Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Бас мүфти қор басшыларын марапаттады (ФОТО)

01.04.2015 1496 0 пікір

Бүгін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Жаңа мешіт салу жөніндегі жобалау компаниясы корпоративтік қоры» басшыларын қабылдап, Астана қаласының ажарын арттырған «Әзірет Сұлтан» мешітінің салынуы мен өркендеуі жолында сіңірген еңбектері үшін алғыс білдіріп, марапаттады.

Аталмыш қор осыдан бес жыл бұрын Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің салынуына орай құрылған болатын. Содан бері құлшылық ордасының халыққа қалтқысыз қызмет етіп, қызмет барысының бірізділікке түсуіне аталмыш қордың орасан еңбек атқарғаны белгілі. Осы орайда, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қор басшыларына арнайы «Алғыс хат» табыстап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

«Сарыарқаға сән берген сәулетті «Әзірет Сұлтан» мешітінің тек Қазақстан аумағында ғана емес, Орта Азия мешіттері арасында да айбыны артып тұрғаны белгілі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев мешіт ашылуында: «Әзірет Сұлтан» мешіті тек қана құлшылық орны ғана емес, өркениет пен мәдениет, білім мен ғылымның ордасына айналуы тиіс», – деген болатын. Бүгінде сол артылған сенімді ақтап,  құлшылық ордасының абыройы асқақтай түсуіне сіздердің де сіңірген еңбектеріңіз ұшан-теңіз. Алла Тағала жұмыстарыңызды берекелі етіп, сауаптан жазсын!» – деді Бас мүфти қор басшыларына өз лебізін білдіріп.

Қабылдаудан соң қор басшыларына «Әзірет Сұлтан» мешітінде арнайы дастархан жайылып, ізгі тілектер толқыны қайта жалғасты. Қазақ елінің мақтанышына айналған мешіттің қалай салынғандығы жайында естеліктер өрбіді. Қонақтарға ҚМДБ-ның аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев те өз алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Бұдан соң кездесуге арнайы шақырылған ақылдастар алқасы мүшелері мен қор қызметкерлеріне «Әзірет Сұлтан» мешітінің біржылдық жұмыс есебі көрсетілді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат