Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

АСТАНА – АЛТЫ АЛАШТЫҢ РУХАНИ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти muftyat.kz 05.07.2018 511 0 пікір

Бисмиллахир-Рахманир-Рахим!

Биыл Алаштың айбынын асқақтатқан – Астанамыз жиырма жасқа толды. Осыған орай, Қазақстан үкіметі Елорданың торқалы тойын салтанатты түрде атап өтуге шешім қабылдады. Ескі тарихымызға көз жүгіртсек, көшпелі қауым бағзыда қағандар ту тіккен астананы «орда» деп атаған. Түркі тілінде «орда» сөзінің екі мағынасы бар. Біріншіден, хандардың отауы, екіншіден, әскери орталық. Тарихымыздағы бабаларымыз негізін салған мемлекеттің көпшілігі милитаризмге негізделген әскери мемлекеттер болатын. Осы себептен де,  сол дәуірлерде мемлекет орталығының «орда» аталуы заңды еді. Десе де, түркілер Ислам дінін қабылдағаннан кейін олардың «орда» туралы пайым-көзқарасы трансформацияға ұшырады.

Қазақтың ұлы билеушілерінің бірі – Еңсегей бойлы Ер Есім хан 1598 жылы Түркістан қаласын астана етіп бекітті. Осы кезден бастап, Алаш баласы мемлекет орталығын «астана» деп атай бастады. Жалпы, Ислам мәдениетінде рухани орталықтар «астана» (парсы тілінде аситана – орталық, табалдырық) деп аталады. Түркістанның астана болуының себебі: мұсылмандар ондағы Әзірет-Сұлтан рухани кешенін «астана» деп атайтын. Осылайша, бұрын мемлекет орталығын «орда» дейтін Алаш жұрты діни танымының кеңейе түсуіне байланысты енді бас қаланы «астана» деп атауды әдетке айналдырды. 

Елбасымыз Н.Назарбаевтың тәуелсіздік алған жылдары жаңа астана ретінде Сарыарқа төсіндегі Ақмоланы таңдады. Әсілі, бұл үлкен көрегендік саясаттың жемісі еді. Тұтас елдің тәуелсіздігін нығайту үшін Елбасымыз Н.Назарбаев астананы Сарыарқа төсіне көшірді. Астана, шын мәнінде, ұлттың ұйытқысы һәм Алаштың бас қаласына айналуы үшін Елбасымыз бастаған ұлт қайраткерлері жиырма жыл аянбай тер төкті. Сөйтіп, мінеки, ерке Есілдің жағасында ғаламда жоқ сәулетті қала бой көтерді.

Астана тек Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры ғана емес, әлемдік бейбітшіліктің де ұйытқысы болып келеді. Елбасымыздың бастамасымен Астанада әлемдік дәстүрлі діндердің 2003 жылдан бері 5 съезі өтті. Осының аясында әлемдік дәстүрлі діндердің Астанада хатшылығы құрылып, бүгінде бұл халықаралық ұйым тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.

Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасады. Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымның жыл соңында Елордада саммиті өтіп, әлемдік бейбітшілікті сақтау мен халықаралық ынтымақтастықты арттыруға қатысты Астана құжаты қабылданды.

Қазақстан мұсылман мемлекеті саналатындықтан, Ислам Конференциясы ұйымына 1995 жылдан бері мүше. Құрамына 57 мемлекет кіретін аталмыш халықаралық ұйымға Қазақстан 2011 жылы төрағалық жасады. Қазақстан төраға болған мезгілде Батыс пен Ислам әлемінің мәмілесін нығайтатын көптеген игі істерге мұрындық болды. Айта кетерлігі, Қазақстанның ұсынысымен ұйымның атауы «Ислам ынтымақтастық ұйымы» (ИЫҰ) болып  өзгертілді.

2017 жылы Астанада әлемдік EXPO халықаралық көрмесінің шымылдығы түріліп, мұқым жұрт Астананың әсемдігіне таңдай қақты.  Елордада бой көтерген EXPO қалашығында «Болашақтың энергиясы» тақырыбында 100-ден астам мемлекет өз ғылыми-технократиялық жетістіктерін көрмеге қойды. Бұл шара да елдігімізді мұқым ғаламға паш етіп, Астананың мерейін асқақтата түсті.  

Астана – саясат, экономика, мәдениет, спортпен қатар діни құндылықтар мен руханияттың да ошағы. Әсіресе, Астананы Ислам әлемінің солтүстігінде орналасқан мұсылмандық нақышқа бай әсем қалалардың бірі деп мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздік жылдары қалада «Сәдуақас Ғылмани», «Кунта қажы», «әл-Ғани», «Нұр-Астана», «Әзірет Сұлтан», «Әлжан ана», «Ырыскелді» секілді бірнеше зәулім мешіттер бой көтерді. Осының ішінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен іргетасы қаланған ТМД кеңістігіндегі он мың адам сиятын бірегей «Әзірет Сұлтан» мешіті 2012 жылы пайдалануға берілді. «Әзірет Сұлтанды» тек құлшылық-ғибадат атқаратын мешіт емес, мәдени іс-шаралар атқарылатын және діни сараптамалық телестудия жұмыс істейтін ақпараттық-мәдени кешен десек болады. Сондай-ақ, Астанада бір медресе-колледж және Қосшыда қарилар дайындау орталығы жұмыс істейді.

Иә, Астана – алты Алаштың бас шаһары!
Астана – ата-бабаларымыздың асқақ арманы, тәмам жұрттың алтын тағаны, тұтас елдің асыл діңгек – бағаны, халқымыздың жүрегі, иен даланың кіндігі, мәдениетіміздің мәйегі, елдігіміздің рәмізі, тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекеттілігіміздің негізі, Алаш баласының құлақ күйі һәм лебізі...

Астана айбынын тоқсан күн толғап, Алла Тағалаға қанша тоба-шүкір жасасақ та аздық етеді. Астана осындай қадау-қадау ой-тұжырымға негіз болар фазилетімен көңілге илаһи шабыт береді, көзге оттай басылады.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат