Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Алматы Орталық мешітіндегі Қадір түні (ФОТО+ВИДЕО)

ҚМДБ Алматы қаласы www.muftyat.kz 24.06.2017 1195 0 пікір
Маусым айының 21-нен 22-не қараған түні Алматы қаласының жұтшылығы қасиетті Қадір түнін қарсы алды. Алматы Орталық мешітіне жиналған жұрттың саны жылдан жылға артып, имандылыққа бет бұрған жастардың көптігі бірден көзге көрініп тұрды. 
 
Естеріңізде болса, Орталық мешіт Рамазан айы бойы жамағат арасында «Раббым, білімімді арттыр!» атты сайыс өткізіп келген болатын. Сол сайыстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Қадір түніне дөп түсіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
 
Орталық мешіттің Бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы Қадір түнінің ерекше құндылықтары жайында қысқаша уағыз айтып, артынша сайыс жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етті:
 
1 орынға 80 кітап;
2 орынға 32 кітап;
3 орынға 12 кітап.
 
Сонымен қатар, биылғы Рамазан айында алғаш рет ораза тұтқан 15 адамға құнды сыйлықтар таратылды.
 
Жамағат арасында өткен «30 кітап кімге бұйырады?» атты тағы бір доданың жеңімпаздары да жүлдесіз қалмады. Білімдерімен көзге түскен жеңімпаздарымыз сыйлықтарын қанжығаларына байлап кетті.
 
Мешітке жиылған жамағат түнімен құлшылықта болып, уағыз-насихаттар тыңдап, Қасиетті Құранның қырағатын тамашалады.
 
Түн соңы таяғанда Медеу ауданы әкімінің атынан жамағатқа сәресі берілді.
 
Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған», – деп Сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген.
 
Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
 
 
 
 
 
«Таугүл-3» мешіті Умра қажылығын табыс етті
© Алғадай Әбілғазыұлы
Еліміздегі барлық мешіттерімен бірге Алматы қаласындағы «Таугүл-3» мешіті жамағаты да Қадір түнін қарсы алды. Сауап іздеп, Раббысының разылығын іздеп келген ізгі ниетті ағайын мешіттің ауласына сыймай қалды! «Нұр-Мүбәрәк» Ислам мәдениеті университетінен келген білікті ұстаздардың уағыздарынан кейін «Жаныңда жүр жақсы адам» деген марапаттау шарасы болды. Мешіт ұжымы Шымкент өңірінен бірі 3 жасар, екіншісі 1,5 жасар сәбиді суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалған, 6-сыныпта оқитын Демежан Сайлауұлы мен Мұхамедәли Агменұлы деген қос батыр, Павлодардан өрттен 9 адамды құтқарып қалған Мансұр Рамазан деген жігітті қонаққа шақырып, Алғыс хатпен қоса, қомақты қаржылай сыйлық табыс етті. Бұл шараға Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағамбет арнайы келіп, насихатын айтып, ерлердің ісін үлгі қылды; мейірім мен жанашырлықты уағыздады. Нұрбек мырза сондай-ақ Стамбулдан келген қари Юсуф Бахриұлының иығына арнайы тігілген ақ шапанды жауып, сый-сияпат жасады. Аталған шара барысында мешіттің ақсақалдарына да құрмет көрсетілді.
Одан кейінгі кезек «Сұрақ-жауап» ойынына ауысты. Жүзден жүйрік шыққан  жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестірілді. Ойын соңында мешіт бас имамы Нұржан Таласұлы Умра қажылығына жолдаманы ортаға салып, кеш көрігін қыздырды! Жолдаманы ұтып алған Асфандияров атындағы мединституттың 4-курс студенті Маздақ Асқарұлы деген азамат көз жасына ерік берді. Миллиондардың арманы болған қасиетті мекенге аяқ астынан жол түскенде, жас шықпаса, әй ол көзден пайда кем-ау...
 
Берекелі түннің соңы 1000 адамға берілген сәресімен түйінделді.Жаратқан Ием Қадір түнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, жүзімізді жарық еткей!
 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат