам Қатада Рамазан айының соңғы он күнінде бір күнде Құранды бір рет бастан-аяқ оқып хатым жасайтын.    

Алла Тағала адамзат баласын ақылмен ардақтап, пендесі құр босқа ғұмыр кешіп, құмарын қандырып құрдымға кетпеуі үшін қасиетті Кітабын түсірді. Сол арқылы ақыл иелерін ең тура жолға бастады. Бұл туралы Құран Кәрімде «Исра» сүресі, 9-аятында:

إِنَّ هَذَا الْقُرْآنَ يَهْدِي لِلَّتِي هِيَ أَقْوَمُ وَيُبَشِّرُ الْمُؤْمِنِينَ الَّذِينَ يَعْمَلُونَ الصَّالِحَاتِ أَنَّ لَهُمْ أَجْرًا كَبِيرًا

«Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйіншілейді».

Жетінші ғасырда қараңғы Хира үңгірінде алғаш «Оқы!» деп басталған бұл Кітап сол үңгірді ғана жарық етпей, бүкіл әлемге нұр болып келді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеудесін қысып барып берілген алғашқы аяттар күні бүгінге дейін қанша жанның кеудесін қыспақтан құтқарып, жүрегін жайландырды десеңізші!

Бұл өмірде сырт көзге қарағанда төрт құбыласы тең болып көрінетін қаншама мол байлықтың иелері жүректері тыныштық таба алмай, қаншама қаражатын түрлі мамандардан кеңес алуға жұмсап жүр. Жүректі тыныштандырып қана қоймай, нұрландыратын, адамды шынайы бақытқа жетелейтін Жаратушының тегін кеңестеріне құлақ аспай жүргендер қаншама?!.

Алла Тағала Құран кәрімде Рағд сүресінің 28-аятында:

أَلَا بِذِكْرِ اللَّـهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Жүректер Алланы еске алумен тыныштық табады», – дейді.

Алланың кітабын оқудың өзі – зікір, яғни Оны еске алу. Бұл жайлы Құранда «Хижр» сүресі, 9-аятында:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ                                       

«Шындығында Зікірді (Құранды) біз түсірдік және оны біз қорғаушымыз».

Құран оқудың артықшылығы мен Құранды оқыған адамның дәрежесі көтерілетіндігі жайлы Пайғамбарымыздың хадистері жетерлік.  Имам Муслимнен келген риуаятта:

اقْرَؤوا الْقُرْآنَ فَإِنَّهُ يَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ شَافِعًا لأَصْحَابِهِ

«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болып келеді», - дейді ардақты Елші өз хадисінде. Басқа риуаятта:

الَّذِي يَقْرَأُ الْقُرْآنَ وَهُوَ مَاهِرٌ بِهِ مَعَ السَّفْرَةِ الْكِرَامِ الْبَرَرَةِ، وَالَّذِي يَقْرَأُهُ وَهُوَ يَشْتَدُّ عَلَيْهِ فَلَهُ أَجْرَانَ

«Құранды шебер оқушы адам Алла Тағаланың әмiрiне бойсұнған періштелермен бiрге болады. Ал Құранды қиналып және кiдiрiп оқығанға екi есе артық сауап берiледi», - деп,  Құранды шеберлікпен оқитындармен қатар, қиналып ежелеп оқитындарды да қатар сүйіншілейді (Бұхари хадистер жинағы).

Алла Тағаланың алдында мұсылманның деңгейі Құран кәрімнің қаншалықты білгеніне байланысты. Пайғамбарымыздың ﷺ мүбәрак хадисінде:

يُقَالُ لِصَاحِبِ الْقُرْآنِ: اقْرَأْ وَارْقَ وَرَتِّلْ كَمَا كُنْتَ تُرَتِّلُ فِي الدُّنْيَا فَإِنَّ مَنْزِلَتَكَ عِنْدَ آخِرِ آيَةٍ تَقْرَؤُهَا

«Құран иесіне (Құран оқып жаттаған адам) былай  делінеді:  Оқы  және  жоғарыла  (төрлет),  оқы,  дүниеде қалай оқыған болсаң дәл солай оқы, расында, сенің орның соңғы аятты оқитын жерiңде ”, дейді. (Ахмад хадистер жинағы).

Бұл дүниеде Құраннан бейхабар, алыс болған адамдар жайында:

إِنَّ الَّذِي لَيْسَ فِي جَوْفِهِ شَيْءٌ مِنْ الْقُرْآنِ كَالْبَيْتِ الْخَرِبِ

«Ішінде Құраннан ештеңе болмаған адам құлаған үй тәріздес», деген.(Тирмизи хадистер жинағы)

Құран оқу арқылы адамның санасы мен жүрегі нұрланбақ. «Денең – жан нұрлы болса жөнделмек» деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай жаны саудың тәні де сау.

Құранның ерекше қасиеттерінің бірі – оны адам оқыған сайын оқи бергісі келеді, еш уақытта оқудан жалықпайды. Басқа кітапты бірнеше рет оқыған соң адам оны біліп алып шаршай бастаса, Құранды әр оқыған сайын адам қасиетті кітаптың бұрын байқамаған жаңа қырларын байқай түседі.

Құранды оқу арқылы мұсылман баласы Алладан қуат алады, Құрандағы өткен Пайғамбарлар мен ізгілердің көрген қиындығымен таныс болып өзінің өмірлік сынақтарға төтеп беруі тиіс екенін түсінеді.

Құран оқу арқылы мұсылман Аллаға жақындай түседі, өйткені Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың Өзіне деген махаббатқа жетелері сөзсіз.

Құранды оқып үйрену мен оны үйретудің абзалдығы жайлы: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің» деген хадистен білеміз. Сондай-ақ баласы Құран жаттаған ата-анаға Қияметте Алла Тағала тәж кигізіп, абыройларын асқақтататыны ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған.

Осыны білген ата-ана баласына ерте жастан Құран оқуды үйретуі керек. Өзі үйрете алмаған жағдайда Құран үйрететін мешіттердегі дәрістерге қатыстырып, немесе медресеге беріп оның Алла сөзінен тәлім алуына жағдай жасауы тиіс. Мешітке жиналып Алланың сөзін оқудың сауабы мен артықшылығы төмендегі хадистен анық байқалады:

... وَمَا اجْتَمَعَ قَوْمٌ فِى بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَيَتَدَارَسُونَهُ بَيْنَهُمْ إِلاَّ نَزَلَتْ عَلَيْهِمُ السَّكِينَةُ وَغَشِيَتْهُمُ الرَّحْمَةُ وَحَفَّتْهُمُ الْمَلاَئِكَةُ وَذَكَرَهُمُ اللَّهُ فِيمَنْ عِنْدَهُ

«Алланың үйлерінің бірінде қандай да бір қауым жиылып, Алланың Кітабын оқып, оны өзара бір-біріне үйрететін болса, оларға міндетті түрде тыныштық түседі (жандары жайланады), Алланың мейірімі оларды баурап алады, оларды періштелер қоршап, Алла Тағала бұл құлдарын өз қасындағылардың алдында еске алады».(Муслим хадистер жинағы)

Атақты табиғин Хасан Басри: « Ант етемін, Құраннан үлкен байлық болмағаны секілді, одан құр қалудан артық кедейлік жоқ» десе,

Имам Ғазали :«Құран – нұр. Қателесуден құтылудың жолы тек Құранда. Жүректерді қарайтқан аурулардан арылтып, шипа беретін тек Құран ғана» деген екен.

Қортындылай келе  Құранның өзінде оны оқитын адамдар туралы не дейді екен тыңдап көрейік:

إِنَّ الَّذِينَ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَأَقَامُوا الصَّلَاةَ وَأَنفَقُوا مِمَّا رَزَقْنَاهُمْ سِرًّا وَعَلَانِيَةً يَرْجُونَ تِجَارَةً لَّن تَبُورَ لِيُوَفِّيَهُمْ أُجُورَهُمْ وَيَزِيدَهُم مِّن فَضْلِهِ ۚ إِنَّهُ غَفُورٌ شَكُورٌ

«Әрине, Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне берген несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгесілмейтін бір сауда (сауап) үміт ете алады. Өйткені Алла, олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен артылтып береді. Әрине Ол, Өте жарылқаушы, Аса қадыр білуші».           («Фатыр» сүресі, 29-30 аяттар.)
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас, деп Абай атамыз айтқандай Алла Тағала баршамызды құранды оқушылардан, Құранға амал етушілерден қыла көр!

 



[1]
    Яғни жомарттық көрсетіп, жақсылық жасауда алдына жан салмайтын.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру