Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Нұр-Мүбарак университеті оқу кешенін кеңейту шаралары басталып кетті

Айша КЕҢЕСБАЙ Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 13.06.2018 303 0 пікір

Елімізде діни білім алуға ұмтылған жастардың легі артып келе жатқандықтан Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті оқу кешенінің тарлығы анық сезіле бастады. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жақында ғана кәсіпкерлердің басын қосып, еліміздің маңдайындағы ислами ғылым ордасын кеңейтуге жұмылуға шақырды. Бұл екідүниелік сарқылмас сауапты, болашақ алдындағы жауапты іске үлес қосуға асыққан кәсіпкерлер де алғашқы садақаларын беріп үлгерді. Осыған орай, құрылыстың жобаларын заңдастыру шаралары қолға алына бастады.

Университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім, ректор кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, PhD Алау Әділбаев, KAZGOR жобалау академиясының бірінші вице-президенті Мейрбек Жаманқұлов, архитектор Төлеген Әлібаев, университеттің шаруашылық бөлімінің басшысы Сұлтанхан Олжабаевтар оқу орнының болашақ құрылыс кешенін талқылады. Ең әуелі жобаны заңдастыру, болашақ құрылыс көзделген орындағы ескі ғимаратты алмастыратын жаңа ғимаратқа қосымша қаптал салу барлығы талқыланды.

Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың «Нұр-Мүбарак университеті – елімізге берген Алланың сыйы. Соны бағалай білейік, осындай оқу ордасының іргесін қалап берген мысырлықтарға Алланың шексіз алғысы жаусын. Енді осы бастаманы жалғастырып кету елдігімізге, азаматтығымызға сын», - деген болатын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бүкіл елге берекесі жауар бұл жоғары білім ордасы құрылысының алғашқы сеңі қозғалды. Енді оның жүзеге асуы Алланың қолдауы, халықтың демеуіне тікелей байланысты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат