Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Амангелді АЙТАЛЫ: «БҰЛ - ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ТӨРІНДЕ ТҰРУЫ ТИІС КІТАП»

Бүгін Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Ислами жоралғыны шариғатқа сай атқарудың жөн-жосығы жайлы жіктеліп жазылған құнды еңбек қалың жамағатқа таныстырылып, таратылды. Кітап мазмұнында жаназа мен жәрлеу рәсімдерінің бірізді реттілігінен бөлек садақа дастархандарында ысырапшылдыққа жол бермеу сынды бірқатар өзекті мәселелер де қатар қамтылған. Шараға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы аталмыш кітап тиражын көбейтудің маңыздылығына тоқталып, «Бұл - әр қазақтың төрінде тұруы тиіс кітап» деп жоғары баға берді. Білікті профессордың айтуынша, бүгінгі ысырапшылдық пен бекерге мал шақпақ мәселесі, ретсіз рәсімдер – мұның барлығы тоқшылық пен тыныштық заманнан ғана туындаған нәрсе емес. Өз заманында дәл осы түйткілмен айтып та, жазып та күрескен халық ағартушысы Ыбырай Алтынсарин де халықты астамшылықтан тыйып, ысыраптың ырысты қашыратындығын түсіндіріп, жеткізуге тырысқан.

Өкіл имам Төлеби Оспан құнды еңбекте қамтылған мәселелер іс жүзінде еліміздің Ақтөбе, Тараз, Маңғыстау сияқты бірқатар өңірлерінде жүзеге асып, қолдау тауып жатқандығын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың сәуір айында «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» деген тақырыппен Ақтөбеде өткен келелі кеңесте де осы мәселе талқыланды. Нәтижесінде, Ақтөбе облысына ортақ садақа мәзірі қабылданып, мұсылмандардың жерлеу рәсімдерін бірізге түсіру жайлы үндеу жарияланған болатын.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат