Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Жамағат жұмада табиғи апаттардың болмауын тіледі

Облыстық орталық "Нұр Ғасыр" мешітінің баспасөз қызметі 13.02.2018 585 0 пікір

Өткен жұмада еліміздің барлық мешіттерінде «Аллаға тәуекел етудің маңыздылығы» тақырыбында жұма уағызы айтылды. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі уағызды өкіл имам Төлеби Оспан жүргізді.

«Тәуекел түбі – жел қайық, ұшасың да кетесің» деп халық даналығында келгендей, имам өз уағызында Аллаға шынайы иман келтіргеннен кейін тағдырыңды Оған тапсырып, толықтай тәуекел ете білудің маңыздылығына тоқталды. Құранда жетпіс мәрте қайталанып келген тәуекел сөзінің түпкі мәні барлық жауапкершілікті Аллаға артып, еш әрекет қылмастан істің ақырын күту еместігін айтты. Диқаншының жағдайынан мысал келтіріп, оның көктемде жер жыртып, дәнегін салған соң ғана жазда сол еткен еңбегінің жеміс беруін бір Алладан тілейтіндігін кәміл тәуекелге жатқызды.

Уағыз соңында өкіл имам биыл өңірімізде қардың егін бітік шығардай жеткілікті мөлшерде жаумағандығын тілге тиек ете отырып, жамағатпен бірге қол жайып, дұға жасады. Қар суының жерге сіңімді, егіс науқанының мол өнімді болуын тілеп, Алладан барлық табиғат апаттардың кесірінен сақтауын сұрады. Алла уәдесі хақ демекші, жұма күнгі жамағат тілегі қабыл болып, ертеңіне іле-шала қалада қар жауды. Сенбі және жексенбі күндері бабымен жапалақтап жауған қар Алланың құдіретімен қауыштырып, жұма күнгі тілектер қайтарылмайтындығын ұқтырғандай.

Алла Тағала елімізге амандық беріп, баршамызды тәуекел етушілер мен тілегі қабыл болушылардан еткей! Әмин! 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат