Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ҚАДІР ТҮНІ – ТАҒДЫР ТҮНІ

www.muftyat.kz 11.06.2018 842 0 пікір

 

Серікбай қажы ОРАЗ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

 

ҚАДІР ТҮНІ – ТАҒДЫР ТҮНІ

Бисмилляхир-Рахманир-Рахим!

Әр жылдағы ауыз бекітудің өз ауыртпашылығы мен жеңілдігі бар екені белгілі. Биылғы жылы мұсылман үмбеті мамыражай мамырдың бел ортасынан саратанның сартап ыстығына дейін отыз күн ораза тұтуға ниет етті. Қыстан жүдеп шыққан төрт түлік малдың аузы көкке ілініп, диқаншы қауым қара жерге тұқым сеуіп, шаруаны ыңғайлаған сәтте – қасиетті Рамазан айы кіріп келді. Мінекей, Рамазан айы туғаннан бері мұқым мұсылман баласы күндіз ауыз бекітіп, кеш-құрым жапа-тармағай мешітке ағылып, тарауих оқып, қаздай шулап Хақ-Тағаланы ұлықтап, құлшылық етуде. Әлбетте, парқына жете білгенге уақыт деген ағыстың ішіне бүккен өз сыр-хикметі бар екені хақ. Десе де, қасиетті айдағы теңдессіз илаһи тағдыршешті сәт – ол Қадір түні екені әмбеге аян. Сонымен, мұсылман үмбеті үшін Қадір түні несімен қастерлі? Не себепті қадірлі?                            

«Қадір» сөзінің анықтамасы

Қасиетті кештің (ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) ерекшелігін жан-жақты таратып айтатын Құран Кәрімде Қадір сүресі бар. Қадір сүресі бес аяттан тұратын қысқа ғана зәм сүресі саналғанымен, оның рухани салмағы аса зор. Мәшһүр муфассир-ғалым Ибн Кәсир өз еңбегінде «Қадір» сөзіне төмендегідей анықтамалар берген:

Біріншіден, «Қадір» сөзі «үкім кесілетін түн» мағынасын береді. Бұл хақында Құран Кәрімде:

فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ 

«Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», (Дұхан, 4) деп бұйырылады. Осыған орай, Қадір түнінде Алланың тағдырды үкім ететін мезгілі, яғни әуелгі тағдырдың (ләухул-махфуз) паш етілуі меңзелген.

Екіншіден, «Қадір» сөзі «абырой, ұлылық, орасан зор» мағынасын береді. Себебі, Қадір түні – ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады. Бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Құран Кәрімде бұл турасында:

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ 

«Қадір түні мың айдан да қайырлы», (Қадір, 2) деп баяндалады.

Үшіншіден, «Қадір» сөзі «сығылысу, нығыздалу» мағынасын береді. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады. Бұл жайлы Құранда:

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ

«Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі», (Қадір, 3) деп баяндалады.

Мың айдан да қайырлы түн

Ибн Әбу Хатм жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зікірия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Хақ жолында сексен жыл қызмет еткенін, басқа риуаятта мың ай мүлтіксіз құлшылық жасағанын баян етеді. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үзеңгілестері сексен жыл Алла жолында күрескенін немесе құлшылық еткен Исрайл ұрпақтарының жансебіл әрекетін естіп, оған таңдай қағады. Осы сәтте, Жебірейіл періште Хақ Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

 لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْر

«Қадыр түні мың айдан да қайырлы» (Қадыр, 2-3) – деген аятты нәзіл етіп, мұсылман үмбетін теңдессіз қуанышпен сүйіншілейді.

Әлбетте, сүйіншіленген бұл илаһи қуаныш Алла Тағаланың мұсылман үмбетіне деген шексіз қамқорлығы мен рақымдылығын әйгілейді. Себебі, мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам мезгілді қамтиды. Бұл дегеніміз бір адамның өміріне татитын уақыт мөлшері. Яғни, Қадыр түнінде Хақ Тағалаға ынты-шынтымен құлшылық қылған пенде ғұмыр бойы құлшылық еткен болып саналады. Ал, әрбір жыл сайынғы Қадір түнін қаперге алсақ, онда мұсылман баласының қамшының сабындай қысқа ғұмырда жинаған сауабынан биік тау тұрғызатынын көзге елестетуге болады.

Жер беті сәлеметке тұнады

Ибн Аббас жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): Қадір түні Сидратул-Мунтаһадан барлық періштелер, оның ішінде Жебірейіл (ғ.с) де бар, жер бетіне түседі. Олар өздерімен бірге бірнеше ту ұстап түседі. Тудың біреуін менің қабірімнің үстіне, біреуін Байт-ул-Мақдистің үстіне, бірін Масжид-Харамның үстіне, біреуін Туру Синаның үстіне тігіп, желбіретеді. Олар сәлем бермеген жер бетінде мүмін еркек пен мүмін әйел адам қалмайды. Ішімдік ішкен, доңыз етін жегендерден тыс» деп хабарлайды. Бұл туралы Алла Тағала Құран-Кәрімде:

 تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ

«Періштелер және Жебрейіл (Ғ.С.) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадір, 4) – деп бұйырылады.

Иә, Қадір түнінің құт-берекесі шексіз. Себебі, жер бетіне сан мыңдаған періштелер түседі. Періштелер тіпті жер бетіне сыймай, бір-біріне сығылысады. Алла Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келесі бір хадис-шарифінде: «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» (Ахмад, 10316) деп хабарлайды.

Періштелер мүміндерді айнала қоршай Алла Тағаланың оларға деген кешірімі мен мейірімін айтып сүйіншілейді. Бұл турасында Алла Тағала Құран Кәрімде:

سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ

«Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады (Қадір, 5) – деп баяндайды.

Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді. Таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды. Сайд ибн Мансур келтірген риуаятта: «Бұл түн  – бейбітшілік түні. Қадір түнінде шайтанның адамдарға жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленіп (тағдыр жазылады), рызықтар айырылады» деп хабарланған.

Қадір түні. Ол қай түн?

Хақ Елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Қадір түні туралы мәшһүр хадис шарифтердің бірі Әбу Сайд ал-Худридің риуаяты еді. Бұл риуаятта Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанның алғашқы он күнінде иғтикаф жасады. Ортаңғы он күнде жабағы жүннен жасалған Түрік шатырында иғтикаф жасады. Шатырының есігінде саздан жасалған перде болатын. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) пердені шатырдың бір бұрышына ысырып қойды. Сосын терезеден басын шығарды. Дүйім жұрт оған жақын келді. Ол (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Мен Қадір түнін іздеп Рамазанның алғашқы он күнде иғтикаф жасадым. Содан кейін ортадағы он күннен іздеп, тағы да иғтикаф жасадым. Кейін маған періште келіп: «Қадір түні соңғы он күнде» деді. Және: Менімен бірге иғтикаф жасағандар қаласа соңғы он күнде де иғтикаф жасасын» деді. Естіген адамдар Пайғамбарымызбен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге иғтикаф жасады. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Маған Қадір түні тақ түні көрінді» деді.

Қадір түні туралы Убай ибн Кағб жеткізген риуаятта: «Аллаға серт! Ибн Масғуд (р.а.) оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін білді. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын» (Бұхари, Қадір: 1) дейді.

Осы соңғы риуаятты негізге алған ислам ғұламалары мұсылман үмбетін жыл сайын Қадір түнін Рамазан айының жиырма жетісі түні қарсы алуға үндейді. Әлбетте, Рамазан айының соңғы он күні, оның ішінде тақ күндері Қадір түні болуы әбден ықтимал.

Қасиетті кеште атқаратын амалдар

Ислам ғұламалары қасиетті Қадыр түнін төмендегіше атқаруды үндейді:

  • Қадір түнінде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек.
  • Құран Кәрім оқып, тыңдап, түсінуге ынта қойып, оған деген сүйіспеншілік байланыс орнатуға тиістіміз.
  • Алла Елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, шапағатынан үміттеніп, оның үмбетінен болғанымызға шүкіршілік жасап, оның жолын берік ұстануымыз шарт.
  • Мешітке барып уағыз-насихат тыңдап, жүректі кір-қоқыстан шайып, көңіл айдынын илаһи нұрға толтыруымыз керек.
  • Қадір түніне қатысты жеткілікті мағлұмат беретін дін мамандарымен сұхбат құрып, мұсылман үмбетінің бірлігі мен ынтымағын арттыруға мән беруге тиістіміз.
  • Жаббар Хаққа тәубе мен истиғфар жасап, нәпсімізді есептен өткізіп, қателік жасаудан сақсынып, қайырлы істерді жасауға құмбыл болуымыз шарт.
  • Алла Тағаланы зікір етіп, тафаккур жасап, Ұлы Жаратушының құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын ұғынуға ұмтылып, иман һәм иһсан байлығын күшейтуіміз қажет.
  • Дәйім дұға жасауымыз керек. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін бұл түні: «Уа Аллам! Сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешіре гөр» деп дұға жасауға шақырған.
  • Қадір түнінің күндізін де бейне кеш секілді өткізу ләзім. Осылай болса, мүбәрак түннің рухымызға төккен шұғыласы сіңімді болып, жүректен орын алады.
  • Қадір түні Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылман үшін дұға-тілек жасауымыз керек. Қала берді, бейбіт ғұмыр сұрап: «Күллі адамзатты апаттардан сақта» деп тілеуіміз шарт.
Түйін

Хақ-Тағаланың бір түндік ғибадатты мың айдан да қайырлы етуі, сөз жоқ, Жаббар-Хақтың мұсылман үмбетіне деген ерекше мейірімі мен рахымдылығы еді. Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына нанып, Алладан сауабын күтіп, құлшылық қылса, жасаған күнәлары ғафу етіледі» (Бұхари, Қадір, 1) дейді. Иә, мұндай мүмкіндік һәм мұндай мың айдан да қайырлы мезет мұсылман үмбетінің пешенесіне ғана жазылған илаһи тарту. Олай болса, қадірменді ағайын Қадыр түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалмай, таң рауандаған шаққа дейін жансебіл рухта Хаққа құлшылық қылып, жан-жүрегімізбен Алаштың қамы үшін дұға-тілек жасайық. Алла-Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетіп, дәйім қасиетті Қадір түнін қарсы ала беруді жазсын! Әумин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат