Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Сүннетпен амал етудің маңыздылығы

04.07.2018 3741 0 пікір

 

Адамзаттың ардақтысы аталып, шынайы бақыт жолын көрсеткен Мұхаммед ﷺ пайғамбарымыздың дүниеден өткеніне қаншама күндер, айлар, жылдар, ғасырлар өтсе де шынайы үмметтерінің сүйіспеншілігі бір сәтке де азайған емес. Өйткені, пайғамбар жолын өміріне өнеге еткен барлық жанның бір ғана мақсаты бар - Алланың жіберген дінін саф күйінде сақтай отырып, берік ұстану. Әрине, ол үшін пайғамбардың ﷺ сара жолы болған сүннет жолын жақын танып-білу, оны тіршілігінің әр сәтінде өнеге ете білу және асыл дінді пайғамбарша ұстау басты маңызға айналды. Шындығында бұған пайғамбар жолымен жүру арқылы жетері хақ. Алла Тағала Құран кәрімде пайғамбардың сүннетіне берік болу жайында:

وَمَا آتَاكُمُ الرَّسُولُ فَخُذُوهُ وَمَا نَهَاكُمْ عَنْهُ فَانتَهُوا ۚ 

Пайғамбар өздеріңе не жеткізсе соны шын көңілден қабыл алыңдар және не нәрседен тыйса, содан тыйылыңдар.[1]

Асылында Алланың құлдарынан нені қалайтынын ең жақсы білетін жан пайғамбарымыз Мұхаммед ﷺ еді. Сондай-ақ, Құран өзіне түскендіктен оның мақсат-мұратын да жақсы білді. Құран – дініміздің қайнар бұлағы. Пайғамбарымыз ﷺ:

تَرَكْتُ فِيكُمْ أَمْرَيْنِ لَنْ تَضِلُّوا مَا تَمَسَّكْتُمْ بِهِمَا: كِتَابَ اللهِ وَسُنَّةَ نَبِيِّهِ 

«Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым: бірі - Құран, екіншісі – менің сүннетім. Осы екеуін басшылыққа алсаңдар адаспайсыңдар»,[2] - дейді.
Демек, пайғамбар сүннетін Құранның түсіндірмесі мен бейнесі деуге әбден болады.

Сүннеттің Құранды тәпсірлеуі, яғни анықтап түсіндіруі туралы

 

اَلَّذِينَ آمَنُوا وَلَمْ يَلْبِسُوا إِيمَانَهُمْ بِظُلْمٍ أُولَـئِكَ لَهُمُ اْلأَمْنُ وَهُمْ مُهْتَدُونَ          

«Иман келтіріп имандарын зұлымдықпен былғамағандар, міне, соларға нағыз сенімділік бар (қорқыныш жоқ) және нағыз тура жол тапқандар солар[3]

деген аят түскен соң, мұны естіген сахабалар (әлін білмеу, ақиқаттан аттап кету дегенге саятын зұлымдық сөзінің астарын жақсы білгендіктен) уайымға салынып, Расулалладан: «Қайсымыз зұлымдық жасамадық дейсіз?» – деп сұрағанда, Расулалла оларға былай деп жауап берген: «Ол (зұлымдық) сендер ойлағандай мағынадағы зұлымдық емес, ол - хазірет Лұқманның ұлына насихаттағанындай, яғни хазірет Лұқман ұлына былай деген-ді:

 لاَ تُشْرِكْ بِاللّٰهِ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ 

«(Ұлым), Аллаға серік қосушы болма, ширк – зұлымдықтың ең үлкені» [4]

Алла Расулының осы түсіндірмесінде жоғарыдағы аятта баяндалған зұлымдықтың мағынасы астамшылдық, өзгелерге озбырлық жасау емес, Жаратқанға серік қосу дегенді білдіреді. Егер де Алла елшісі ﷺ аятты осылайша анықтап түсіндірмегенде, біз аяттағы жасырын мағынаны ешқашан дұрыс ұғына алмас едік.

Айша анамыз бен Ибн Мәсғуд  құранның мына аятын:

حَافِظُوا عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلاَةِ الْوُسْطَى

 «Намазды бек ұдайы оқыңдар (барынша дұрыс, кемшіліксіз), орта намазды да»[5]
деп келетін орта намазды «намаздыгер» деп түсіндіргендігі және бұлайша пайғамбар ﷺ түсіндіргендігі жөнінде хадистерде риуаят етіледі.

Сүннеттің қысқа баяндалған мәселелерді ашып түсіндіруі

Сүннеттің тағы бір қызметі – астарлы мәнде келген мәселелерге түсіндірме жасаумен қатар қысқаша баяндалған жайттарды кеңінен ашып түсіндіруі.

Мысалы, Құран кәрімде اَقِيمُوا الصَّلاَةَ «Намазды орындаңдар» деген бұйрық бар, алайда намаздың қалай оқылатыны, қай кезде оқылатыны туралы ештеңе айтылмайды. Дегенмен кейбір тәпсіршілер

وَأَقِمِ الصَّلاَةَ طَرَفَيِ النَّهَارِ وَزُلَفاً مِنَ اللَّيْلِ إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّـيِّئَاتِ 

«Күндіздің екі ұшында және түннің күндізге жақын сәттерінде намаз оқы, өйткені жақсы істер жамандықтарды жояды»[6] 

деген аяттан бес уақытты шамалағанмен,

 إِنَّ الصَّلاَةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَاباً مَوْقُوتاً

 «Намаз мүминдерге белгілі уақыттарда парыз етілген»[7] 

деген аятта да нақтыланғандай, белгілі уақыттарда мүминдердің дәл қай сағаттарда парыз намаз оқитынын сүннет нақтылап берген. Осы тақырыптағы бір хадистен намаз уақытының дәл анықталуы Пайғамбарымыздың ﷺ Ұлы Құдіретпен және Жәбірейілмен байланысы арқылы жүзеге асқанын аңғарамыз: «Жәбірейіл Қағбаның жанында маған екі рет имамдық жасап, намаз оқытты. Бірінші ретте, күн тас төбеге көтерілген шақта бесінді, бар нәрсенің көлеңкесі өз бойымен теңескен сәтте намаздыгерді, ораза тұтқандар ауыз ашқан сәтте намазшамды, күн шапағы әбден көрінбестей болғанда құптанды және ораза ұстағандарға ішіп-жеу харам саналған сәтте таң намазын оқытты. Ал, екінші ретте бесін намазын бар нәрсенің көлеңкесі өзінен бір есе ұзарған сәтте, намаздыгерді көлеңке екі есе ұзарғанда, намазшамды әуелгідей сағатта, құтпанды түннің үштен біріне жақын сағатта, айнала толайым жарық болған сәтте таң намазын оқыды. Сонан соң маған бұрылып: «Уа, Мұхаммед, сенен бұрынғы нәбилердің уақыттары осындай, намаз уақыты міне, осы екі уақыттың аралығында[8]» деді.

Алла расулы намаздың уақыттарын осылайша үмбетіне үйретіп қана қоймай, намаздың парыздары, уәжіптері, мұстахабтары, мәкруһтары, муфсидтері, рукуғы, сәждесі, қырағаты, тахияты және сәлем беріп намазды тамамдау керектігін де егжей-тегжейлі түсіндіріп берген. Иә, шындығында да, әу баста қысқаша ғана айтылған «Намаз оқыңдар» деген әмірдің түсіндірушісі, анықтаушысы – Пайғамбарымыз (с.ғ.с) болып отыр. Ол осылайша намазды қалай оқу керектігін жан-жақты талдап түсіндірген соң бір хадисінде бұл мәселені былайша түйіндеген:

 صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي

 «Мен қалай намаз оқысам, сендер де дәл солай оқыңдар».[9]

Егер сүннетте бекітілген намазға қатысты мәселелер Құран кәрімде баяндалғанда, тек намазға қатысты мәселелердің өзі қазіргіден бірнеше есе көп болар еді. Құран бұл мәселенің талдауын иләһи мақсаттарды дұрыс түсініп, өзгелерге де түсіндіретін ерекше парасат-пайымға ие Пайғамбарға (с.ғ.с) жүктеген. Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с)  болса ғайры мәтлу уахи, яғни Құранның тысында Алла тағаланың көкейіне қондырған ақиқаттары арқылы мәселелерді нақтылап түсіндіріп берген. Оның өзіне жүктелген бұл орасан зор міндетті абыроймен атқаруында фәтанат деп аталатын, пайғамбарларға ғана тән дара ақылға ие болуының рөлі үлкен екенін айта кеткен жөн.

Екінші мысал: Намаздағы сияқты қажылық ретін тәптіштеп түсіндіру де сүннеттің еншісіне тиген. Құран кәрімде бұл мәселе бірнеше жерде баяндалғанымен, мұндағы анықтамалар қажылық тәртібінің белгілі бір бөлігін ғана құрайды. Ал, қажылықтың қалай атқарылатыны жөніндегі егжей-тегжейлі түсіндірмені сүннеттен таба аламыз, хадистердегі қажылық тәртібі жайлы мәліметтер Құранда айтылғаннан бірнеше есе көп. Хазірет пайғамбар (с.ғ.с) өмірінде бір рет қана қажылық парызын өтеген. Қайнар көздерде Уәда немесе Уида қажылығы (қоштасу) деп аталатын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабаларымен қоштасуы сипатталатын осы қажылық барысында ол көлігінің үстінде, баршаға көрінетіндей биіктеу жерде тұрып, жиналған қауымға қажылықтың ретін түсіндірген. Барлық істегі жетекші, жолбастаушы ретінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қажылық ережелерін тек ауызша айтып қоймай, айтқандарын іс-қимылымен жасап көрсеткен. Қажылықтың орындалу барысын тәптіштеп көрсеткен. Сонан соң:
 خُذُوا مَنَاسِكَكُمْ «қажылық ережелерін үйреніп алыңыздар»[10]деп өз сөздері мен іс-әрекеттерінің шариғаттағы орнына назар аударған. Құран кәрімнің еш кемшіліксіз түскендігіне талас жоқ. Оның сырға толы терең мәнін түсіндіру хазірет Мұхаммед Мұстафа ﷺ сынды ерекше тұлғаға бұйырғаны да шындық.

Сүннеттің кейбір жалпы үкімдерді жалқыға сәйкестендіруі

Құран кәрімде мирас мәселесі жалпылама сөз етіледі. Мәселен: 

يُوصِيكُمُ اللّٰهُ فِي أَوْلاَدِكُمْ لِلذَّكَرِ مِثْلُ حَظِّ اْلأُنْثَيَيْنِ 

«Балалардың мұрагерлігін Алла былай белгіледі: бір ер баланың үлесі – екі қыздың үлесіне тең»[11]делінеді.

Жалпы мағынада мейлі нәби, мейлі әулие, мейлі сафи (ерекше пәк) немесе муқарраб (Жаратқанға жақын құл) болсын, аяттағы айтылған үкім баршаға ортақ екені белгілі.

Алайда, хазірет Пайғамбар ﷺ дүние салғанда, сүйікті қызы Фатима Әбу Бәкірге (р.а.) жолығып, әкесінен қалған мирасты сұрайды. Сонда халифа оған өзі естіген мына хадисті айтқан:

 إِنَّا مَعْشَرَ اْلأَنْبِيَاءِ لاَ نُوَرِّثُ، مَا تَرَكْنَاهُ صَدَقَةٌ 

«Біз, пайғамбарлар қауымы, артымызға ешқандай мирас қалдырмаймыз.  Бізден тек садақа ғана қалады»[12]. Осы хадис арқылы Пайғамбарымыз ﷺ Құрандағы жалпылама үкімнің жалқыға тән түсіндірмесін жасағанын көреміз.

Дәл осы сияқты اَلْقَاتِلُ لاَ يَرِثُ «Кісі қанын мойнына жүктеген адам мирасқор бола алмайды»[13]деген хадисте де адам қанын мойынына жүктеген кісінің мирастан үлес ала алмайтындығын, мысалы, өз әкесін өлтірген адамның әкесінен, көкесін өлтіргеннің көкесінен, нағашысын өлтіргеннің нағашысынан, бауырын өлтіргеннің бауырынан ешқандай мирас талап ете алмайтындығын нақтылап, Құрандағы мирасқа қатысты жалпылама үкімнің түсіндірмесін жасайды.

Сүннеттің кейбір үкімдерді нақтылауы

Сүннеттің тағы бір қызметі – Құран кәрімдегі кесімді үкімді нақтылауы. Мысалы, Құранда:

 وَالسَّارِقُ وَالسَّارِقَةُ فَاقْطَعُوا أَيْدِيَهُمَا جَزَاءً بِمَا كَسَبَا نَكَالاً مِنَ اللّٰهِ 

«Еркек пен әйел ұрының істеген қылмысына жаза әрі Алладан ғибрат ретінде қолын кесіңдер»[14] делінеді.

Бұл – нақты бұйрық. Алайда қандай жағдайда жасалған ұрлық немесе қаншалықты көлемдегі ұрлықтың аталған жаза ауқымына кіретіні ашып көрсетілмеген. Сондай-ақ, қолдың қай жерінен кесілетіндігі жайлы да айтылмаған.

Осы сияқты:

 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلاَّ أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ 

«Өзара мал-мүліктеріңізді (ұрлықпен, өсіммен, парақорлықпен) жаман жолдан жеуші болмаңдар, бірақ өз ризашылықтарыңмен саудаласу басқа»[15] 

деп келетін аяттың да сүннет арқылы нақтыланғанын көруге болады. «Пісіп, жетілмейінше жемістерді сатушы болмаңдар»[16]– деген Алла елшісі аятта айтылған жайттың келесі бір қырын ашып, нақтылап берген.

Әуелде де айтып өткеніміздей, сүннет Құранда көрсетілмеген мәселелерде үкім белгілейтін шариғат негізі болып табылады. Мәселен, есек тектес жануар етінің харам болатыны, жыртқыш хайуандардың етін жеуге тыйым салынғандығы, әйел баласын нағашы апасының, әкесінің қарындасы не апасының үстіне әйелдікке алмау, т.б. мәселелер сүннет арқылы нақтыланған үкімдердің бірқатары ғана.

Сахабалардың сүннетпен амал етудегі ерекше ыждағаттылығы

Алла Тағала да, пайғамбарымыз ﷺ да сахабаларға сүннетке бойсұнып, одан мықтап ұстауды бұйырған. Жаратушының бұйрықтарының қалай орындалатынын көрсеткен Пайғамбарымызға ﷺ Оның сенімді һәм адал серіктері болған сахабалар Елшінің бұйрықтары мен істерін Оның көрсеткеніндей және хабар бергеніндей етіп орындап, бойсұнды. Сахабалардың осылайша діни үкімдерде Пайғамбарымызға ﷺ толықтай бағынулары сүннеттің дәлел болатындығын көрсетеді.

Сахабалар Құран мен Пайғамбарымыздың нақты бұйрықтарын әрдайым орындауға бар күш-жігерін салатын. Бір аятты немесе діни мәселеде қандай да бір түсініспеушілік туындаған кезде олар мәселелердің шешімін табу үшін Алла Елшісінің ﷺ төрелігіне жүгінетін.

Мұсылмандар Расулалладан ﷺ кез келген мәселені сұрап үйренген және үйренгендерін өздерінен кейінгілерге де жеткізген. Сахабалар барлығының бірдей күнделікті өмір сүру қажеттілігіне байлынысты күнде Алла елшісін тыңдау мүмкіндігі жоқ еді. Алайда олар Алладан жаңа бір үкім келіп-келмегені жайлы ұдайы бір-бірінен сұрайтын. Сахабалардың айтқанындай «ол кезде өтірік айту деген түсінік жоқ еді. Кейде олар Пайғамбарымыздың ﷺ қасына кезектесіп баратын. Пайғамбарымыздың ﷺ тіпті әйелдердің сұраулары бойынша, олар үшін арнайы бір күн белгілеп, оларға діни үкімдерді үйреткендігі жөнінде де хадистерде баяндалады.[17]

Осының бәріне куә болған сахабалар әрдайым сүннетті негізге алып, оған теріс келетін іс жасамауға жандарын салған. Бұған дәлел ретінде бірнеше мысал келтірейік:

Пайғамбарымыз ﷺ көз жұмардың алдында Рим империясына қарсы әскер жасақтайды. Ол әскердің басына Усама инб Зәйдті (р.а.) қолбасшы етіп тағайындап, жорыққа аттануына бұйрық береді. Алайда Алла Елшісінің дәм-тұзы таусылып, әскер жорыққа аттанбай қалады. Сол кезде Пайғамбарымыздың ﷺ қайтыс болғанын естіген жалған пайғамбарлар (Мүсәйләмәтул кәззәб, Әсуадул-Әнси т.б.) жан-жақтан бүлік шағарып, исламға қауіп төндіре бастайды. Халифа болып сайланған Әбу Бәкір осындай сын сағаттың өзінде басқалар қарсы шықса да, қандай жағдай болса да Пайғамбарымыз ﷺ бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтынын айтып, Усама бастаған әскерді жолға аттандырады.[18]

Екінші халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.) қайтыс болар кезде одан «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Өз орныңа біреуді ұсынасың ба?» деген кезде ол сүннетке қалай бағынатындығын көрсетіп: «Егер орныма біреуді тағайындар болсам, шындығында менен қайырлы болған (Әбу Бәкір) орнына адам тағайындап кетті. Ал тағайындамайтын болсам менен қайырлы болған (Пайғамбарымыз) тағайындамай кеткен болатын деген-ді.[19]

Сахабалар Пайғамбарымыз ﷺ дүние салғаннан кейін де Оның сүннетін өздеріне үлгі тұтқан. Мысалы, қандай да бір мәселеге тап болса. бұл жайлы Пайғамбарымыздың үкімі бар ма, жоқ па деп алдымен соны іздестірген. Егер сүннеттен тапса онымен амал еткен, таппаған жағдайда шариғат шеңберінде өз пайымдарымен үкім берген. Ал егер берген үкімдеріне қарсы адамдар нақты хадис келтірсе дереу сол хадиске мойынсұнған.

Пайғамбарымызға ﷺ бойынсұну – Оның көзі тірісінде қалай парыз болса, Ол бақилық болғаннан кейін де дәл сол дәрежеде парыз. Өйткені Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың ﷺ хадистері оған бағынуды тек көзі тірісінде немесе бақилық болуымен шектемеген. Сонымен қатар бойұсұнып бағынуды тек қана сахабаларға емес олардан кейін келетін адамдарға да тән ететенідей мағынада бекіткен.

Мәселен, кейбір мұсылмандар үшін сүннет – қыз баланы оқытпау. Біреулері үшін сақалдың ұзындығы төрт еліден кем болмау. Кейбіреулер үшін сүннет – дәретханада ілініп тұратын, өткен де, кеткен де аузына салып, тісін ысқылайтын мисуак. Сол сияқты тағы бір мұсылмандар үшін сүннет – шалбардың балағы тобықтан аспайтындай қысқа болу, ал бірі үшін әйел кісінің көлік жүргізуіне тыйым салу. Өздері қанға құмар, жүректері жұмсақтықтан жұрдай жандар үшін сүннет – әйел, бала-шағаны тұтқындап алып, құл-күң ретінде базарда сату. Кейбір мұсылмандар үшін сүннет – шапан жамылып, жүрген-тұрған жерінде басынан тақия тастамау. Біреулері үшін сүннет – тамақ жеуді тұзбен бастау, біреулері үшін жалаңаяқ жер баспау. Өкінішке орай, пайғамбардың ﷺ саф сүннетін осыншалықты кембағал түсінікке айналды. Ал, негізінде сүннет – ардақты пайғамбарымыздың ﷺ адамзатқа көрсеткен теңдессіз үлгі-өнегесі.

Сүннет – Алла жолында жан-тәнімен қызмет жасау.

 

Сүннет – түннің бір уағында төсекті тәрк етіп, төрт-бес сағат Құран аяттарына ой жүгіртіп, тәфәккүр ету.

 

Сүннет – жан-жолдасына, Алланың алдында «аманатым» деп алған жұбайына қол көтермеу.

 

Сүннет – немерелерін арқасына мінгізіп алып, үлкендігін, дұшпандарына көрсететін сесі мен айбындылығын отбасында жоқ ету.

 

Сүннет – «Араларыңызда қайсыңыз Мұхаммедсіз?» деуге дейін апаратындай қарақұрым жұрттың арасында қарапайым бір адам болу, пайғамбар екенмін деп елден ерекшеленбеу.

 

Сүннет – өлім аузында жатқанда қолында қалған азғантай ақшаны көзі жұмылып кетпей тұрып жетім-жесірге таратып беру.

 

Сүннет – айналасында пәруанадай айналған жолдастарына, шәкірттеріне, туған-туысының ақыретте құтылуына кепілдік ету емес, жан берейін деп жатқанда «Айналайын алтын қызым Фатима, өз нәпсіңді Алладан сатып ал! «Әкем пайғамбар еді ғой» деп марқайма! Алланың атымен ант етейін, мен сен үшін ақыретте ешнәрсе істей алмаймын!» деп айта алу.

 

Сүннет – «Мен де өздеріңдей бір адаммын ғой, қателесуім де мүмкін, қателеспеуім де мүмкін» дейтіндей қарапайымдылықтан ауытқымау.

 

Сүннет – Алланың дінін адамдарға жеткізу жолында өмірін сарп ету.

 

Сүннет – адамдардың ақыреттегі шаттықтары үшін үстіне төгілген қан-жынға, басына тігілген алтын мен ақшаға, денесіне жауған тастар мен өміріне төнген қауіп-қатерлерге қарамай, мақсатына қарай жылжи беру.

 

Осындай саф сүннетін ұстанған мұсылман үмметі қос дүниеде бақытсыз болып қалуы мүмкін емес.

 

 

 

[1] Хашр сүресі, 7-аят

[2] Мүслім хадистер жинағы

[3] «Әнғам» сүресі, 6/82.

[4] «Лұқман» сүресі, 31/13; Бұхари, Тафсир (31) 1.

[5] «Бақара» сүресі, 2/238.

[6] «Худ» сүресі, 11/114.

[7] «Ниса» сүресі, 4/103

[8] Тирмизм, Мәуақит, 1; Әбу Дәуіт, Саләт, 2;

[9] Бұхари, Азан, 18; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 5/53

[10] Нәсаи, Мәнасик, 220; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 3/318, 366.

[11] «Ниса» сүресі, 4/11

[12] Бұхари, Иғтисам, 5; Хумус 1; Мүслим, Жиһад, 49-52; Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд, 2/463.

[13] Тирмизи хадистер жинағы

[14] «Маида» сүресі, 5/38.

[15] «Ниса» сүресі, 4/29.

[16] Бұхари, Буйу, 82; Мүслим, Буйу, 49-56.

[17] Бухари, Илм,35

 

[18] М. Ажжаж әл-Хатиб, 90-б

[19] Бухари, Ахкам, 51

Адамзаттың ардақтысы аталып, шынайы бақыт жолын көрсеткен Мұхаммед ﷺ пайғамбарымыздың дүниеден өткеніне қаншама күндер, айлар, жылдар, ғасырлар өтсе де шынайы үмметтерінің

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру