Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Алаш Орда жайлы жиындарда Нұр-Мүбарак мәртебесін көтерді

"Нұр-Мүбарак" университетінің баспасөз қызметі 06.12.2017 171 0 пікір

Нұр-Мүбарак университетінің студенті Талғат Демесбай түрлі дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, оқу орнымыздың мәртебесін көтеріп келеді.

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен  ҚР Ұлттық кітапханасында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өткізген болатын.  Екі бөлімнің алғашқысында: «Алаш идеясының қалыптасуы мен мәні» деген тақырып талқыланды. Шоқан Уәлихановтың қазақтың ұлттық құндылықтары негізінде көтерген мәселелерін тарих ғылымының докторы, профессор Шайзада Тоқтабаева әңгілімелеп берді. Исламдағы әсіредіншілдік пен шоқындыру арқылы Ресей патшалығының қазақты отарлау саясаты жайында Қабдол Әуезов, Заңғар Кәрімхан, Бауыржан Берікұлы тәрізді жас ғалымдар арнайы баяндамалар жасады.  Алаш зиялыларының  қазақты діни фанатизмнен сақтандырғаны айтылды. Оның басында әлбетте Әлихан Бөкейханұлы тұрды. Бұл туралы Алаш қайраткерінің бірі Қошке Кемеңгерұлы Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиелегені жайлы жеткізді.

Екінші бөлімнің тақырыбы «Алаш арыстарының қызметі мен мұрасы» деп аталды. Онда академик Хангелді Әбжанов («Алаш идеясы»), тарих ғылымының докторы Данагүл Махат («Смағұл Сәдуақасовтың ағартушылық қызметі»), алаштанушылар Аманқос Мектептегі («Ахмет Байтұрсынұлының ғылымдағы ұстанымы») мен Бейбіт Қойшыбаев («Алаштықтардың зайырлы қоғамды қалыптастыруға үлесі»), алаштықтардың ұрпағы Дина Мұхамедхан («Қайым Мұхамедханның бастан кешкен тағдыр тауқыметі») тәрізді тұлғалар қызықты баяндамалар ұсынды.

Осындай мүйізі қарағайдай ғалымдардың қатарында университетіміздің 3 курс студенті Талғат Демесбай «Алаш орда өкілдері ұлттық идея мен дін турасында» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғылыми жетекші филос.ғ.к.  Жұлдызай Мейір ханым. Талғат Демесбай осындай білікті ғалымдардың салиқалы талдаулары мен сұхбаттарының өзіне ерекше әсер еткенін, ғылымға ынтықтырып, тарихқа салмақты санамен қарау керектігін айтады.

Конференция аясында қолөнер және кітап көрмесі болды. Кітаптар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Алаш автономиясы тақырыптары бойынша сөреге қойылса, қолөнерде тоқыма, зергерлік, қайыс материалдар негізіндегі заттар ел назарына ұсынылды. Сонымен бірге, стендтік көрме де ұйымдастырылды. Мұнда Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы деректер берілді.

Сонымен бірге, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі түсірген «Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін» атты деректі фильм көрсетілді. Бұл деректі фильмнің түсірілім жұмыстары «Алаш жолы» атты тарихи-танымдық экспедиция аясында Шығыс Қазақстан, Семей, Астана, Қарағанды, Жезқазған қалаларында, Қарқаралы, Баянауыл аудандарында жүргізілген болатын.

Сондай-ақ Талғат Демесбай Алматы қаласы ЖОО студенттері арасында «Алашорданың 100 жылдығы – рухани жаңғыруымыздың бастауы» атты тақырыпта алаштанушы Бейбіт Қойшыбаевпен кездесуде өзекті ойларын ортаға салып, зерттеу жұмыстарына қатысты пікір білдірді. Бұл шараны Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ұйымдастырған болатын.

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат