Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ЖҮРЕКТЕРДІ ТОЛҒАНТҚАН ЖАРАМАЗАН КЕШІ

nasihat.kz 14.05.2018 632 0 пікір

Рамазан айы босағамыздан аттап, арайлы таңның ақ сәулесі болып шашылып, шуақ нұры болып төгілді. «Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған көрермен  жарамазан кешіне тәнті болып, қасиетті айдың ыждаһатын бір сезінді. Себебі, бұл айда қасиетті Құран уахи етіліп, адамзатқа ақ пен қараны айыруға тура жол көрсеткен еді.

Жаршылар Рамазанның келгенін ерекше бір рәуіште жар салып, сағына күткен айдың тағылымын әсерлі етіп жеткізді. Қазақтың киелі домбырасын ұстап ортаға шыққан әнші жігіт жарамазан жырын тарту етсе, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, тойдың шымылдығын ашты.

Рухани кеште елордадан осы шараға арнайы келген мейманымыз – ҚМДБ-сы төрағасының орынбасары, Наиб мүфти Бауыржан Есмахан сөз сөйлеп, барша жамағатты құттықтады. Қасиетті айдың өнеге болар ізгілігін де уағыз әңгімеге арқау етіп, терең ой қозғады.

Ән мен күйге де кезек берілді. Көкшеге танымал әнші Сәрсенбай Хасенов өсиет термені төкпелесе, жас өнерпаз Аслан Мұхамедияров ана жайлы жыр толғауын  әуелете орындады.

Алла тағала Бақара сүресінде:

«Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпалықпен дүниеге әкеледі» деген даналық сөзді  ғибрат етеді.

Ата-анаға құрмет көрсету – имани тәрбиенің өзегі. Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова сомдаған ана рөлі арқылы өрбіген сахналық көрініс те  ерекше әсерлі шықты. Шахмет Құсайынов атындағы Көкшетау қазақ театрының әртістері ана мен бала арасындағы махаббат сезімін, ұрпаққа өнеге болар ғибратты тәрбиені жұрт назарына ұсынған еді.

Ал, көкшелік айтыскер ақындар Мұхаммед Қоңқаев пен Таңнұр Әлбосын өзара сөз сайыстырып, қасиетті айдың жақсы сипаттарын жырға қосып, төкпелік өнерді паш етті. Суырып салмалық өнерге қазақтың делебесі қозбай қалмайды. Ақындар шариғатты жырлап, асыл дініміздің асқақтығын жырмен жасандырғанда қошемет білдірмеген жан қалмады.

Сахна төріне озған ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілі, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит сөз алып, сағынышпен қарсы алып, қимастықпен шығарып салатын  шарапаты мол ай мейірімділіктің ізгі көріністері молынан бой көрсететін сәті екенін айта отыра, орталық мешіттің бастамасымен қайырымдылық марапаттарды жасады. Алдымен Көкшетау қаласында өрт оқиғасы кезінде өз бауырларын от жалыннан аман алып шыққан сегіз жасар Ұлдана мен көзі зағип Бақытгүлдің отбастарына Бурабайдағы  шипажайлардың біріне тегін жолдаманы табыс етті.

Сондай-ақ, бұл кеште мешіт жанашырлары алғыс хаттармен марапатталды.

Көп жылдан бері Көкше өңірінде асыл дінімізге адал қызмет етіп келе жатқан Ғалым мешітінің бас имамы Нұрлан Әбенұлына да ұмра қажылығына баруға жолдама берілді.

Көрерменді ерекше толғантқан оқиға – осы қасиетті айдың қарсаңында Науан хазірет мешіті мен «Зекет» қорының өкілдігі ұйымдастырған  арнайы жобаның аясында жеті баласын көрінгеннің есігінде тентіретіп, үйсіз-күйсіз жүрген жесір анаға пәтер кілтінің табыс етілуі болды. Наиб мүфти Бауыржан Есмахан ерекше толқыныста осы марапатты жасап, анаға ақ тілегін жолдады.

Бұл кезінде елін шоқындырудан сақтап қалған Науан хазірет бабамыздан жалғасқан жақсы үрдіс. Осы жобаға әркім өз үлесін қосты. Біреу зейнетақысынан үлес қосса, енді біреу қалтасындағы соңғы ақшасын салды. Ал, бір студент бауырымыз оқудан тыс уақытында мешіт асханасына келіп, жұмыс істеп одан тапқан ақшасынан әр апта сайын екі мың теңгесін осы жоба қорына салыпты. Ең бастысы,  жетім балалардың жүзіндегі қуаныш мен ана жанарынан тамған бір тамшы жасты көрген мәдениет сарайындағы адамдар толғанысқа бөленді.

Кештің шымылдығы  Ерлан Мұхамедияровтың орындауындағы «Дұға тілек» әнімен түріліп, ел ерекше әсерде тарап жатты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат