Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

АСТАНАДА ПОСТМОДЕРНИЗМ СТИЛІНДЕ САЛЫНҒАН ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz 11.05.2018 5007 0 пікір

Бүгін Астана қаласында сәулеті ерекше мешіт ашылды. Алла үйінің ашылу салтанатты рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Салтанаты шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

«Бүгін – күллі мұсылман қауымының рухани өмірінде тарихи күн. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет постмодернизм стилінде салынған мешіт есігін айқара ашты. Баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін нөмірі бірінші құтханамыз құтты болсын, ардақты ағайын! Біз мұндай нығметке елдігіміз бен ерлігіміздің, бірлігіміз бен тәуелсіздігіміздің арқасында жеттік. Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Осы мешіттің салынуына қамқорлық танытқан, ел қамында жүрген Елбасы мен ел ағаларына Алла разы болсын!
Халқымызда: «Азаны бар ауыл азбайды», – деген нақыл бар.
Мешіт – сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейірімділіктің, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Мешіт – Алланың үйі. Адамзат баласының рухани тұрғыдан дамуы мен пенденің тұлабойына адамгершілік құндылықтарды ұялатуда мешіттің орны қашан да маңызды. Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт, сонымен қатар салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығы болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады». Мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Осы құтхананың құрылысын қолға алған дініміздің жанашыр азаматтарына, Алла үйінің бойкөтеруіне тілеулестік білдірген жамағатқа Алла разы болсын», – деді.

Бас мүфтиден кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.        

Анықтама:

Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. Жаңа мешіт қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің сыртқы дизайны гүлді әрі алмастың қырларын еске салады.

Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі – 43,5 метр. Ол «қалам» – «қасиетті қауырсын» түрінде бой көтерген.

Жаңа мешітті энергия қуатымен қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын баламалы энергия көздері қажетті мөлшерден үш есе көп электр қуатын өндіреді. Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған.

Мешіт ғимаратының ауданы – 2248 шаршы метр. Орналасқан жердің ауданы – 1,44 га.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат