Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Негізгі өзегі – рухани жаңғыру

22.09.2017 405 0 пікір

Салмақты пікір

 

Негізгі өзегі – рухани жаңғыру

Алланың қолдауымен  еліміз егемендік алып, жұртымыз жан –жақты рухани жаңғыра бастады, соның бір көрінісі бұрын – соңды республикамызда болмаған діни басқарманың құрылып, дінбасы мүфтидің сайлануы, мешіт –медреселердің әр облыс, әр аудан мен тіпті ауылда да ірге көтеруі дер едік.

Осы орайда, қасиетті дінімізді жан – жақты терең түсіндіретін ақпарат құралдары керек болды, газет, журнал, радио, теледидарларда Алланың бірлігі, пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болғай) хақтығы тиісінше насихатталуда. Алайда «тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, Исламның сара жолын насихаттауда «Иман» журналының  орны ерекше. Бұл басылымның өзгелерден айрықша артықшылығы – сонда діни де, ұлттық та құндылықтарды айта отырып, өз елімізден шыққан ғұламалардың іс –әрекеттері мен ұлағатты сөздерін, ғибратты өмірбаянын, ерте салынған мешіт-медреселер жайында, қажылыққа сонау замандары жаяу – жалпы барған қандастарымыздың төзімділігі мен қайтпас қажырлығын бүгінгі ой-өресі биік қауымға салмақты түсіндіре білуінде. Осы орайда, атақты билеріміз Майқы, Төле, Қазбек, Әйтекелердің әділеттігі мен ислами адамгершілік жолындағы парасатты да жарқын іс-әрекеттері сан қырынан талданып баяндалуда. Бұлардан өзге белгілі ақын – жырауларымыздың өнегелі өмір жолы мен бай мұрасының ғибратқа толы тәлім-тәрбиесі айрықша мәнге ие.

Ия, біз осыған орай 1020 жылдары дүние есігін ашқан Жүсіп Баласағұнға сөз берсек:

Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім.

Жаратты Ол: жасыл көк, ай, күн, түнді,

Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді.

Қалады да жаратты бар болмысты,

«Бол» - деді де, бірден бәрін болғызды, - десе, шын мәнінде, Алланың құдіретін дөп басып айтқан дейміз. Ал, Махмұт Қашқари бабамыз:

Алла соққан бұл ғалам,

Шыр айналып дөңгелер.

Жұлдыздары жарқырап,

Күнді аударып, түн келер, - дейді. Біздің ғұлама ақын-жырауларымыз Алланың керемет құдіретін шын жүректерімен осылайша тебірене жырлаған.

«Иман» журналы біздің елімізге Алланың рақымын, құдіретін танытумен бірге,ел ішіне береке-бірліктің соншама қадірлі де қасиетті екенін 16 жылдан бері жан-жақты насихаттаумен келеді. Құдайға шүкір, таралымы да 20 мыңнан асып жығылған басылымнан аят, хадистермен қатар кешегі жыршы-жырау, ақындарымыздың толғауларын талдаған түсіндірмелерді жиі оқып, ұлттық салт-дәстүрлерімізге де қанығудамыз.

Өз басым осы аталған басылымды оқыған сайын тау бұлағынан сусындағандай жан дүнием тазарып, көңіл –күйім жадырап сала береді. Ай сайынғы әр нөмірін асыға күтемін. Өйткені бұл журнал кішіпейілдікке, кісілікке, қанағаттыққа, жанашырлыққа, ізгілік пен қайырымдылыққа үндейді.

Негізгі қамтитын тақырыптары да Елбасымыздың күні кеше баршамызға ұсынған рухани жаңғыру мен қазақы ұлттық болымысымызды жандандырып, тірілте түсу. Осынысымен де басылым өз оқырманын баурап тарта түседі. Бүгінгі ізгілігіміз бен қайырымдылығымыз жетісе бермейтін қоғам үшін рухани жаңғыруды негізгі өзегіне айналдырған бұл басылым аса қажет деп білемін.

 

Сәрсенбі Дәуітұлы,

профессор, филология ғылымдарының докторы.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат