Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

БАС МҮФТИ: ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ МҮФТИЯТЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі www.muftyat.kz 05.03.2018 1067 0 пікір


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы аясында Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының және мүфтилер кеңесінің төрағасы, шейх Равиль қажы Ғайнутдинді қабылдады.

Ресми кездесуде Серікбай Сатыбалдыұлы форумға қатысып, пленарлық отырыста «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» деген тақырыпта баяндама жасаған  Равиль қажы Исмагилұлына алғыс білдірді.

«Қазақстан мен Ресей мұсылмандары діни басқармасы арасындағы қарым-қатынастың жаңа дәуірі басталды деп есептеймін. Сіз Ислам әлеміне белгілі атақты ғалым, танымал тұлғасыз. Біздің бастамамызбен өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумына қатысып, мазмұнды баяндама жасап, халықаралық іс-шарамыздың мәні мен мазмұнын арттыра түстіңіз. Сізге жеке өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан айрықша алғыс, ерекше ілтипатымды білдіремін», – деді Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Өз кезегінде мәртебелі мейман Равиль Ғайнутдин форумның жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

«Сіз Қазақстанның наиб мүфтиі қызметін атқарған жылдары қырағы қабілетіңіздің арқасында мүфтияттың жұмысы жаңа деңгейге көтерілді. Енді Бас мүфти қызметіңіз кезінде де мүфтияттың қоғам алдындағы миссиясы жандана түседі деген сенімдемін. Біз бір-бірімізге құстың қос қанаты іспетті доспыз. Біздің достығымызға сызат түсіруге ешкімнің қақысы жоқ. Біздің тарапымыздан барлық қолдау көрсетіледі. Сізге біздің жүрегіміз де есігіміз де ашық», – деді ағынан жарылған Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасының және мүфтилер кеңесінің төрағасы, шейх Равиль қажы Ғайнутдин.

Сондай-ақ, Равиль Исмагилұлы Серікбай Сатыбалдыұлын Халықаралық мұсылман форумының кезекті басқосуына ресми шақырды.

Бас мүфти кездесу соңында қазақы салтпен қадірлі қонақтың иығына шапан жапты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат