Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Өкілдің өңірге жасаған еңбегі жемісті болуда

22.10.2014 636 0 пікір

Өз тағдырын, бар саналы ғұмырын тәуелсіз Қазақстанның дамуына арнаған Елбасымызға әрдайым қолдау көрсететін, сенім мен үміті қатар артатын ол әлбетте оның халқы. Президентіміз ұсынған сарабдал саясатты қолдауға әр саланың да хас шеберлері атсалысары анық.

Атырау облыстық Н.Жантөрин атындағы филармония сарайында «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты II облыстық форумы өткізілді. Шараға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы Гүлжанай Хайроллақызы, Атырау облыстық балалар ауруханасының ота бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Төреханқызы, Таэквондодан Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» Айсұлу Оразқызы, «Ораторлық өнер мектебін» құрушы, жас кәсіпкер Нұрлан Серікұлы, студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.

Аталмыш басқосуда өңіріміздегі Елбасы саясатын жүзеге асырып жүрген бірқатар білікті майталман мамандардың жетістіктері жастарға үлгі етілді.  Соның қатарында ҚМДБ-ның Атырау облысындағы өкіл имамы Батыржан Берденұлы сахна төріне шығып, өз еңбек жолынан бастау алып күні-бүгінге дейін атқарылған игі істерін баяндама жасады. Онда бас имам Б.Берденұлы: «Қашан да ел болашағы – жастарда екені ақиқат. Қазақстанның келешегін көркейтетін білімді ұрпақ қатарынан көріну менің де үлкен мақсатым болды. Алайда саналы азамат болып қалыптасудың кілті тек құрғақ білімде емес екенін табанды еңбегіммен көрсету үшін қолымнан келгенше тырысып бағудамын. Елбасының: «Түбіміз – түрік, дініміз – Ислам, кітабымыз – Құран» деген сөзі мені де отанымның рухани тірегі болуына айтарлықтай жігерлендірді», - дей келе студент жастарға ой салды.

Жиын соңында Атырау облысы ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қасымов Оразбек Сәбитұлы өңірдің өкіл имамының еңбегін елеп, облыс әкімінің міндетін атқарушы Нақпаев Сәлімжан Жұмашұлының атынан алғыс хат табыс етті.

Естеріңізге салсақ, 18-қазан – ҚР Рухани келісім күні өңіріміздегі діни тұрақтылық пен оның дамуына қосқан ерен еңбегі, сүбелі үлесі үшін ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Берденұлы облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының алғыс хатымен марапатталған болатын.

Бұл да болса, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының сенім артып жіберген діни кадрдің ел үдесінен шыққанын көрсетсе керек. Дін мамандарымыз осындай биіктерден көрініп жатса, елге жасаған тынымсыз еңбегінің жемісі деп білеміз.

«Иманғали» орталық мешітінің 
баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат