Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Жасөспірімдер арнайы сертификат алды

 Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде қасиетті Құранды оқып, мұсылманша сауатын ашқан 5-13 жас аралығындағы 70 бүлдіршін арнайы сертификатқа ие болды. Облыс орталығының бас имамы Дүйсенқажы Хаснияз жастайынан мұсылмандық сауатын ашып, имандылыққа бет бұрғандарға исламның ақ жолында сәттілік тіледі.

Бұл жас ақтаулықтардың мешітке келіп, қасиетті Құранның қыр-сырын танып білуге ұмтылғандарына көп болмаған. Дегенмен, аз уақыттың ішінде әлемдегі ең әділетті, ең терең, ең керемет діннің тереңіне бойлап, имандылық тәлімдерін ұғынып, адамгершілік қағидаттарын сіңіруге тырысқан. 25 мамырда басталған сауат алу дәрістері 42 күнге созылып, шілденің 8-інде тәмамдалды.

- Сауат ашу курстары Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде тұрақты жүргізіліп келеді. Құранды қолдарына ұстап, оның ғаламатын сезінуге қызығатын жастар мен жасөспірімдердің қатары жыл санап артып барады. Биылғы тәлімгерлердің ең кішісі – 5 жаста. Ұстаздар бүлдіршіндермен 40 күннің үстінде жұмыс істеп, қасиетті сүрелер мен аяттарды үйретті. Басты мақсат – өскелең ұрпаққа исламның шынайы жолын көрсету,-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсенқажы Хаснияз.

Жас тәлімгерлерге мешітке арнайы шақырылған «НұрМүбарак» институты исламтану факултетінің 2 курс студенттері қызылордалық Ержан Пернебеков, шымкенттік Мұхамедназар Қарапыз және павлодарлық Ақжол Исабек дәріс берген. Ұстаздардың айтуларынша, балғындардың қызығушылықтары жоғары, ынталары күшті.

 

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Казбек Отегулов | 18.07.2017 01:15

Қандай керемет барлық ұл қыздарымыз осындай болса

Ұқсастар

Мұрағат