Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ

Өткен жұма күні, Астананың төріндегі Тәуелсіздік сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнады. «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын бас құжаттың таныстырылуы ел өміріндегі маңызды уақиғалардың бірі болғаны рас.

Елбасының әр жыл сайынғы Жолдауы азат елге айрықша серпін беріп, өрге сүйрейтінін уақыт дәлелдеді. Оның әр жолында келешектің қадамы, болашақтың бағдары жатыр. Біз сол қадаммен, бағдармен кешегі «нөлдік» кезеңнен бүгінгі деңгейге жеттік. Енді, міне әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуға ниеттенудеміз. Бұл жолда да қимылсыз емеспіз. Президент бағыт нұсқады, міндеттер жүктеді, тапсырмалар берді. Тек қолдауымыз қажет...

 

Серікбай қажы ОРАЗ, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:

Тілегіміз де, тірегіміз де – татулық

Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған Тәуелсіз еліміздің тірегі – татулық, бірлік, өзара келісім. Біз «бірлік бар жерде тірлік бар» деген текті бабалардың ұлағатын санаға сіңірген ұрпақпыз. Елбасының дәстүрлі Жолдауында айтылған негізгі ой, ортақ идея осыған саяды.

Мәңгілік ел идеясының астарына үңілсек, ол біздің дәстүріміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қайта түлеп, жаңғыруы, дініміз бен тіліміздің өркендеуі. Президентіміз барша қазақстандықтарды осынау игі істі, ортақ мақсатты жұрт боп жұмылып жүзеге асыруға үндеді.

Шын мәнінде, Мәңгілік ел идеясы тереңнен толғанып, әріден ойланып қабылданған шешім.

Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы халқымызға қанат бітіріп, жастарымыздың жігерін оятты. Елбасы біздің бағдарымыз – бірлік екенін осы Жолдауда тағы да шегелеп айтты. Ислам діні адамдар арасында алауыздыққа жол бермейді. Біздің әрбір жетістігіміз Алланың қалауымен Тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асуда. Бұл – біздің бірлігіміздің жемісі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетіне осы өмірді рухани құндылықтарды байытуға, адамдар арасында мейірімділікті жаюға, кешірім жолын ұстанып, ғұмырымызды ізгілікке арнауды өсиет еткен. Елбасы бір сөзінде мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесін айтып өтті. Осы бағытта мешіт имамдары қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен барлық мешіттерде 2014 жылы қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.  

Алла тағала ынтымағымызды нығайтып, Тәуелсіздігімізді мәңгілік еткей! Әмин!

 

Наурызбай қажы Өтпенов, ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы:

Ғылым дамыса, қарыштай түсетініміз де аян.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын халыққа арнайтын Жолдауларының қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын байқаймыз. Бас құжаттың биылғысынан да осы тұрғыдан сипатты көріп отырмыз: ілгерілеудің жоспары, әр қадамымыздың тиімділігі.

Иә, Жолдау жолдарынан көп нәрсені ұқтық, бағдарымыздың айқындығына көзіміз жете түсті, келешегіміздің кемел болатынын білдік. Ендігі кезекте, халық болып жұмылып, Жолдауды іске асырып, қолдауымыз керек.

«Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты бас құжаттың басты ерекшелігі 30 дамыған елдің қатарына ену жолдары қамтылып, бағыттары нақтыланып, айқындалуында дер едім. Тағы бір қуантқаны, ғылым мен білімге деген қамқорлықтың тағы да шет қалмағаны, яғни, болашақты нағыз біліммен жарақтандыру жалғаса береді. Қасиетті Құранда да, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.у) хадистерінде де барша адамзат баласын білім алуға, сауат ашуға, оқуға шақырады. Сондықтан Президенттің бұл бастамасында игілік пен ізгілік бар.

Мемлекет басшысы осы Жолдауда саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізумен қатар, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне де басымдық берді. 30 озық мемлекеттің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым емес пе? Елбасымыз міне, осыны, яғни ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске апару мәселесін баса айтты. Бұл салаға тек ғалымдардың ғана емес, өндірістің, индустрия өкілдерінің күш-қайраты керек. Олар да ғылымға қарай қадам жасауы тиіс.

Жоспарлы жол іздеген ел ғана жетістікке жетеді. Біздің мемлекет мұны дәлелдеп келе жатқаны рас. Осы бағыттан айнымасақ, алар асуымыз да, шығар белесіміз де арта беретіні сөзсіз. Қазақта «Елдің қамын ер ойлар, ердің қамын ел ойлар» деген аталы сөз бар. Асыл дініміздің шариғат шарттарының бірі де – басшыға мойынсұну, бағыну болып табылады. Олай болса, бірлігі жарасқан еліміздің абыройын одан сайын асқақтата түсетін Елбасы Жолдауына қолдау көрсетіп, жұмыла іске асыруымыз қажет. Лайым, Алла тағала тәуелсіз еліміздің көк байрағы желбіреген көгінен көгершіндерін кетірмесін!

 

Ершат Оңғаров, исламтанушы ғалым, теология ғылымдарының докторы:

Қамкөңіл жандарға қамқорлық артады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын асыға күтетіндердің қатарынанмын. Өйткені, әр жылғы бас құжат халыққа серпін мен сенім әкелетінін білемін. Осы Жолдау жолдарынан да айрықша басымдықтар мен қамқорлықты ұқтым. Әсіресе, Елбасының ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жақсаруына қатысты айтқандары қатты толқытты әрі қуантты да.

Ағымдағы жылы жалақы деңгейінде өсім болмақ. Мемлекет басшысы екі қолға бір жұмыс таба алмай жүргендерге де назар аударуды ұсынды. Мүгедектер, жәрдемақыға өмір сүріп келе жатқан және өзге де жандарға жұмыс беру қажеттігіне тоқталды. Ал олардың саны елімізде 600 мыңға жетіп отырған көрінеді. Бұл өте орынды бастама деп санаймын, иманды, ибалы елдің ісі деп білемін. Осы іс қолға алынып, орындалғанда ғана қорғансыз қалған жандарға лайықты жағдай жасай аламыз. Ислам діні де қамқорсыз, қамкөңіл жандарға жақсылық жасауға үндейді ғой. Жоғарыдағы бастама арқылы біз нағыз мұсылмандықтың, жылы жүректіліктің, ізгіліктің нышанын байқатамыз.

Біраз жылдардан бері жалақы деңгейі өспей келгені рас. Тиісінше, инфляцияның қарқын алғанын көрдік. Ендігі жерде жалақыны өсіру инфляцияның орнын жауып қана қоймай, азаматтардың еркін тыныс алуына мүмкіндік береді.

Кез келген елдің әлеуетін халқына қарап біледі. Ал Қазақстанда, Аллаға мың тәуба, өсу мен өркендеу лайықты жалғасын тауып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда халықтың әлеуметтік ахуалының жақсара түскенін байқау қиын емес. Бұл – жақсылықтың, ілгерілеудің нышаны.

Жолдау жолдарының бағыты мен бағдарынан айнымасақ, келешегіміздің де жарқын болатынына сенімім зор. Өйткені, алдағы жылдардағы жолымыз, дамыған елдердің қатарына ену сызбасы бас құжатта тайға таңба басқандай көрсетілген. Біз осы ұстаным мен бастамадан айнымай, тиісті тапсырмалар мен мүдделі міндеттердің үдесінен шыға білсек, болғаны. Мәңгілік елдің мұратына жететін күн де жақындай береді, жақындай береді... Тек Тәңір бізге медет берсiн.

Дайындаған Асхат Райқұл.
e-islam.kz 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сондықтан, сізге сайтқа тіркелуіңізді немесе құпия сөзді қолданып, кіруіңізді сұраймыз.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңалыққа жазылу