Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КӨРШI АҚЫСЫ – ТӘҢIР АҚЫСЫ

Думан Нәдірұлы muftyat.kz 21.03.2024 1948 0 пікір
КӨРШI АҚЫСЫ – ТӘҢIР АҚЫСЫ

Үйi бip-бipiне жақын, iргелес тұратын адамдарды «көрші» дейміз. Адам өмipiнде жақсы көршiнiң қаншалықты маңызға ие екенін «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршiң артық», «Көршiмен татудың көңiлi тыныш», «Жақсы көршi тапқаның, мол олжаға батқаның» деген мақал-мәтелдер анық аңғартып тұр. Алла Тағала Құранда көрші жайында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешнәрсенi ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетiмдерге, мiскiндерге, жақын көршiге, бөгде көршiге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қоластыңдағыларға жақсылық қылыңдар», – деп бұйырған («Ниса» сүресі, 36-аят).

Мұсылман адам көршiмен жақсы қарым-катынаста болуға ерекше мән бepyi тиiс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисiнде: «Жәбiрейiл маған көршiмен жақсы қарым-қатынаста болу керектiгi жайлы өсиет айтқаны соншалық, мен тіптi көршiге де мұра қалдыру керек пе деп қалдым», – деген (Бұхари). Басқа хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың атымен ант етемiн, иман келтiрмейдi. Алланың атымен ант етемiн, иман келтiрмейдi. Алланың атымен ант етемiн, иман келтiрмейдi», – дейді. Сонда одан: «Ол кiм, уа, Алланың елшici?» – деп сұрайды. Пайғамбар: «Көршici оның залымдығынан тыным таппаған адам», – дедi», – делiнген (Бұхари, Мүслим, Ахмад). Дiнiмiздiң осындай мiндеттерiн жете түсiнген дана халқымыз «Көршi ақысы – тәңiр ақысы» деп, көршiмен жақсы мәмiледе болу Жаратушының бұйрығы екенiн ескерткен. 

 

Жақсы көрші таңдау

Халқымызда «Үй іздеме, көрші ізде» деген сөз бар. Қоныс аударып, жаңа мекен іздеген адам, ол жердегі көрші болатын адамдардың қандай болатынына бей-жай қарамағаны жөн. Өйткені отбасылық өмірдегі көптеген мәселелер көршілік қарым-қатынасқа, олардың имандылығы мен әдептілігіне де қатысты болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бақыттың белгісі төртеу: салиқалы жар, жайлы үй, жақсы көрші, ыңғайлы көлік», – деген (Ахмад, Ибн Хиббан).

 

Көршіні құрметтеу

Көршіні құрметтеуге қатысты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда өзінің көршісін құрметтесін», – деген (Бұхари, Мүслим, Ахмад, Малик, Байхақи). Жоғарыда келтірілген «Ниса» сүресінің 36-аятында да Алла Тағала жақын және алыс көршіге жақсылық жасауға бұйырады. Әрине жақын орналасқан көршінің ақысы алыс орналасқан көршіге қарағанда жоғары болады. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде мен: «Уа, Алланың елшісі! Менің екі көршім бар, олардың қайсысына сыйлық беруім керек?» – дедім (бұл жерде оның сыйлыққа бір ғана заты бар, не болмаса бір кісіге ғана жетерлік тамағы бар, сонда көршімнің қайсысына беруім керек деген мағынада айтылуда). Сонда ол: «Қайсысының есігі саған жақын болса, соған бер», – деді» (Бұхари, Байхақи, Ахмад). Сондықтан жақын көршінің екі ақысы бар. Біріншісі – жақындық ақысы, екіншісі – көршілік ақысы. Алыс көршінің тек көршілік ақысы бар. Әдетте көрші туыс, мұсылман не мұсылман емес болып келеді. Егер көрші туыс әрі мұсылман болса, онда оның үш ақысы бар. Бірінші – көршілік, екінші – туыстық, үшінші – мұсылмандық. Ал егер көршіңіз мұсылман, бірақ туыс емес болса, оның екі ақысы бар. Бірінші – көршілік, екінші – мұсылмандық. Сол сияқты туыс, бірақ мұсылман  емес болса, оның да екі ақысы бар. Бірінші – көршілік, екінші – туыстық. Көрші адам мұсылман да, туыс та емес болса, оның көршілік, яғни бір ақысы болады.

 

Көршіге зиян тигізбеу

«Көршінің ала жібін аттамау» деген ұғым бар. Адам көршісімен ең көркем қарым-қатынаста болып, көңілін бағып, шамасы келгенінше сыйласуы қажет. Хадисте: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда өзінің көршісіне зиян келтірмесін», – делінген (Бұхари, Мүслим, Ахмад, Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көршіге зиян тигізбеуді Алла және ақырет күніне иман келтірумен байланыстыру арқылы бұл істің қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Шариғат талабында, үй-жай салатын болсақ та, ол көршінің ауласына шықпауы, көршіні ренжітпейтіндей болуы шарт. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізді: «Егер көрші көршісінің үйінің қабырғасына тақтай орнатқысы келсе, оған көршісі қарсы болмасын (яғни рұқсат етсін)». Осыны айтты да Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) өзін тыңдап отырған адамдарға былай деді: «Неге мен сендердің осыны орындаудан бас тартатындарыңды көремін?! Алланың атымен ант етемін, бұдан былай да мен осыны сендерге айтудан жалықпаймын!» (Бұхари, Мүслим, Ахмад, Термизи, Мәлик, Әбу Дәуіт, Ибн Мәжа).

 

Өзі жеген тамақтан көршісіне апарып тұру 

«Көрші, көрші дедің бе, ыстық наннан жедің бе?» демекші, өзі жеген тамағынан көршісіне де апарып тұру – көршілер арасындағы сүйіспеншілікті оятатын істің бірі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Зәррға (Алла оған разы болсын): «Ет пісірген уақытыңда көбірек су қос та, одан кейін көршілеріңе барып, оларды өзінің ретінше үлестіріп бер», – деген. Әсіресе көршісінің тұрмысы нашар болған жағдайда адам баласы бұл іске аса мән беруі қажет. Өйткені басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көршісі аш отырып, өзі тоқ болған адамның толық мұсылман бола алмайтынын айтқан. Сонымен қатар егер өз балаларына қандай да бір зат алып келе жатқанда көршінің балалары оны көрген болса, алып келе жатқан затынан көршінің балаларына да беру керек. Егер өз балаларына жетпейтін болса, көршінің балалары дәметіп қалмас үшін, тамағын үйге көрсетпей кіргізгені жөн.

 

Қайғы мен қуанышта ортақтасу

Адамның басына қайғы түскенде басқа адамдар оған ортақтасса, онда ол адамның қайғысы жеңілдейді. Адамның басына қуаныш түскенде, басқа адамдар ортақтасса, оның қуанышы арта түседі. Осындай жайттарда көршінің қызметінде болу, оның қайғысы мен қуанышына ортақтасу көрші ақысы қатарына кіреді. «Әдеп – инабаттылық дәрістері» атты шағын еңбекте халқымыздағы көршілік қарым-қатынасы былай үйлесімді суреттеліпті: «Ауырып-сырқап қалғанда, көңіл сұрау, той-томалақ, өлім-жітімді атқарысу өз алдына, үлкендері жолаушы кеткен көршінің отбасына қарайласып, бас-көз болып, шаруасын, мал-жанын түгендеп, ақыл-кеңес беріп, шамасы жетпей, қолынан келмей жатқан жерлерін жөндеп жіберер еді. Момын, әлсіз, ауру, жас немесе кәрі көршінің біреуде кеткен есесін іздеп, қуысар еді. Соғымға сойылған малдың басына шақырысып, әйелдер жағы дәмді, әуес тағамдарын бір-біріне аяқ-табақпен балаларынан беріп жіберер еді, не өздері апарып берер еді. Ауық-ауық бір-біріне дәм татқызар еді. Мұның бәрі ара дәнекер, ынтымақ, ауызбірлік ұйытқысы, сенім кепілі рөлін атқаратын, нақты мәнге болатын» (Ұлықман Асылов, Жарылқасын Нұсқабайұлы, «Әдеп инабаттылық дәрістері», «Рауан» баспасы, 1998 жыл).

 

Думан НӘДІРҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру