Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

СӘРЕСІН ІШУГЕ ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі muftyat.kz 13.03.2024 7198 0 пікір
СӘРЕСІН ІШУГЕ ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР
Сұрақ: Сәресі ішу міндет пе?

Жауап: Сәресі ішу – оразаға ниет еткен адамның таң атар алдында тамақтануды немесе ең болмағанда су ішуді білдіреді. Үкімі – мұстахап (істесе сауап, ал орындамаса күнә саналмайтын іс) амал[1]. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Әнәс бин Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: 

 تَسَحَّرُوا فَإِنَّ فِي السَّحُورِ بَرَكَةً

«Сәресіге тұрыңдар, сәресіде берекет бар» [2]. 

Тағы бір хадисте: 

فَصْلُ ما بيْنَ صِيَامِنَا وَصِيَامِ أَهْلِ الكِتَابِ، أَكْلَةُ السَّحَرِ

 

«Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде»[3], – дейді.

Келесі хадисте: 

لسُّحُورُ أَكْلَةٌ بَرَكَةٌ فَلا تَدَعُوهُ وَلَوْ أَنْ يَجْرَعَ أَحَدُكُمْ جَرْعَةً مِنْ مَاءٍ فَإِنَّ اللَّهَ وَمَلائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى الْمُتَسَحِّرِينَ

 

«Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді»[4], – дейді.

Бұл жайлы имам Нәуауи: «Хадисте берекет бар деп келуі адам сәресіде тамақ ішумен қуат алып, ораза ұстауға белсенділігі және қызығушылығы артады. Сондай-ақ сәресі уақытында дұға жасалып, зікір айтылады. Алланың мейрімі түсетін дұға мен истиғфар қабыл болатын уақыт. Ол уақытта тұрған адам дәретін алып, намазын оқып, таңның атуын күтіп сауапқа кенелу артықшылығы да бар»[5], – деген.

Сәресі уақыты түннің соңғы алтыншы бөлігінен таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады[6]. Таң намазының уақыты кіргенде сәресі ішуді тоқтату тиіс.

 

Сұрақ: Сәресі ішудің қандай падасы бар?

Жауап: Сәресі ішудің өзіндік берекеті мен артықшылықтары бар:

1) Сәресін ішуге тұрған адамға Алла мен Оның періштелері салауат айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

إِنَّ اللهَ و مَلائِكَتَهُ يُصَلُّونَ على المُتَسَحِّرِينَ

«Расында, Алла және Оның періштелері сәресі ішкендерге салауат жолдайды»[7], – деген.

2) Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті орындалады; 

3) Құлшылыққа күш-қуат береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

استعينوا بطعامِ السَّحرِ على صيامِ النَّهارِ

«Күндізгі оразаларыңа сәресінің асын ішіп көмектесіңдер»[8], – дейді.

4) Ширақтықты арттырады (белсенділік, энергия, т.б); 

5) Аштықтан келетін нашар мінездің алдын алады; 

6) Сəресі дұғаның ең қабыл болатын кезіне сәйкес келеді; 

7) Сəресіде ниетті түзеп, ықыласты арттыруға мүмкіндік туады; 

8) Сәресіне тұрған адам таң намазына ұйықтап қалмайды.

Сондықтан мұндай пайдалардан құр қалмас үшін сәресіне тұрған жақсы. Ал сәресі іше алмай қалып, ауыз бекіткен адамның оразасы дұрыс саналады. 

 

Сұрақ: Сәресін ерте ішіп қоюға бола ма?

Жауап: Ораза ұстаушыға сәресін таң намазына жақындатып ішу және аузын тездетіп ашқан сүннет болып саналады[9]. Зайд ибн Сәбиттен жеткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге сәресін ішіп болған соң, намазға тұратын едік»[10].

Тағы бір хадисте: «Адамдар ауыз ашуға асыққан сайын әрдайым жақсылықта болады»[11], – делінген.

Сондықтан сәресін таң намазының уақытына жақындатып ішу әрі ауызды күн батқаннан кейін тездетіп ашқан дұрыс.

 

Сұрақ: Сәресіні күн шыққанша ішу керек пе?

Жауап: Ауызды бекітіп жатқан адам сәресін таң намазының уақыты кіргенге дейін ішу керек[12]. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: 

وَكُلُوا وَاشْرَبُوا حَتَّى يَتَبَيَّنَ لَكُمُ الْخَيْطُ الْأَبْيَضُ مِنَ الْخَيْطِ الْأَسْوَدِ مِنَ الْفَجْرِ ثُمَّ أَتِمُّوا الصِّيَامَ إِلَى اللَّيْلِ

«Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де соңсоң оразаны кешке (күн батқанға) дейін толық орындаңдар»[13].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ибн Умму Мәктум азан айтқанша ішіңдер, жеңдер. Ол таң атпайынша азан айтпайды», – дейді.

Сондықтан сәресін күн шыққанша емес, таң намазының уақыты кіргенге дейін ішу керек.

 

Сұрақ: Таң намазына азан басталған кездегі ішіп-жеудің үкімі қалай?

Жауап: Оразаның басталу және аяқталу уақыты болғандықтан таңның атуымен ораза басталады да күн батқанға дейін жалғасады. Осы уақытта ішіп-жеу және оразаны бұзатын нәрселерден тыйылуы керек болады. Алла Тағала Құранда:

وَكُلُوا وَاشْرَبُوا حَتَّىٰ يَتَبَيَّنَ لَكُمُ الْخَيْطُ الْأَبْيَضُ مِنَ الْخَيْطِ الْأَسْوَدِ مِنَ الْفَجْرِ

«... Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер...»[14], – деп басталған уақытын ашық баян еткен. Омар (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: 

إِذَا أَقْبَلَ اللَّيْلُ مِنْ هَا هُنَا ، وَأَدْبَرَ النَّهَارُ مِنْ هَا هُنَا ، وَغَرَبَتِ الشَّمْسُ فَقَدْ أَفْطَرَ الصَّائِمُ 

«Егер түн ана (шығыс) жақтан келсе және күндіз ана жаққа (батыс) қайтса және күн батса ораза ұстаған адам аузын ашады»[15] делінген.

Ал азан таң намазының уақыты кіргенін білдіреді. Сондықтан ішіп-жеуді уақыттың кіруімен тоқтату керек.

 

  1. Сұрақ: сәресін ішкеннен кейін қандай дұға жасалады:

Жауап: Ауыз бекітетін кезде мына дұғаны жасау керек: 

نَوَيْتُ أنْ أصُومَ صَوْمَ شَهْرٍ رَمَضَانَ مِنَ الْفَجْرِ إِلَى الْمَغْرِبِ خَالِصًا لِلَّهِ تَعَالَى

Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи тағалә».

Мағынасы: «Таңертеңнен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

 

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан

 

[1] Ибн Абидин, «Радду ал-мухтар», 6/341.

[2] Муслим, №1095.

[3] Муслим, №1096.

[4] Ахмад, №11396.

[5] «Шарх ән-Нәуауи ала Муслим», 7/206.

[6] Ибн Абидин, «Радду ал-мухтар», 6/341.

[7] Ахмад, №11086.

[8] Ибн Мәжә, №333.

[9] Асғад Мухаммад Сағид әс-Сағуржи, «әс-Сәум», 23.

[10] «Сунәну әт-Термизи», 2/104.

[11] «Сунәну әт-Термизи», 2/103.

[12] Асғад Мухаммад Сағид әс-Сағуржи, «әс-Сәум», 25.

[13] «Бақара» сүресі, 187-аят.

[14] «Бақара» сүресі, 187-аят.

[15]  Бұхари, №1954.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру