Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Мешітке тағдыры байланғандар

Бақыт Смағұл www.muftyat.kz 15.06.2017 1058 0 пікір

Асыл діннің қадірін шынайы сезінген адамның тағдыры мешітке байланады. Бұл күн сайын бес уақыт намазын Алланың үйіне келіп оқитын намазхандар ғана емес, өздерінің күнделікті өмірлерімен Алланың сөзін насихат еткен жандар дер едік. Бұлардың қатарында ақпарат, мәдениет және спорт саласында еңбек ететіндер бар.

Науан хазірет мешіті қасиетті Рамазан айында осы сала қызметкерлерінің басын қосып, ауызашар дастарханын жайып, емен-жарқын сұхбат құрды. Ауызашар адамдарды мешітке шақырудың жолы іспеттес. Әйтпесе, күн сайынғы өздерінің шығармашылық қызметтерінде ізгілік пен мейірімділікті үндеп, қатігездік пен тасжүректіктің тамырына балта шабуды басты мұрат еткен зиялы қауымды имани әңгімеде жиі көрсек те, мешітте ұдайы ұшырата бермейтініміз анық. Осы жолы олар мешіттің бұл бастамасына шын ризашылық білдіріп, ағынан жарыла әңгімелерін айтты.

«Көкше медиа» серіктестігінің директоры, өңірге танымал қаламгер Жалғасбек Маратұлы діни насихатты жандандырудың маңызын тілге тиек етсе, ардагер журналистердің бірі Бақберген Амалбек өз әріптестері атынан жылы сөздерін арнады.

Спортшы қауым атынан белгілі шығыс жекпе-жегінің шебері, каратэден республикалық қауымдастықтың вице президенті Әлімжан Молдағалиев және тағы басқалары өздерінің бес уақыт намаздарын оқып, жүректері мешітке байланғанын жақсылыққа балады.

Облыс имамы Қуаныш Сәбит мешіт меймандарына қасиетті ораза жайлы тағылымды уағыз айтты. Мүфтият тарапынан атқарылып жатқан жұмыс бағыттары жайлы да хабардар етті.

Мешіттегі ауызашар дастарханы мұсылман қауымның екі қуанышының бірін шынайы қалыпта сезіндірді. Оған жиналған қауым тән азығын да, жан азығын да алып, бір марқайды. Кездесу соңында олар өздерінің алғыстарын жолдап, алдағы уақытта асыл дініміз үшін өз үлестерін қосатындықтарын атап көрсетті.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат